Ғасырға жуық тарихы бар, ауданның айнасы іспеттес «Жалағаш жаршысы» газеті талай белестен өтіп, көп асуларды бағындырды. Тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын басылым әр кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықтың көкейіндегі түйінді мәселелерді көтерді. Әр жылдары еңбек еткен журналистер қауымы елдің қуанышын да, мұң-мұқтажын да қаламына арқау етсе, баспаханада газет беттеп, әріп терген қызметкерлердің еңбегі ерен еді. Ол кісілер қазір бейнеттерінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер, сала ардагерлері. Осындай жандардың бірі, ардагеріміз Жақсыгүл Тәшенова апамыз да 1966 жылдан бастап осы редакцияда газет беттеуші болып қызмет атқарған. Талай жыл төл басылымның отымен кіріп, күлімен шыққан ардагер апамыз сол кездердің қиындығын да, қызықты сәттерін де жадынан өшірген емес.
Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейінгі нарық қиыншылығы газеттің уақытылы шығуы мен таралымына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Сол жылдары жекешелендіру кезінде қаржының тапшылығынан бірқатар мекемелер жабылып, жұмыстарын тоқтатты. Аудан шаруашылықтарының көпшілігі таратылып, кіші шаруа қожалықтарға бөлініп кетті. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері мен зейнеткерлер жалақылары мен зейнетақыларын бірнеше айлап ала алмауына байланысты газеттің таралымы да күрт азайды. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газет 1991 жылдың сәуір айынан бастап екі рет, 1992 жылдан бастап бір рет шығатын болды. Амал жоқ, аудандық газеттің жазылу қаржысын аудан шаруашылықтарынан ұн, күріш, шөп, мал алу арқылы азық-түлік түрлерімен есептесуіне тура келді. Соның салдарынан редакция мен баспахана ұжымы айлық жалақысын ала алмай алты айға, бір жылға азық-түлікпен есептесуге мәжбүр болған екен. Жағдайлары болмаған соң кей журналистер облыс, республикаға да жұмыс іздеп кеткен екен сол тұстары.
– Иә, қаржының жоқтығынан, қағаздың тапшылығынан баспаханада газет басып шығару да қиынға соқты. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетімізді бір рет шығаруға тура келді. Оның үстіне жылу қазандығы ажыратылып, қыста баспахана цехтарында қолмен әріп теріп, газет басып шығару оңайға соқпады. Сол кездегі уақытпен санаспай жұмыс істеген баспахана қызметкерлерінің еңбектері нағыз ерлікпен пара-пар еді. Ол тұста материалдар баспаханада теріліп, қолмен беттеліп, баспа машинасы арқылы басылып шығатын. Газеттің уақытылы жарық көріп, оқырмандарына жетуіне баспахана қызметкерлері де қомақты үлестерін қосты. Баспаханада әріп теруші мен газет басушының жұмыстары өте жауапты болды. Әріп терушілерге газет материалдарын макетке сай бекіту, қателерді түзету, қосымша тапсырыс бланкаларын жасап дайындау оңай болған жоқ. Ал баспа машинисіне жүктелген газет пен тапсырыс бланкаларын басып шығару және оларға қағаз қиып дайындау, теру машинасына металл ерітіп құю секілді жұмыс түрлері көп еді.
Сол тұста әріптестерім әріп терушілер Сайлаукүл Тәжікенова, Дәмеш Ахметова, Рая Кенжебаева, Тазагүл Ахметова, Злиха Сейтенова, Алтын Ізтілеуовалар мен баспа машинистері Жұмабек Уақбаев, Күләйша Нақыпова, Еркін Жұмабековтер ыждағаттылықпен жұмыс істеп ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сондай-ақ теру машинасында жұмыс істеген Гүлстан Пірманова, Қоғажай Ерғалиева, Маржан Баймаханова, Бақыткүл Тәшкенбаева, Ақмарал Нұрғалиевалар газет материалдарын дер кезінде теріп беріп, тыңғылықты жұмыс атқарды. Кей күндері жарық сөніп қалып, әріп теру, қате жөндеу жұмыстары май шаммен атқарылатын. Сондайда редакция мен баспахана қызметкерлері түні бойы көз ілмей, газет шығарып, таң бозара үйлеріне қайтатын кездерін қалайша ұмытарсың. Соған қарамастан газет кешіктірілмей оқырманға жетіп, қауышып жатушы еді, – деген ардагеріміз таң алдында жұмыстан шығып үйге барып, таңертеңгі шайымызды ішіп, сағат 9.00-де жұмысқа келіп міндетімізді атқарушы едік-ау деп еске алды сол күндерін.
«Жалағаш жаршысында» ұзақ жыл қызмет еткен қарымды қаламгер, газеттің байырғы редакторы, кейіпкеріміз жақсыгүл Тәшенованың өмірлік серігі Тұрсынбай Тәшенов. Еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан бастаған ол беріде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметін де аса жауапкершілікпен, абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Тұрсынбай ағай шығармашылықтан қол үзбеді, қаламын қолынан тастамады. Сол кездегі тарихты, ауданның шежіресін, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан қаламгер өмірінің соңына дейін тынбай талай мақала жазды, еңбектері жарық көрді. Ол кісі сол өзі жұмысқа орналасқан жылдардан бастап газеттің әр нөмірін сақтауды әдетке айналдырыпты. 1966 жылдан бергі газет архиві бүгінде Тұрсынбай ағайдың шаңырағында сақтаулы тұр. Бұған дейін Тұрсынбай Тәшеновтің шаңырағына сәлем беріп барғанымызда ол кісінің қолжазбаларымен танысып, сақтаулы тұрған газет тігінділерін көрген едік. Ол кісінің өмірлік серігі Жақсыгүл Тәшенова әр жылдардың газет тігінділерін рет-ретімен сөреден алып көрсетті. Нөмірімен, аса ұқыпталып жинақталған тігінділер әр кезеңдегі, әр жылдардағы ауданның тарихынан, шежіресінен сыр шертіп тұрды.
– Мен сол 1966 жылдан бастап газетте жұмыс жасадым. Баспаханада газет беттеуші болдым. Ол кездерде газет ауданнан басылып шығатын еді ғой, өзімізде баспахана болатын. Газет аптасына үш рет жарық көретін. Біз үшін ең ауырлау күн сол дүйсенбі күні еді. Кезекшілік аптасына екі рет келетін. Газет шыққан күні таң атқанша жүретінбіз. Сонда жас болғасын ба, әлде жауапкершілік жүгінің ауыр екенін жүрекпен сезіндік пе, әйтеуір жұмыстың ауырлығын сезсек те, жүре беретінбіз. Қазіргі ардагер апаларың біздер ол кезде жас едік. Олар қара маймен біртіндеп, ленотипте әріп теретін. Жұмыс болғасын әртүрлі жағдай болады ғой. Қуаныш та, қиындық та, қызық сәттер де. Ленотиппен әріп теріп болған соң, баспа мәшинесінің тетігін бекітуді ұмытып кетіп, бірнеше рет дайын болған газет шашылып қалған кездер болған. Қазіргідей жаңа технологиялар жоқ қой. Сөйтіп жүріп 1992 жылы осы редакциядан зейнетке шықтым. Тұрсекең де осы газетте ұзақ жылдар еңбек етті. Көзі тірісінде осы газет тігінділерін жинау-ды бастаған еді. Ретімен, ұқыптап жинақтап жүретін. «Мұнда қаншама тарих жатыр ғой» дейтін. Ол кісі зейнетке шықса да қаламын тас¬тамады. Жата-жастанып жазатын да жататын. Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Өмірден өткеніне жыл толғанда «Сырда өскен шынар» атты кітабы оқырман қолына тиді. Ол кісінің көзінің қарашығындай көрген газеттерін әрі қарай да сақтау менің міндетім, – деген ардагер Жақсыгүл апамыз баспаханадағы өткен жылдарын өміріндегі орны бөлек кезең екенін айтты.
Иә, 1993 жылы 1 сәуірде «Жаңадария» атауынан «Жалағаш жаршысы» атауына ауысқан газет бүгінгі күні аптасына екі рет жарыққа шығып келеді. Ауданның айнасы, жергілікті басылымның тарихы туралы сөз қозғасақ, бүгін айтып тауысу мүмкін емес. Әр жылдары басшылық жасаған редакторлар, әр кезеңдегі журналистердің өзі бір төбе. Ғасырға жуық тарихы бар басылым әлі күнге дейін маңызды мәселелерді көтеріп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола алды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!