Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 21:24

Бала саулығының сақшысы

02.12.2023

883

0

«Әр баланың дені сау болып дүниеге келуіне ата-ана тікелей жауапты. Дені сау бала дені сау анадан туылады. Қазіргі таңда баланың мерзімінен бұрын дүниеге келуі, бір жасқа дейінгі балалар да бұлшық ет тонусының бұзылуы, мойынның қисық бітуі, дисплазия, гипоксия сынды сырқаттар белең алуда. Бұларды емдеу тәсілдерінің бірі – массаж» дейді білікті маман Жадыра Қыстаубаева.

Бүгінде бір жасқа дейінгі сәбилердің басым көпшілігіне дәрігерлер массаж алу ке­ректігін айтады. Себебі массаж – ба­ла­ның бұлшық еттерін қатайтып, қан айна­­лымын қалыпқа келтіріп, түрлі ауру­дың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ моториканы дамытып, жүйке жүйесіне жақсы әсер қалдырып, оның дұрыс да­муына да мүмкіндік береді. Баламен жұ­мыс жасауды ұнататын Ж.Қыстаубаева бұл ма­мандыққа медицина саласында оқып жүрген сәттен бері қызыққан. Бір жағынан өз баласы дисплазия диагнозымен ауы­рып, сол диагнозды толық әрі терең білу үшін осы саланы үйренемін деп шешім қа­был­даған.
– Бұл салада 6 жылдан бері қызмет етіп келемін. Арнайы білікті мамандардан балалар массажына арналған курс оқып, ау­дандық жедел жәрдем бөлімінде фель­дшер болып қызмет ете жүріп, бала­ларға массаж жасай бастадым. Қазіргі таңда тек массажбен ғана айналысамын. Себебі маған тұрақты келушілер қатары көп. Аналар маған гипоксия, жауырын жабысу, майтабан, дисплазия, қисық мойын, кіндік грижасы бойынша балаларына мас­саж алуға келеді. Дисплазия – жам­­бас сүйек ұршығының дұрыс дамы­май қалуы. Ал оны емдеу шарасына мас­саж және физиотерапия (парафин, элек­тро­фарез) емдік жаттығуы жатады. Гипоксия ауруы балаға оттегі жетіспеушілік салдарынан болады. Егер емханада дәрі­гер массаж тағайындаса, оны міндетті түр­де балаға жасау керек. Аналардың басым бөлігі массажға атүсті қарайды. Өз денсаулығымен қатар баласының саулығына да бейжай қарайтын ана­лар­ды көріп жүрмін. Ананың дені сау бол­са, бала да сау. Жас аналар жүктілікті жос­парлап, қаназдық ауруының алдын алса, бала да ешқандай ауру болмайды. Дисплазияны дер кезінде емдемесе, соңы баланың өмір бойы зардап шегуіне әкеліп соғады. Сондықтан уақытылы дәрігерлердің қабылдауына барған жөн. Алғаш ана атанғандар баланың басын оң мен солға ауыстырып отыру керектігіне де көп мән бермейді, – дейді кейіпкеріміз.
Үйінің бір бөлмесін массаж жасау ор­талығы етіп құрал-жабдықпен жа­сақ­тап қойған маманның жұмысы ты­ғыз. Ол жазда күніне 20-ға жу­ық балаға ем-дом жүр­­­гізсе, қыс мезгілінде 10-12 баланың денсаулығы үшін арнайы бекітілген уақытпен массаж жа­сайды. Жадыраға келетін ем алу­­­­шылардың ең кішкентайы 10-15 күндік нә­­­ресте болса, үлкені 8 жасар. Ауа рай­ы­ның салқын болуына байланысты ол қа­­зіргі таңда балаларға үйлеріне барып мас­саж жасайды. Ал кей аналар уақыт тап­­шылығына байланысты маманның түс­кі үзілісін де тиімді пайдалануға тырысады. Жадыра Алдабергенқызымен тіл­де­суге барғанымызда оның жұмыс үсті­нен дөп түстік. Сол сәтте Ханкелді есімді кіш­кентай ба­тырға ем жүргізіп жатыр екен. Анасының ай­туынша, баласына босан­ғанына 40 күн толғаннан бері Жады­радан ем алуға бел буған.
– Баламның шымыр әрі дені сау болуы үшін Жадырадан массаж алудамыз. Балам қырқынан шыққанша өте мазасыз, жылауық болды. Бірде Жадыра туралы көршілерімнен естіп, баламды алып келдім. Содан бері тұрақты ем алушымыз. Массаждың арқасында балам өз қатарластарынан ерте еңбектеп, тіпті ерте тәй-тәй басты десем де болады. Кейде салқын тиіп, жөтеліп тұрған кезде қақырық түсіру үшін арнайы Жадыраға келіп дренажды массаж аламыз, – дейді жас ана Зәуре Тұрсынбаева.
– Негізі массажды дені сау балаға, оны шынықтырып, ерте дамыту, нық әрі тез жүріп кету мақсатында жасайды. Алайда біз бала жаны ауырып, дәрігерлер қандай да бір диагноз қойғанда ғана қажетті маманның көмегіне жүгінеміз. Өткенде бір жас келіншек хабарласты. Айтуынша, ішінде 6 айлық баласы бар. Ол кісі маған босанбай тұрып баласының денесі шымыр болуы үшін жазылып қойғысы келетінін жеткізді. Қазіргі қоғамда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанатын осы келіншек секілді аналардың көптеп болғаны жөн. Себебі әдетте аналар баласының диагнозы бойынша қолында рентген суреті мен дәрігер нұсқамасы арқылы хабарласып, ем алуға жазылады. Арнайы тағайындалған емдік шара уақытылы жүргізіледі. Уақыты 1 немесе 3 курс болуы баланың денсаулығына байланысты. Осынша уақытта толыққанды жазылады деген арнайы қағида жоқ,– дейді білікті маман.
Жадыра Алдабергенқызы алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, арнайы орталық ашуды көздеп отыр. Айтуынша, ауданда гидромассаж дамымаған.
– Жалпы бұл емдік шараның баланың жақсы жетілуіне септігі мол. Ол адам денесіне су ағынымен массаж жасау арқылы жасалатын емдік шара десе де болады. Ги­дро­массаж су ағындары балалардың денесіне жұмсақ әрі денелерін мойыннан өкшесіне дейін уқалайды. Гидрованна қабыл­дағанда баланың бұлшық еті жақса­рады. Осының әсерінен бұлшық ет тонусы қалыпқа келеді. Сондықтан гидромассаж гипоксия, гипотонус ауруларын емдеуге және гипертонустың алдын алуда ең тиімді шешім. Одан кейін массаж жасағанда бала тыныш әрі жақсы ұйықтайды. Иммунитеті көтеріліп, мазасыздығы кетеді. Балалардың дені сау болуы үшін осы массажды қолға алып, дамыту жоспарда бар, – дейді ол.
Бала денсаулығы үшін білімін жетілдіріп, түрлі диагнозбен ауыратын балалардың сап-сау жүгіріп кетуіне септігін тигізіп жүрген маманды аудан тұрғындары «емші» деп атап кеткен.
– Әр күнде әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірде дисплазияның күрделі түрімен ауыратын баланың үйіне барғанымда алдымнан үлкен апа шығып «қош келдің, емші қызым» деді. Өзімді «емші» деп атаған апаға қарап, біраз таңырқап қалдым. Сөйтсем әлгі апа «Бірнеше баланың өшкен үмітін қайта жағып, қатарластарымен теңдей шауып, жүгіріп кетуіне көп көмегің тиіп жатыр. Сенің арқаңда шөберем ауруынан айығып, алғашқы қадамын басуда, өмір жасың ұзақ болсын» деп тілегін жаудырды. Ата-аналардың алғысы жұмысымның алға жылжуына сеп болып, еңбегімнің нәтижесін растай түседі, – дейді білікті маман.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: