Қазіргі таңда жеке кәсібін ашқысы келетіндердің саны тек қалаларда ғана емес, шалғай елді мекендерде де арта бастады. Мұндай үрдіс Жалағашта айқын байқалады. Ауданға қарасты елді мекендерде мал фермалары, жылыжай, наубайхана, шаштараз, азық-түлік дүкені секілді шағын өндіріс орындары көптеп ашылуда. Қуантарлығы, бұл үрдіс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашып отыр. Ерекше айта кететін жайт, «Ауыл аманаты» жобасына жалағаштықтар қатты қызығушылық танытып отыр.
Былтыр 375 жоба қаржылай қолдау тапты
«Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба облыста оң нәтижесін беруде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында агробизнес өкілдері ауқымды жұмыс атқаруда.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында аймақта 2023 жылы 406 жоба, ал былтыр 375 жоба қаржыландырылып, жалпы екі жылда 1 110 жаңа жұмыс орны ашылған. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 275-ке артты. Сонымен қатар 50 өндірістік кооператив құрылып, өңдеу өнеркәсібі бағытында 158 жаңа кәсіпорын іске қосылды.
Аймақтағы «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңашыл бастамасының нәтижесінде 1000 шаршы метрден асатын ғимаратта жалпы құны 318,2 млн теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған. Сол арқылы қосымша 25 азаматқа тұрақты жұмыс орны ашылған.
56 жылыжай салынған
Жалпы аймақта 447 мың тұрғын болса, сол халықтың 53 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан жоғарыдағы тәжірибені кеңінен тарату мақсатында облыс бойынша 14 шағын орталық құру жоспарланған. Сондай-ақ 434,9 млн теңгеге 70 жобаны іске асыру көзделуде.
Ауыл шаруашылығы саласында 56 жылыжай ашылып, 2 676 бас асылтұқымды мал сатып алынды. Мал шаруашылығын дамытуда шағын несиелерді асылтұқымды төрт түлік сатып алуға бағыттау ұтымды шешім болды. Нәтижесінде шағын несиелердің 27 пайызы осы салаға бағытталды.
19 жоба қаржыландырылған
Ауданда бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Аудан әкімдігі мен «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық ауылды аралап, тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды.
Соның нәтижесі болса керек, ауыл тұрғындарында тыңнан түрен салатын бизнес жоспарлары жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, ауылда кәсіп ашу үрдісі кең етек жайды. Нақтырақ тоқталсам, бүгінде ауданда аталған жоба аясында 379,7 млн теңгені құрайтын 66 жобаны қаржыландыру жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 83,9 млн теңге болатын 19 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ 25,5 млн теңге болатын 3 жоба қаржыландыруға ұсынылған. Еске салайық, өткен жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 49 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
176 жаңа жұмыс
орны құрылды
Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында биыл агро-индустриялық жобаларға қажет мамандар даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс саны 5 308 орынға дейін ұлғайған. Мәселен, былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 972-ге жетіп, бүгінде оның 2 839-ы немесе 95,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ қаржы институттары арқылы аудан кәсіпкерлері ұсынған 325 жоба 5 млрд 132 млн теңгеге қаржыландырылып, 176 жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр 60 млн теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылып, 11 жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар былтыр желтоқсан айында 43 млн теңгені құрайтын 10 жоба комиссияда мақұлданып, қаңтар айының басында толық қаржыландырылған. Нақтырақ айтсақ, ауданда өңдеу саласын дамыту мақсатында жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен жалпы құны 300 млн теңгені құрайтын «Akniet» құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылды. Сонымен қатар «Таң ЛТД» ЖШС- ның жалпы құны 422 млн теңгеге «Өндірістік база» цехының құрылысы жүргізілуде, жақын уақытта іске қосу жоспарлануда. Цех мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен кеспе өнімдерін шығаруды қолға алмақ. Сондай-ақ өндіріс арқылы 22 жұмыс орны ашылады. Тағы да айта кететін жайт, аудан орталығынан өткен жылы кәсіпкерлердің бастамасымен құны 600 млн теңгені құрайтын 3 сауда орталығы ашылып, ел игілігіне берілді.
Ауыл әкімдері
көмектесуге дайын
Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр. Яғни ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады.
Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі. Өйткені аудан әкімі Ардақ Ибраимов тиісті сала басшыларына және ауыл әкімдеріне жобалардың уақытында әрі сапалы орындалуын, олардың нақты нәтиже беруін және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуын қамтамасыз етуді тапсырған.
Редакция тілшілері ауданға қарасты ауылдарға сапар шегіп, кішкене болса да кәсібін бастап отырған тұрғындармен сұхбаттасып, халық арасында насихаттауды біржолға қойған. Байқағанымыз, ауыл тұрғындары бұл жобаға үлкен үміт артқан. Қолынан іс келетін, дөңгелентіп отырған кәсібі бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл жобаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауылда өз кәсібін бастауға немесе шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!