Би – жанның ырғағы, әдемілік айғағы. Қазақтың би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазыналарымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тыныс-тіршілігін, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.
Өткен аптада Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Шымкент қаласының «Бағым-М» би үйірмесі жас өнерпаздардың өнерге деген құлшынысын арттырып, қазақ би әлемін дамыту және хореография мамандығына деген құрметін арттыру мақсатында «Dance art» республикалық конкурсын ұйымдастырған болатын. Аталған байқауға Түркістан, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласынан, аудан, ауылдарынан 41 би тобы қатысты. Қатысушыларға Қызылордаға танымал белгілі хореограф Гүлбану Елубайқызы мен Әсел Бекзатханқызы төрелік етті.
Бұл байқауға аудан абыройын арқалап саналуан сайыстарда бақ сынап, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыз, аудандық өнер мектебінің «Хореография» класы оқушыларынан құралған «Art-Action» би тобы қатысты. Кіл мықтылар бас қосқан байқауда заманауи биімен көпшіліктің көңілінен шығып, әділқазылардың ыстық ықыласына бөленген жалағаштық жас өрендер би сайысында бас жүлде иеленді. Мың бұралған бишілеріміз әділқазы алқаларын таңдай қақтырып, 50 мың теңге қаржылай жүлде қорын еншілеп, «Бүгінгі байқаудың фавориті Жалағаштық бишілер» деген мақтауды да естіп қайтты.
Сондай-ақ байқауда «Art-Action» би тобының жетекшісі Айбарша Бекбайқызы да халықаралық би сайысында «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталды.
Бекзат өнер саналатын би әлеміне бала күннен әуес болған Айбарша Бекбайқызы бойжеткен соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білім алып, еңбек жолын 2018 жылдан бері аудандық өнер мектебінде бастаған, талантты жас бүгінде шығармашылығын шыңдап, біршама жетістіке қол жеткізді.
– Бұл байқау әр ай сайын әр облыста ұйымдастырылып тұрады. Біз кешегі Қызылорда қаласында өткен жарысқа бірінші рет қатыссақ та оқушыларым қарсыластарынан жеңісті жұлып алды, бас жүлдені иелендік. Бұл байқауға өздеріңіз білетіндей, заманауи бимен қатыстық. Жарысқа бір апта ғана уақыт қалғанда жаңадан келген биге деген қызығушылықтары жоғары екі оқушымды қостым. Биге арнайы макет дайындадық. Топтағы Айлин оқушымның анасы сыйлық ретінде би барысында пайдаланатын кеменің макетін дайындап берді. Осы тұста ата-аналарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі олар әр сайыста үнемі менің жанымнан табылып, көмектесіп жүреді. Бұл да ата-аналардың өнерге деген құлшынысы мен құрметі деп ойлаймын. Биді шығару барысында төгілген тер мен жаңа идеялар өз жемісін беріп, оқушыларым сенімімді ақтады. Жарыста билейтін билерді 3-4 ай бойы дайындап барып шығарамын. Себебі дайындық барысында қойылған қимылдар келесі күні ұнамай қалып, жиі өзгерістер енгізуге тура келеді. Осы байқауға қатысқандар хореография класы бойынша 3 класста оқитын оқушыларым. Мен негізі би қоюмен емес, сабақ берумен айналысамын. Осы мамандықты оқушыларымның бойына толық сіңіріп шығу – менің басты міндетім. Классика, халық-сахналық, музыка сауаттылығы, ритмика, заманауи, Қазақстан хореографиясы апта сайын өткізіледі, – дейді жетекші Айбарша Үсейн.
Еңбек жолында түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келе жатқан «Art-Action» би тобының шығармашылық қоржынында «Ерке сылқым», «Хорезм», «Жастар», «Қарақшылар», «Шашу», «Қуыршақтар», «Орыс» және т.б түрлі ұлт өкілдерінің биі бар.
«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халық. «Art-Action» би тобының жетекшісі хореограф Айбарша Бекбайқызының балғын бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жас өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Себебі жетекшісі Айбарша «темірдей тәртіп жеңіске жетелейді» дейді. Ұстаздарынан алған білімімен, үйреткен ілімінің арқасында аудан намысын әрі қарай да қорғап, биік шыңдарды бағындыруды мақсат еткен «Art-Action» би тобының алар асуы алда.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!