Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 02 мамыр, 08:34

Бишімбаевтың отбасы туыстарымен соттасып жатыр

30.04.2025

149

0

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өздерінің туыстары, яғни Қайрат пен Бекзат Кемеловтарды сотқа берген. Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптап отыр. Бұл туралы Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл қаңтарда YouTube арналардың бірінде Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өзінің туысы Бекзат Кемеловаға қарсы талап арыз бергені туралы ақпарат тарады. Мәліметке сүйенсек, Кемелова миллион долларды алдап алып, қайтарудан бас тартқан-мыс. Алайда Бекзаттың жұбайы, сот-медицина сарапшысы Қайрат Кемелов Бишімбаевтың анасы осындай тәсілмен Салтанат Нүкенованың ісінде сараптама нәтижелеріне ықпал етуден бас тартқандары үшін өздерінен кек алып жатқанын айтты.

Мән-жайды адвокат Ерлан Ғазымжанов түсіндірді.

«Бишімбаевтың ата-анасы қазір туысы Қайрат Кемеловпен соттасып жатыр. Тергеу кезінде олар бұл отбасы қиын жағдайда болғанын пайдаланған. Қуандық Бишімбаевты 2023 жылғы қарашада ұстаған кезде Бекзат Кемелова оның ата-анасының үйіне қолдау білдіретін жақын адам ретінде жиі келгіштеп кеткен. Кейін БАҚ-та Салтанат Нүкенованың әкесі ашық хат жазып, Бишімбаевтар отбасы мүлкін қаншалық заңды иемденгенін тексеруді сұрағаны туралы ақпарат пайда болды. Бекзат осы мүмкіндікті пайдаланған», – деді Ғазымжанов.

Адвокаттың айтуынша, Кемелова Бишімбаевтың анасын «Антикорда жұмыс істейтін туысым бар» деп қорқытқан, «ол Бишімбаевтардың мүлкі туралы іс қозғалғанын және жақын арада тінту жүргізілетінін біледі» деген.

«Осылайша Кемелова оларды былай деп көндірген: «үйіңізде қандай да бір қымбат заттар болса, бізге сақтауға бере тұрыңыз. Тінту аяқталған кезде оны қайтарамыз». Осындай сылтаумен ол барлық қолма-қол ақшаны алған. Бұл – шамамен 990 мың доллар», – деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, сот Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарған кезде оның анасы ақшаны қайтаруды сұраған, бірақ ала алмаған. Біраз уақыттан кейін Бишімбаевтың ата-анасы Бекзат Кемелованың үйіне іздеп барған, бірақ ол жерде басқа туыстары тұрып жатқан. Сол кезде Кемелова мен оның жұбайы Астананың сол жағалауынан екі жаңа пәтер сатып алғаны белгілі болған.

«Бишімбаевтың ата-анасы ол жаққа барып, ақшаны қашан қайтаратынын сұрай бастаған. Бекзат: «Ақшаны енді көрмейсіздер. Оны сақтауға алған адамдар беруден бас тартып отыр» деген», – деп түсіндірді Ғазымжанов.

Адвокаттың айтуынша, сол күні, яғни 2024 жылы 2 қазанда Бишімбаевтың ата-анасы арыз жазып, қылмыстық іс қозғалған. Дәлел жинау басталған, 2025 жылы қаңтарда Бекзат Кемелова ұсталып, қамауға алынған. Ғазымжановтың сөзінше, оның жұбайы мен қорғаушысы жұрт алдына шығып, Бишімбаевтар отбасын істі ойдан шығарды деп айыптаған.

Ғазымжановтың айтуынша, Бишімбаевтың ата-анасы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бойынша сотқа шағым түсірген.

«Сот процесі жүріп жатыр. Бүгін тағы бір сот өтуі керек еді, бірақ ол шегерілді», – деді қорғаушы.

Сондай-ақ, Ғазымжановтың айтуынша, Бишімбаевтардың туысы Кемеловаға қатысты бұлтартпау шарасы өзгерген, бүгінде ол үй қамақта.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқаны хабарланды. Кейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов Назым Қаһарманның осы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: