Әдеттегідей жұмыс бабымен аудандық ауруханаға табан тіредік. Бұл жолы бағытымыз мұндағы ана мен бала саулығы үшін күресетін перзентхана бөліміне түсті. Бізді акушер-гинеколог Назерке Сүлейменова күтіп алып, бөлімді аралай жүріп, тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Дәрігер Назеркенің айтуынша, мұнда босану бөлімі, босанудан кейінгі бөлім, патология және гинекология бөлімі бар. Сондай-ақ 22 төсек орын тағы бар. Оның ішінде 7-еуі туу төсек орны, 4-еуі патология бөлімі, 8-і гинекология, 3-еуі нәрестелер реанимациясы және 5 күндізгі стоционар төсек орын бар. Аптасына шамамен 10 әйел перзентана бөліміне жеткізіледі. Ал жылына 500-ге жуық бала өмірге келетін бөлімде 2 акушер-гинеколог пен 1 жаңа туған нәрестеге қарайтын дәрігер, 1 аға мейірбике, 5 акушер мен 10 мейірбике және 10 кіші аяжан қызмет етеді. Акушер-гинеколог дәрігердің айтуынша, былтыр 407 бала дүниеге келген. Оның 1-еуі егіз және 183-і қыз бала болса, 224-і – ұл бала. Сондай-ақ 53 ана кесір тілігі арқылы босанған. Ал жыл басынан бері мұнда 75 бала дүниеге келген. Оның 25-і – қыз, 50-і – ұл бала.
– Жалпы қазір бөлімде 12 науқас жатыр. Оның 3-еуі – кеше ғана босанған ана. Ал 1-еуі патология бөлімінде ерте босану қаупі диагнозымен ем алып жатыр. 8-і гинекология бөлімінде ем алуда, – дейді акушер-гинеколог.
Перзентхананың тынысымен танысып жүріп, іңгәлаған сәбидің дауысын естідік. Дәрігермен бірге біз де жас ана жатқан палатаға қарай бағыт алып, жаңа туған нәрестемен танысуды жөн көрдік. Жас ана Айымгүл Ераливеаның айтуынша, бұл – оның 4-ші перзенті. Бұған дейін үш батыр баланың анасы атанған Айымгүл кеше ғана қыз баланы өмірге әкеліп, отбасы нәрестенің есімін Томирис деп қойған.
– Шыны керек, толғағым жеңіл өтті. Кешкі сағат 6-ларда бөлімге келіп, түнгі 2-де баламды аман-есен бауырыма бастым. Мұндағы алтынқолды дәрігерлер мен мейірбикелерге, тазалықшы апайларға алғысым шексіз. Аллаға шүкір, өзімнің де, қызымның да дені сау. Салмағы – 3 келі 630 грамм, бойы – 51 см, – дейді жас ана.
Әр ана үшін құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп күткен сәбиін аман-есен босанып, бауырына басқаннан асқан қуаныш жоқ. Томирис есімді қызды дүниеге әкеліп, тәп-тәтті иісін құмарлана иіскеп отырған анаға «балаңыздың бауы берік болсын» деп ақ тілегімізді жаудырып, кішкентай Томиристі алғашқы мерекесімен құттықтап шықтық.
Жалпы екі адамның өміріне бірдей жауапты болу оңай жұмыс емес. Аналардың қуанышын еселеп, ауыртпалығын бірге көтеріп жүрген Назерке Уәлиханқызы бұл бөлімге жұмысқа былтыр ғана келсе де, 200-ге жуық нәрестенің кіндік шешесі атанып үлгерген.
Адамға өмір сыйлайтын құтты мекендегі мамандардың қажырлы еңбегі ерен. Акушер-гинеколог Назерке қызмет бабында кездескен қиыншылықтар мамандарды кәсіби шыңдай түсетінін айтады. Аналарға қуаныш сыйлау арқылы бөлімге сәт сайын түскен түрлі тағдыр иелерімен бетпе-бет келетін ол «бірде қуансақ, бірде мұңаятын сәттеріміз де жоқ емес» дейді. Себебі акушерлік жұмыстың қиындығы көп. Әр минут санаулы әрі бағалы. Олар қабырғада ілулі тұрған сағатқа қарап, жұмыс уақыты аяқталды деп науқастарды қараусыз қалдырып кетпейді. Тіпті мереке күндері де кезекшілікпен олардың жағдайын үнемі жіті бақылауда ұстайды.
– Былтыр жаз мезгілінде бөлімде 1 науқас жүктіліктің 30 аптасында жатып ем алды. Бала жолдасының уақытынан бұрын ажырауы диагнозы бойынша науқастан қан кету салдарынан оған ота жасайтын болып шештік. Науқасты бұндай жағдайда қалаға ауыстыра алмаймыз. Сондықтан санавиация желісі арқылы облыстағы әріптестерімізбен бірлесіп, осындағы білікті мамандар бар, барлығымз бірге баланы да, ананы да аман алып қалдық. Анасы осы жақта толық ем алды, ал баланы қалаға «Ана мен бала» орталығына ауыстырдық. Кейін ана мен бала бір-бірімен қауышып, екеуінің де жағдайы бірқалыпқа түсті, – дейді дәрігер.
Осы ретте акушер-гинеколог мұндай жағдай орын алмас үшін жүкті аналарға үнемі уақытылы дәрігердің қабылдауына барып, қаназдық, қанқысымы сияқты аурулармен алдын ала күресуді қаперге салды. Сондай-ақ қажетті дәрі-витаминдерді қабылдап, құнарлы ас ішуді де ұмытпауды ескертті. Оның айтуынша, перзентхана бөлімінде соңғы жылдары ана мен бала өлімі тіркелмеген. Әрине, мұндай еселі еңбек – ұйымшыл ұжымның жемісті жұмысының нәтижесі.
Қауырт жұмыс арасынан бізбен сұхбаттасуға уақыт тапқан абзал жанға алғыс айтып, мереке қарсаңында дүние есігін ашатын сәбилердің аман-есен анасымен қауышуына тілек білдірдік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!