Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 06:46

Баға бақылауда болсын

14.02.2023

216

0

Елдегі айлық табыстың ең төменгі деңгейі көтерілген сайын азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті. Қазақстандықтар табыстың артқанына қуанғанымен, азық-түлік бағасының көтерілгеніне қынжылады. Өйткені әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасының өзі қалтаға салмақ салып тұр. Тұрғындардың күнделікті тұтынып отырған басты азық-түлігі – ұн өнімдері. Ал қазір сол ұнның бағасы да шарықтаған.

Жалпы, нарық заманында, экономи­каның қарқын алған дәуірінде асы-раушы саланы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру де күн тәртібінде. Алайда халық күнделікті тұтынатын түрлі тағамдар мен көкөністер және өзге де өнімдердің бағасы кейде төмендеп, кейде күрт өсіп кетіп жатады. Сондықтан азық-түлік бағасының қолжетімсіздігі үнемі халық көтеретін үлкен мәселелердің біріне айналды. Көпшілік бас қосқан жерде де айтылатын уәж осы. Ұнның қымбаттағаны, нанның көтерілгені. Әсіресе өзімізден өндірілетін күрішті неге жоғары бағада аламыз дейді. Рас, әлеуметтің әлеуетінің түсуіне тікелей бағаның тұрақсыздығы әсер ететіні жасырын емес. Себебі қоғам ортақ болғанымен ондағы халықтың тұрмыс деңгейі әртүрлі. Кейбірінің айлық табысы көтерілгенімен, кейбірі әлі төменгі жалақымен күн көруде. Ал бағаның әлсін-әлсін өсуі соңғы топтағылардың қалтасын қағып, титықтатып тұр. Бір ғана ұнның бағасының өзі бүгінде 12 мың теңгеден асып тұр. Міне «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөздің жаны бар. Әлгіндегі біз сөз басында айтқан мәселе де бекер қозғалып отырған жоқ. Заман қымбатшылықты белшесінен басқанда оның зардабы ең әуелі қарапайым халыққа тиетіні белгілі. Ал қымбатшылықты сезінген халық қашанғы титықтасын?! Дегенмен ауданда азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, оны тұрақтандыру бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Ал сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауының негізгі себебі азық-түлік өнімдерінің басқа облыстардан қымбат бағада келуінен дейді. Мәселен, өнімдердің көбі Қостанай, Петропавл, Түркістан, Шымкенттен әкелі­нетіндіктен әлеуметтің талап-тілегіне қа­рауға мүмкіндіктері болмай тұр. Ал нан өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-дан әлеуметтік ұн алынып, ауданда орналасқан сауда орталықтарына және наубайхана иелеріне төменгі бағада беріліп отыр. Сондай-ақ «Ақниет-2» сауда орталығынан «әлеу­меттік бұрыш» ашылып, сөрелердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен сатылуда.
Ал бақша өнімдерін жалағаштықтарға қолжетімді бағада ұсынып отырған жергілікті шаруашылықтардың жұмысын да айта кету керек. Мәселен, «Ер-Әлі» ШҚ өткен жылы егінді әртараптандыру бағытында 24 гектар жерге картоп, 5 гектар жерге сәбіз, 2,5 гектар жерге қант қызылшасы дақылдарын орналастырды. 24 гектар жерге егілген картоптың әр гектарынан 150 центнерден, барлығы 3600 центнер және 5 гектар сәбіздің әр гектарынан 120 центнерден, барлығы 600 центнер, 2,5 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 160 центнерден, бар­лығы 400 центнер өнім алды. Аудан тұрғын­дарын қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында картоптың 1 кг 120 теңгеден, сәбіздің 1 кг 125 теңгеден сатуда. Қазіргі таңда аталған шаруашылықтың қоймасында 30 тоннаға жуық сәбіз, 25 тоннаға жуық картоп қоры бар. «Ер-Әлі» ШҚ өнімдері Қызылорда қаласында және ауданда өткізілген жәрмеңкелерде да тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, жәрмеңкелерде қыс қамын ерте қамдаған ағайын үшін сапалы өнімдерін ұсынған еді.
Қымбатшылық шымбайға батқанымен, ұн, май, қант секілді өнімдер қалтаға салмақ салып тұрғанымен, жергілікті шаруа­шылықтардан келетін бақша өнімдерінде тұрақтылықтың болғаны сәл де болсын көңілді демдеп тұрғаны рас. Халық үшін ең маңызды мәселенің бірі баға тұрақтылығына байланысты және сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс істелуі керек. Кәсіпкер де халыққа қызмет етіп отырғандықтан, заңға бағынуы тиіс. Үнемі сауда орындарына мониторинг жүргізіліп тұрса, бұл өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Әсіресе аудан бойынша сауда орындарына мониторинг жүргізу ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшыларының ұдайы назарында болуы керек. Ал азық-түлік бағасын өсірген кәсіп иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Бағаның тұрақтанбауы алыпсатар­лардың көбеюінен болатыны да белгілі. Дайын жерге өзіміз еңбектеніп азын-аулақ бақша өнімдерін егуге ерінеміз де, күзге қарай базар аралап, арзан өнім іздейміз. Уақытында әрі сұраныс туын­дағанда арзан өнім қайдан болсын, керісінше алыпсатарлар өз ойындағы бағасын қойып, халықтың қалтасын қа­ғып отырады. Нәтижесінде әлеуметтің күн­көрісі төмендейді, бағада тұрақсыздық болады. Әрине кәсіпкер де осы елдің азаматы болғандықтан ортақ заңға бағынуға міндетті. Бағаны ойдан қоюына, белгіленген бағадан жоғарылатуға тиісті емес.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: