Егін саласын жыл сайын толағай табыспен қорытындылайтын аграрлық аудан биыл да межелі жерге егін орналастырды. Аяқ судың қат екенін ескерген шаруалар биыл өткен жылдарға қарағанда бақша өнімдеріне, жалпы суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берген. Қазірдің өзінде бақша салған ауылдағы ағайын қауын-қарбызды сабағынан үзіп жатыр. Аймақ басшысының тапсырмасы аясында тұрғындарға бақшалық жер ашып беру де жоспарға сай орындалды.
Биыл 37052 гектарға егiн орналастыру жоспарланған болатын. Ерте көктемнен бастап жоспар артығымен орындалып, 37079 гектарға егін толық орналастырылған. Көктемгі егін орналастыру жұмыстарына бүгінге дейін 75 шаруашылық операторлармен келісім-шартқа отырып, 1 850 тонна дизель жанармайын алған. 2 666 тонна дизель бөлуге сұраныс берілген болатын, қазіргі таңда оның 69,4 пайызы жеткізілді.
Иә, жыл сайын аяқ су мәселесі шаруаларды қос бүйірден қысып барады. Мамандар оның жыл сайын күрделенбесе, артық су келмейтінін айтып, дабыл қағып жатыр. Олардың шаруаларға берер жалғыз кеңесі бар, ол – күріш көлемін қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру. Кешеге дейін ауданға жоспар бойынша секундына 96,57 текше метр су келуі тиіс болса, нақты келген судың көлемі секундына 92,07 текше метрді құрап отыр.
Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғысын егінді суаруға пайдалануда, оның ішінде 12 насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілсе, 28 насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына сатып алған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалған. Су жарамай қалған егіс алқаптарының 96 гектары Мақпалкөл ауылдық округінде орналасса, Бұқарбай батыр ауылында 83 гектар алқапқа су бармаған.
Бөлім қызметкерлері биыл егілген 19800 гектар күріштің 14 320 гектары, яғни 72,3 пайызы жақсы жағдайда екенін айтады. Ал 4 550 гектары қанағаттанарлық жағдайда болса, биыл егілген Сыр салысының 4,7 пайызы нашар жағдайда деп танылған.
Биыл 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Бүгінде оның 6 750 гектарының бірінші орымы аяқталды. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер өнім алынып, барлығы 14 985 тонна мал азығы жиналған.
Облыстық ауыл шараушылығы мен жер қатынастары басқармасы мен «Казсушар» өндірістік учаскелері өкілдерінен құрылған жұмысшы топ ауданда 7 443 гектар суармалы жерде дақылдарды кезектестіру тәртібі бұзылғанын анықтаған. Бұл жерде күріш дақылының көлемі артық егілмеген. Нақты айтқанда, су тапшылығы жағдайы ескеріліп, күріш егуге кезегі келген 1 400 гектар егістік жерге ескі жоңышқа дақылы қалдырылған, 1 420 гектар жаңа жоңышқаның орнына күріш, 1 420 гектар күріш алқабының орнына жаңа жонышқа орналастырылған. Сонымен қатар аудандағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң ауылдық округтерінде «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңінің құрылыс жұмыстарын жаз айларында жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасу тәртібі өзгерген шаруашылықтар бар.
Тиісті сала мамандары аудандағы суармалы жерде дақылдарды орналастыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге дейін 1 346 гектар күріш артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталған. Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданыпты.
Күзгі егін жинау жұмыстарына GosAgro.kz порталы арқылы аудан шаруашылықтары тарапынан 1 475 тонна жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Жоспар бойынша 2 234 тонна дизель жанармайына сұраныс берілуі тиіс болатын. Жоспар 66 пайызға орындалып отыр. Мамандар қазіргі уақытта бөлініп шыққан шаруашылықтар құжаттарының дайын болмауынан GosAgro.kz порталы арқылы өтінім беру мүмкін болмай отырғанын айтады.
Ауданда жеке тұрғындар тарапынан 500 гектар жер дайындау жоспарланған болатын. Бүгінге дейін жоспар 100 пайызға орындалып, тиісті жерлер барлық елді мекенде ашылды. Қазіргі таңда 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!