Төле бала жасы жүзге келген Әнет бабаға барғанда ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» деп сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырыпты.
– Балам, мынаны сындырып көрші…
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы…
Бала ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Сонда Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Зейінді Төле: – Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой, – дейді.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті
Түсіне білген адамға ақсақал мен баланың диалогында қаншама мағына жатыр. Расында бірлік болмай, тірлік алға баспайтыны айтпаса да түсінікті. Тәуелсіз мемлекетіміздің де іргесінің нық болуы сол ауызбіршілікте жатыр.
Қазақ тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанға дейін талай нәубетті осы ынтымақтың арқасында еңсергені тарихтан белгілі. Одан бері де елде небір қиын кезеңдер болды, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау жылдар қазір артта қалды. Бірақ сол уақытты еліміз жай жүріп өткен жоқ. Бірлікке берік болмай, бақ өздігінен келіп қонбайтынын еңбекқор халық тағы да түсінді, соған сай әрекет етті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ бірлігінің арқасында талай белестен өтті. Сол ынтымақ ел ішінде әлі де сақталса, егемен елдің ертеңі жарық болары анық.
Кеше көшеде жасы алпысқа таяған қос кісінің әңгімесін құлағым шалды. Зерде қойсаң, екеуі де қазаққа қапалы, артынан 10 минуттай болды, еріп келемін. Әңгімесі «қазақтың жауы – қазақ» дегеннен әріге бармады. Сөзін дәйекпен сөйлеуі үшін сол тұста қастарында тұрғандай, қазақ зиялыларының тең жартысын «сатқын» қылды. Серігі оны қолпаштағандай, 2-3 ғасырдан әріге кетті. Әр жерден естіп алған алып-қашпа сөздерін тарихқа теліп сөйлейтіні несі екен? Мені осы сауал мазалап келеді.
Олардың аузын тияр түрі жоқ. Алдымдағы дүкенге кері бұрылып, екі көше айналып бардым. Қысқасы, дүкенге дейін енді 50 қадам жүрсем, кейлігетінім өзіме көрініп тұр.
Екі көше әрі жай жүргенім жоқ, ой үстінде келемін. Жаңағы қос азамат тізімін жасаған қазақ зиялыларының кейінгі буынға, жалпы қазақ руханиятына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі ұшантеңіз. Ал бұлар осы уақытқа дейін не бітірді екен? «Қазақта ауызбіршілік жоқ» дейді. Құдай-ау, өздері де қазқ, әңгімесі алауыздықтан әріге бармайтындарға елдің бірлігін көре алатындай көз берсеңші.
Былтыр ауданның абыз ақсақалы Кенжеғара Сүлейменовпен сұхбаттасқанымда қарияның «қаңтар қырғынынан сабақ алуымыз керек» дегені бар еді. Расында, бізге өткенге бір сәт көз жүгіртіп, алдағы уақытта сол қателіктерге бой алдырмауға әрекет ету керек. Кенжекең «қаншама ғимарат қирады, қаншама дүкен тоналды, қаншама адам шығыны болды, түптеп келгенде соның кесірі өзімізге тиді ғой, бізге бірлік керек, онсыз тәуелсіздік деген шексіз байлықты ұстап тұру да қиынның қиыны» деген.
Рас қой, бірлігің болмаса, қай жоғыңды түгелдейсің, қандай мақсатқа жетпексің? Осы сауалдардың да астарына терең бойламай, ынтымақтың қадіріне жету де ақсақал айтқандай, қиынның қиыны. Шындығында, әлгіндей азаматтардың аузына келгенін айтып еркін жүруі елдің ымырамен жеткен егемендігінің арқасы емес пе?!
Шығыста орман өртке оранды, Арыста жарылыс болды, батыс аймақтарды қуаңшылық жайлады, кеше тасқын су елді әбігерге салды. Осындай сындарлы сәтте елдің бірлігі көрінді. Ішімізден сондағы халықтың, атақоныстың амандығын тіледік, ел болып көмек бердік. Осындай көрген көз сүйсінетін ауызбіршілігіміз, ынтымағымыз бұзылмасын.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!