Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп оқу-білімге үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім. Білікті, білімді, ұлағатты ұстаз атану, осы қасиетті ұғымды қастерлеп, қадір тұту, арындай таза ұстау әр мұғалімнің борышы деп білеміз. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуінде. Білім берудегі педагогикалық ұстанымның негізгі мәні – оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Оқушыны жан-жақты дамыту баланың жан дүниесін, рухани өсуін, қабілеті мен дарынының өрістеуі, парасатты ой мен адамгершілік көзқарасының қалыптасуы деген сөз.
Жанар Шілдебаева – Аққұм ауылындағы А.Бисенов атындағы №38 орта мектептегі үздік педагогтардың бірі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. Өз мамандығын сүйетін, әр оқушының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өзі де үнемі ізденіс, даму үстінде жүретін жанның басты мақсаты – білімді ұрпақ қалыптастыру. Кейіпкерімізбен тілдескенде өзі айтқандай мамандығына деген ерекше ықыласын, сүйіспеншілігін байқадық.
Ол жаңашыл ұстаз ретінде заман ағымына сай шәкірттерін жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, терең біліммен қаруланған тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Ұстаздың саладағы жетістіктері де аз емес. Еңбек жолында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ «Мәртебелі ұстаз – ел мерейінде» облыс әкімінің 833 400 теңге көлемінде қаржылай сыйақысын жеңіп алған. Облыстық «Үздік қысқа мерзімді жоспар – 2023» байқауында жүлделі 1 орынды, «Үздік қоғамдық – гуманитарлық бағыттағы пәндердің бірлестік жетекшісі – 2022» облыстық байқауының аудандық кезеңінде 2 орынды, «Үздік авторлық бағдарлама – 2023» байқауында 2 орынды, «Білім» педагогикалық шығармашылық орталығы және «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығы ұйымдастырған «Шығармашыл педагог – 2022» ІІ республикалық олимпиадаға қатысып, І дәрежелі дипломды иеленген.
Мұнан бөлек жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында өткен облыстық «А.Байтұрсынов оқулары» байқауында 9 сынып оқушысы Гүлзира Шәкір 1 орын, облыстық байқауда алғыс хатпен марапатталса, жалпы білім беретін мектептердің 5-6 сынып оқушылары арасында өткен пәндік олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 6 сынып оқушысы Инабат Абайқызы 2 орынды, жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде «Білгірлер бәйгесі» бөлімі бойынша оқушысы Гүлзира Шәкір II орынды, жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен республикалық «Болашақ» зияткерлік байқауында 9 сынып оқушылары Думан Жандосұлы, Жасмин Еркенова, Динара Дастан, 6 сынып оқушылары Абайқызы Инабат, Ібанқызы Жасмин І орынмен марапатталды.
– Мен бүгінгі таңда білім беру саласында 28 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс, өйткені сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап жаға білу – менің ұстаздық парызым. Сыныптағы балалардың бірі зерек те алғыр, бірі енжар, бірі баяу, бірі тым пысық. Ал менің бәріне беретін білімімнің мазмұны мен қоятын талабым бірдей де, олардың мұны қабылдауы түрліше, – деген Жанар Төлешбайқызы осы салаға келгеніне еш өкінбейтінін, керісінше еліміздің келешек азаматтарын тәрбиелеу зор мақтаныш екенін айтады.
Расымен қазақ тілі мен әдебиеті – баланың жүрегіне бойлай еніп, оның рухани өрісін болжай алатын пән. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы мақсат – бала қиялын қияға өрлетер ғажайып ертегілер, шыншыл да сыншыл аңыз-әңгімелер, ерлікті дәріптеген батырлар жыры, шынайы махаббатты мұрат еткен әсерлі ғашықтық жырлар, өткір де өміршең шешендік сөздер арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын бойына сіңірген, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын жас жеткіншекті тәрбиелеу.
Әрине жастар әдеби шығармаларды оқу арқылы халқының арманы мен қиялын, өткені мен бүгінгі өмірін таниды. Сүйікті кейіпкерлер арасындағы достық пен сүйіспеншіліктен, патриоттығы мен еңбеккорлығынан, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алып, жақсысына жаны сүйсініп, жаманынан жиреніп, өзінше ой түйіп, жан-жақты ізденеді. Ал біз әңгімемізге арқау еткен үздік мұғалімнің шынайы жүрегінен шыққан тәлімді сөздері мен жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінген ұстаздық болмысына қайран қалып, еріксіз бас идік.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!