Еліміздің келешегі жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы мектепке дейінгі тәрбие беру ісін жандандыруға аса мән беріп отыр. Расында, ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста жүретін бүгінгі қарбалас қоғамда балабақшаның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор. Жыл сайын мемлекеттік және жеке балабақшалардың қатары көбейіп келеді. Алайда, соған сәйкес талабы да күшейіп отыр. Өйткені балабақша – бүлдіршіндердің екінші үйі. Тәлім-тәрбиені де сол жерден алады, алғашқы білім нәрін де сол ортадан сіңіреді. Әрине бұл орайда балабақша тәрбиешілерінің арнайы біліміне, біліктілігіне, тәжірибесіне, баламен жұмыс істеу қабілетіне, шығармашылығына тіпті мінез-құлқына қойылатын талап күшейеді. Бірақ ең алдымен балабақша ғимараты бүлдіршіндердің ойлауына, ойнауына, демалуына, білім алуына қысқасы, жан-жақты толығып, жетілуіне қолайлы һәм жайлы болғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, ғимарат құрылысы жаңа үлгіде, жобаға сай салынып, материалдық базасы да толық болуы тиіс.
Мәдениет ауылындағы №8 «Балауса» бөбекжай-бақшасы осы талаптардың барлығына сай жұмыс істеп келе жатыр. Аудандық білім бөліміне қарасты бұл тәрбие ошағындағы «Балапан», «Құлыншақ», «Ботақан», «Қарлығаш», «Қызғалдақ» секілді 5 топта 90 бүлдіршін бар. Оларға 18 педагог-тәрбиеші және психолог, әдіскер, логопед, музыка жетекшісі, дене нұсқаушысы қызмет көрсетеді. Барлығы да баланың тілін білетін, көңіл-күйін қас-қабағынан ұғатын білікті, тәжірибелі мамандар.
Өткен аптада №8 «Балауса» бөбекжай-бақшасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың білім, білік дағдыларын АКТ арқылы дамыту» тақырыбында аудандық семинар-практикум өтті. Семинарды аудандық білім бөліміндегі әдістемелік кабинеттің әдіскері Бекзат Ерназарова ашып, мән-маңызына тоқталды.
– Қоғамда күн тәртібінен түспейтін бір мәселе болса, ол – ұрпақ тәрбиесі. Әсіресе мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиесі бізді қай кезде де толғандыруы тиіс. «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтылған жоқ. Баланың отбасынан кейінгі тәлім алатын ортасы – балабақша. Сондықтан біз балабақшадағы тәрбие беру ісін заман талабына сай сатылап дамытуға тиіспіз. Ол үшін бізге арнайы білімнен бөлек ұдайы ізденіс, тәжірибе керек. Бұл семинардың да мақсаты сол, – деді Бекзат Жантөреқызы.
Семинар барысында «Балауса» бөбекжай-балабақшасының дене нұсқаушысы Ермек Жақсылықұлы «Таңғы жаттығу», музыка жетекшісі Ақерке Қалатбек «Робот» биі, «Аспаптар оркестрі» және тәрбиешілер Алтынай Сүгірова «Не дәмді?», Анар Орманова «Үш торай», Айзада Сисенбаева «Тазалықтың достары», Ұлпан Рахметова «Күзгі бақша» деп аталатын көрнекті жұмыстарын көрсетті. Ал тәрбиеші Қалтай Боданова ата-анамен «Бала тәрбиесі – міндетіміз» атты тренинг жүргізді.
– Ата-ананың басты міндеті – балаға тәрбие беру. Жүйелік, функциялық өзгешелік, айырмашылықтары болмаса, балаға тәрбие беру ісінде қай ата-ана да, қай балабақша да бір ғана мақсатты көздейді, ол – баланың бойына өз кезеңімен адами құндылықтарды сіңіру. Біз де осы мақсат жолында еңбек етіп келеміз. Ертең қоғамның бір-бір бөлшегіне айналатын баланың тәрбиесі бүгін өз отбасынан, содан соң балабақшадан басталады. Сондықтан біздің әрқайсымыз тек балалар тәрбиеленетін орталықта қызмет істейміз деп емес, ұлттың ертеңгі көрешегі мен мемлекеттің келешегін қалыптастырып жатырмыз деп ұғынуымыз керек. Расында бүгінгі заман талабы бізге осындай жауапкершілік жүктеп отыр және тынымсыз еңбегіміздің нәтижесінде сол жауапкершіліктің үдесінен шығып келеміз. Ал бүгінгі өтіп жатқан семинардың біз үшін, әріптестеріміз үшін маңызы зор. Өйткені әрбір өткен семинарларда білім-білігімізді толықтырып, біз өзара тәжірибе алмасамыз, – дейді №8 «Балауса» бөбекжай-бақшасы меңгерушісі Лаура Қауқанова.
Семинар соңында бағдарлама негізінде педагогтарға аудандық білім бөлімінің сертификаты табысталып, бөбекжай әдіскері Айнұр Жұмабаева аудандық білім бөлімінің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!