Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сейсенбі, 24 желтоқсан, 18:44

Байланыс сапасы оңала ма?

19.08.2023

394

0

Соңғы уақытта елімізде байланыс сапасының көңіл көншітпейтіні жиі сөз болып жүр. Әрине, аталған салада мәселенің бары белгілі. Дегенмен 4G байланыс буыны қазір ел азаматтарының 85 пайызы үшін қолжетімді болып тұр. Ал байланыстың бесінші буыны – 5G желісін азаматтардың 15 пайызы тұтынып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және ұялы байланыс опера­торларының өкілдері елімізде ұялы байланыстың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді талқылау барысында осындай деректерді келтірді. Қазіргі уақытта байланыс опера­торларының жұмысы қосымша құрылғылар орнатуға және қазіргі жабдықтарды жаңғыртуға, сондай-ақ өңірлерде ұялы байла­нысты дамытуға бағытталған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, өңірлерде аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ салалық ведомство әкімдіктермен, ұялы операторлармен бірлесіп жол картасына қол қояды. Алдағы бес жылда 5G желісі бойынша 3 мыңнан аса базалық станса құрылуға тиіс. Бұл – 5G бойынша өткізілген аукциондардың нәтижесі.

– Биыл біз республиканың үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазіргі кезде 200-ден аса базалық станса Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қалаларда құрылған, – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.

«Beeline Қазақстанның» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин 250 және одан артық халқы бар елді мекендердің барлығында келесі жылдың соңына дейін үш ұялы байланыс операторы болатынын және клиенттер өз таңдауын жасайтынын жеткізді. «Біз 6 облыспен 250-ден аз адам тұратын елді мекен­дерге мобильді интернетті қалай тартуға болатыны туралы жол картасына қол қойдық. Бұл қиын, әрине. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар бізді жақсы ынталандырып отыр» деді ол.

Сонымен қатар ол былтыр компания тұрғындардың келіс­пеушілігіне байланысты үйлер мен ғимараттардың шатырларынан 300 базалық стансаны бөлшектеуге мәжбүр болғанын да айтты.
«Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» компаниясы былтыр аукционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орнатуға мүмкіндік алды. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашпақ. «Адамдарда трафиктің сапасына қатысты проблемалар болмас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең әлеуеттісі – 5G. Бүгінгі таңда 5G желілерін пай­далана алатын клиенттер саны шамамен 15 пайызды құ­райды. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі», дейді «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас директоры Сергей Коньков.

Өз кезегінде «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков мемлекет тарапынан рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, ал қоғам тарапынан мобильді байланысты бірінші қажеттілік құралы ре­тінде түсініп, қабылдау бойынша қолдаудың болғаны маңызды екенін атап өтті.

Телекоммуникация индустриясының өкілдері ғимараттарды жаңа инфрақұрылыммен жабдықтау қалалардың инфрақұ­ры­лымдық кодына айналуға тиіс деп санайды. «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов компанияның бүгінде 1 700 мың абонентке қызмет көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, оптикалық желіде 1 абонент секундына шамамен 3,7 ТБ тұтынады. Яғни бір клиенттің трафигі айына 300 ГБ-тан асады. Еуропада бұл көрсеткіш шамамен 270 ГБ-ты, АҚШ-та 580 ГБ-ты құрайды. Жалпы елімізде тұтыну нормалары өте жоғары. Компания жаңа желілерді, атап айтқанда, ұялы байланысты дамыту үстінде. «Жиілік сызығымен жоғары қозға­лыс, яғни миллиметрлік диапазонға көшу ұялы байланыс опе­раторларын үй-жайларға көшуге мәжбүр ететінін түсіну керек. Ал бұл ауқымды жұмыс», дейді ол.

Оның пікірінше, реттеушінің ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың күш-жігері қажет. «Олар да атсалысып, стандарттар мен нормаларды қайта қараса дұрыс болады. Тиісінше, барлық жаңа ғимарат, құрылыс жаңа инфрақұрылыммен жабдықталуға тиіс. Бұл қалалардың инфрақұрылымдық кодына айналуы ке­рек», деді Н.Мейірманов.

Вице-министр Асхат Оразбектің айтуынша, ведомство бизнес және әкімшілік ғимараттар иелерінің ұялы байланыс опера­торларына кіріп, жабдықтарды орнатуға, сондай-ақ осындай ғимараттардың ішінде сапалы байланысы бар сымсыз желілерді тартуға мүмкіндік беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуге бастамашылық жасайды.

– Мамыр айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес базалық стансаларды ор­нату үшін тұрғындардың 50 пайызы қолдауға тиіс. Бұған дейін тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет болатын. Сон­дай-ақ біз телекоммуникациялық жабдық орнату туралы шешім қабылдауды үйдің кеңесіне тапсыру бойынша қосымша түзетулер енгіздік. Бұлар Мәжілістің қарауында, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Теле­ком­муникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.

Министрлік 5G желісін сату аукционының нәтижесінде жаңа оператор пайда болуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Комитет төрағасының айтуынша, ведомствоның жалпы реттеуші ретіндегі басты мақсаты – бәсекелестік орнату және оны одан әрі дамыту. «Осыған байланысты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қазақтелекомның» ішінен екі мобильді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда инвес¬торлармен жұмыстар жалғасып жатыр» деді Е.Мейрамов.

Сонымен қатар жыл соңына дейін осы 5G желісін сату мақсатында тағы да аукцион ұйымдастыру жоспарланып отыр­ғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс операторының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты.

«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: