– Асан қайғы елдің көшіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмақ бар, аты – «Жерұйық». Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төртбұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге тиісті баға беріп отырады. Ақыры Жерұйықты таба алмай, өксіп дүние кешеді. Ал аңызда Асан қайғының әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткені айтылады. Иә, Сыр өңірі халықтың тірлішілік етуіне ең қолайлы, жері шұрайлы мекен болғаны рас, қазірде солай. Сондықтан біз, әсіресе болашақ осы жердің егесі жастар табиғатымызға ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарауымыз керек, – деген ақсақал қармағын көлге лақтырып қойып, аңыз арқылы жастарға өсиетін айтты.
Иә, өткен аптада Астана күніне орай аудан ардагерлері арасында дәстүрлі балық аулау жарысы өтті. Күн ұясынан көтеріле бастағаннан-ақ қармағын асынып, ардагерлер уағдаласқан орынға жинала бастады. Өздері ғана емес немере, шөберелерін де ерте келіпті. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, балық аулау бәсекесіне барлығы қызу дайындықпен келген.
Ардагерлер арасындағы додаға аудан әкімі Асқарбек Есжанов арнайы келіп, қазыналы қарттарымызға сәттілік тілеп, өмір жолында адал қызмет еткен зейнеткерлеріміздің өңір үшін атқарған еңбегі зор екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесі ауданда өтетін маңызды іс-шаралардың барлығына қатысып келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ардагерлер арасында шахмат, дойбы тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, Қорқыт ата кесенесіне саяхаттап қайтты. Мұның өзі біздің ағаларымыз бен әкелеріміздің белсенділігін көрсетсе керек. Сондай-ақ ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттары мен ақыл-кеңестерің аямай келеді. Әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген ақсақалдарды азамат ретінде танимыз. Бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенеміз. Мен сіздердің әрдайым осылай белсенді әрекетте болғандарыңызды қалаймын, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Айта кетейік, ауданымызда қазіргі таңда 4000-ға жуық зейнеткер бар. Олар 79 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Барлығы да өздеріне қамқор болар мекемелер мен ұйымдарға бекітілген. Ауданда бастауыш ардагерлер ұйымына тартылмаған бірде бір зейнеткер жоқ. Барлық ардагерлер ұйымдарының жұмыс істеуіне, өз міндеттерін атқаруы үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Жарыс өте тартысты өтті. Балалық шақтарын еске алса керек, басында белсенділік танытпай тұрған қарттарымыз, уақыт өте қармақтарына жиі балық түсе бастады. Әрине, Сырдарияның сағасында өскен ақсақалдардың балық аулаудың қыр-сырын толық меңгергеніне ешкімнің де күмәні болмады. Сонымен сайыстың қорытындысы бойынша Аққыр ауылынан келген 79 жастағы Үсен Шандыбаев есімді қария жүлделі бірінші орынды иеленді.
– Судың жағасында есейгесін болар, балық аулау таңсық іс емес. Шыны керек, ес білгелі қармақ салу ең жақсы көретін ісім. Бұрын бұл өңірдің суында балықтан көп нәрсе жоқ еді. Тұтас бір өңірді асырайтын жағдайда болатын. Қазір дариядан су тартылғалы, балық та қашты. Десе де қазірдің өзінде ауыл маңындағы каналдардан балық аулап тұрамын. Әрине, балық аулаудың денсаулығыма пайдасы зор. Соның арқасында аяғым ауырмайды, денсаулығым жақсы, – деді Үсен ақсақал.
Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Бұл – атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Сол дәстүрдің аясында бастау алған балықшылар сайысы ардагерлердің батасымен басталып, түрлі марапатпен қорытындыланды. Шара соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев балық аулауға қатысқан барлық ардагерлерге алғыс білдірді.
Иә, балық аулау сайысы тек жарыс ретінде емес, ардагерлеріміздің өскелең ұрпақ алдындағы бірлігі дара жолын көрсетер тағылымды шара ретінде маңызы зор.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!