Жалағаш ауданы құрылған жылдан бері ел ішінде оқу-ағарту бөлімі жұмыс істейді. Кейін аудандық білім бөлімі болып қайта құрылғаны да белгілі. Кеңес дәуірінде осы салада Н.Найманқұлов, Қ.Асауов, Ұ.Еспанов, Б.Табынбаев, т.б. азаматтар қажырлы еңбек етіпті. Ал Тәуелсіздік алған соң да білім беру ісінде жоспарлы жұмыстар өз кезегімен жүрген. Бірнеше мектеп пен балабақша бой көтерді.
Қазір ауданда 20 мектеп болса, 1 255 педагог-мұғалім уақыт талабымен қызмет етіп, білім беру көшін жаңа белестерге бастап келеді. 7 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасында. 38 мектепке дейінгі ұйымда 1900-ға жуық бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ Оқушылар үйі, «Өнер» мектебі және екі спорт мектебінде жалағаштық өрендер қосымша біліммен қамтылған.
Өткен жылы республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне Жалағаштан 106 оқушы қатысты. 22 оқушы жеңімпаз атанып, білім додасының республикалық кезеңіне жолдама алды.
– Астанада өткен олимпиадада 8 оқушымыз жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Айзат Тұрсынбек, Манас Құрақбай, Жайна Мұхан, Айғаным Әди, Құралай Төремұрат, Ернұр Арғын, Арнұр Нұрлыбекұлы сынды шәкірттеріміз жеңіске жетті. Бұл – ауыл оқушыларының терең білімі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі, ұстаздардың үздіксіз қолдауы мен қажырлы еңбегінің жемісі, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов.
Талғат Құрақбайұлының айтуынша, былтыр жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне Жалағаш ауданынан екі оқушы қатысыпты. Олар да жүлделілер қатарынан көрінген. Сондай-ақ осы олимпиада қорытындысымен Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі республикадағы «100 үздік олимпиада мектебі» рейтингісіне енді.
Жыл басында, яғни 6-8 қаңтар аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 41 оқушы қатысып, 31 оқушы жүлделі орын иеленіпті. 6 оқушы ақпан-наурыз айында өтетін олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алған.
– Педагогтер арасында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2025» байқауының облыстық кезеңінде №118 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнәр Жүнісова мен №31 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Мақпал Қосжанова бірінші орын алса, республикалық кезеңде арнайы дипломмен марапатталды. «Үздік авторлық бағдарлама – 2025» байқауының республикалық кезеңінде №201 мектеп-лицейінің логопеді Роза Әбдрахманова ІІ орын иеленді, – дейді бөлім басшысы.
Былтыр Жалағаш ауданында 450 түлек мектептен қанат қақты. Осы бітірушілердің 388-і, яғни 87,2 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысқан еді. Аймақ бойынша олардың орташа балы – 84,1 пайыз.
– ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілердің 283-і мемлекеттік білім беру гранты арқылы жоғары оқу орнына түсті. Ал түлектер арасынан «Алтын белгіні» 16 бітіруші иеленді. Әрі барлық «Алтын белгі» иегері 100-ден жоғары бал жинап, өз білімдерін дәлелдеп шықты. Оқуға түскендер арасында педагогикалық 120, медициналық 19, техникалық 60, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 41 және басқа да мамандықтармен 43 грант иегері бар, – дейді аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Жазира Жүргенова.
Оның айтуынша, аудандық білім бөлімі халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде олимпиадалар мен ғылыми жобалар және түрлі шығармашылық байқаулар мен байқауларда үздік нәтиже көрсеткені үшін облыстан «Жас ғалымдар ордасы» номинациясын иеленген.
– Республикалық деңгейде Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі «Үздік 100 олимпиадалық мектеп» құрамына енсе, әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі «Үздік ауыл мектебі» номинациясымен және осы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Азамат Тұрсынбек Сүлеймен Демирел атындағы университетінің білім грантын ұтты. Ал 10-сынып оқушысы Айзат Тұрсынбек О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне оқуға жолдама алды. №123 мектеп-лицейінің оқушысы Ақбота Жәли Қазақ Ұлттық университетінің грантын иеленді, – дейді сектор меңгерушісі.
Былтыр аудандағы цифрландыру бағытында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 200 млн теңге қаржыға 7 ауыл мен кенттегі мектептерде барлығы 21 пәндік кабинет қайта жабдықталған. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамту мақсатымен 100 пайыз бейнебақылау жүйесі орнатылған. 20 мектеп полиция бөлімімен интеграция жасалыпты. Былтыр мектепке дейінгі білім беру және қосымша білім беру ұйымдарына (Оқушылар Үйі, Өнер мектебі, «Ақтерек» сауықтыру лагері) 53 млн 592 мың теңгеге бейнекамералар қойылды. Қосымша дабыл түймесін орнатуға 6 млн 215 мың теңге қаралған. Мұның барлығы полиция бөлімінің жедел басқару жүйесіне қосылған.
– Білім беру мекемелерінің жай-күйі, күтімі басты назарда қала бермек. Өткен жылы жай жөндеу жұмыстарына 262 млн 576,8 мың теңге қаржы қаралды. Мәдениет, Аққұм ауылдары мен Жалағаш кентіндегі мектептердің сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары жүрді. Қайта жаңғырту жұмысымен аудан орталығындағы №31 мектеп-гимназиясының есік-терезесі, кафелі ауыстырылды. Сондай-ақ 5 млн теңгеге Led экран, 3 жылжымалы сенсорлық панель тақта алынды. Абаттандыру жұмысы бойынша мектеп ауласына асфальт төселді, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Ауданда «Адал азамат» біртұтас тәрбие» бағдарламасының брендингі және білім беру ұйымдарын безендіру, дизайн қалыптастыру бойынша «Брендбук» жобасымен қаржы қаралған. Аталған қаржыға Бұқарбай батыр ауылындағы №33, Еңбек ауылына №232 және кент орталығындағы №31 білім беру мекемесіне безендіру жұмыстары істелді.
Тағы бір жаңалық, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ойын алаңдары жаңғыртылған. 3 мектепке (Жалағаш кенті №31 мектеп-гимназиясы, №202 және Мырзабай ахун ауылы №122 мектебі) спорт алаңы салынды. Қосымша аудан орталығындағы №246 мектебі мен №201 мектеп-лицейінің спорттық алаңдары қайта жаңғыртылған.
Қазір Жалағашта білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды ғылымға бағыттау жұмыстары жалғасып келеді. Сондай-ақ балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, тәлімді тәрбие беру ісі күн тәртібінен түскен емес.
Ержан ҚОЖАС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!