Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Дүйсенбі, 13 мамыр, 22:51

Бұл газеттің жолы да, жөні де бөлек

27.06.2023

307

0

Ғасырға жуық тарихы бар, ауданның айнасы іспеттес «Жалағаш жаршысы» газеті талай белестен өтіп, көп асуларды бағындырды. Тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын басылым әр кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықтың көкейіндегі түйінді мәселелерді көтерді. Әр жылдары еңбек еткен журналистер қауымы елдің қуанышын да, мұң-мұқтажын да қаламына арқау етсе, баспаханада газет беттеп, әріп терген қызметкерлердің еңбегі ерен еді. Ол кісілер қазір бейнеттерінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер, сала ардагерлері. Осындай жандардың бірі, ардагеріміз Жақсыгүл Тәшенова апамыз да 1966 жылдан бастап осы редакцияда газет беттеуші болып қызмет атқарған. Талай жыл төл басылымның отымен кіріп, күлімен шыққан ардагер апамыз сол кездердің қиындығын да, қызықты сәттерін де жадынан өшірген емес.

Еліміз егемендік алған тоқса­ныншы жылдардан кейінгі нарық қиын­шылығы газеттің уақытылы шы­ғуы мен таралымына кері әсерін ти­гізбей қойған жоқ. Сол жылдары жеке­шелендіру кезінде қаржының тапшылығынан бірқатар мекемелер жабылып, жұмыстарын тоқтатты. Аудан шаруашылықтарының көп­шілігі таратылып, кіші шаруа қожа­лық­тарға бөлініп кетті. Бюджеттік меке­мелердің қызметкерлері мен зейнет­керлер жалақылары мен зей­нет­ақыларын бірнеше айлап ала ал­мауына байланысты газеттің тара­лымы да күрт азайды. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газет 1991 жылдың сәуір айынан бастап екі рет, 1992 жылдан бастап бір рет шығатын болды. Амал жоқ, аудандық газеттің жазылу қаржысын аудан ша­руашылықтарынан ұн, күріш, шөп, мал алу арқылы азық-түлік түр­ле­рімен есептесуіне тура келді. Со­ның салдарынан редакция мен бас­пахана ұжымы айлық жалақысын ала алмай алты айға, бір жылға азық-түлікпен есептесуге мәжбүр болған екен. Жағдайлары болмаған соң кей журналистер облыс, республикаға да жұмыс іздеп кеткен екен сол тұстары.
– Иә, қаржының жоқтығынан, қағаз­дың тапшылығынан баспаханада га­зет басып шығару да қиынға соқты. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетімізді бір рет шығаруға тура келді. Оның үстіне жылу қазандығы ажыратылып, қыста баспахана цех­тарында қолмен әріп теріп, газет басып шығару оңайға соқпады. Сол кездегі уақытпен санаспай жұмыс істеген баспахана қызметкерлерінің ең­бектері нағыз ерлікпен пара-пар еді. Ол тұста материалдар баспа­ханада теріліп, қолмен беттеліп, баспа машинасы арқылы басылып шығатын. Газеттің уақытылы жарық көріп, оқырмандарына жетуіне бас­пахана қызметкерлері де қомақты үлестерін қосты. Баспаханада әріп теруші мен газет басушының жұмыс­тары өте жауапты болды. Әріп те­рушілерге газет материалдарын ма­кетке сай бекіту, қателерді түзету, қосымша тапсырыс бланкаларын жасап дайындау оңай болған жоқ. Ал баспа машинисіне жүктелген газет пен тапсырыс бланкаларын басып шығару және оларға қағаз қиып дайындау, теру машинасына металл ерітіп құю секілді жұмыс түрлері көп еді.
Сол тұста әріптестерім әріп терушілер Сайлаукүл Тәжікенова, Дәмеш Ахметова, Рая Кенжебаева, Тазагүл Ахметова, Злиха Сей­те­нова, Алтын Ізтілеуовалар мен баспа ма­шинистері Жұмабек Уақ­баев, Күләй­ша Нақыпова, Еркін Жұмабе­ков­тер ыждағаттылықпен жұмыс іс­теп ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сон­дай-ақ теру машинасында жұмыс істеген Гүлстан Пірманова, Қоғажай Ерғалиева, Маржан Баймаханова, Бақыткүл Тәшкенбаева, Ақмарал Нұр­ғалиевалар газет материалдарын дер кезінде теріп беріп, тыңғылықты жұмыс атқарды. Кей күндері жа­рық сөніп қалып, әріп теру, қате жөндеу жұмыстары май шаммен атқа­ры­ла­тын. Сондайда редакция мен бас­пахана қызметкерлері түні бойы көз ілмей, газет шығарып, таң бозара үйлеріне қайтатын кездерін қалайша ұмытарсың. Соған қарамастан газет кешіктірілмей оқырманға же­тіп, қауышып жатушы еді, – деген ардагеріміз таң алдында жұмыстан шығып үйге барып, таңертеңгі шайы­мызды ішіп, сағат 9.00-де жұмысқа келіп міндетімізді атқарушы едік-ау деп еске алды сол күндерін.
«Жалағаш жаршысында» ұзақ жыл қызмет еткен қарымды қаламгер, газеттің байырғы редакторы, кейіп­керіміз жақсыгүл Тәшенованың өмір­лік серігі Тұрсынбай Тәшенов. Еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан бастаған ол беріде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редак­тордың орынбасары, редактор қыз­метін де аса жауапкершілікпен, абы­роймен атқарды. Зейнеткерлікке шық­қаннан кейін де Тұрсынбай ағай шығармашылықтан қол үзбеді, қала­мын қолынан тастамады. Сол кездегі тарихты, ауданның шежіресін, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан қаламгер өмірінің соңына дейін тынбай талай мақала жазды, еңбектері жарық көрді. Ол кісі сол өзі жұмысқа орналасқан жылдардан бастап газеттің әр нөмірін сақтауды әдетке айналдырыпты. 1966 жыл­дан бергі газет архиві бүгінде Тұр­сынбай ағайдың шаңырағында сақ­таулы тұр. Бұған дейін Тұрсынбай Тәшеновтің шаңырағына сәлем беріп барғанымызда ол кісінің қолжаз­баларымен танысып, сақтаулы тұр­ған газет тігінділерін көрген едік. Ол кісінің өмірлік серігі Жақсыгүл Тә­шенова әр жылдардың газет тігін­ділерін рет-ретімен сөреден алып көрсетті. Нөмірімен, аса ұқыпталып жинақталған тігінділер әр кезеңдегі, әр жылдардағы ауданның тарихынан, шежіресінен сыр шертіп тұрды.
– Мен сол 1966 жылдан бастап газетте жұмыс жасадым. Баспаханада газет беттеуші болдым. Ол кездерде газет ауданнан басылып шығатын еді ғой, өзімізде баспахана болатын. Газет аптасына үш рет жарық көретін. Біз үшін ең ауырлау күн сол дүйсенбі күні еді. Кезекшілік аптасына екі рет келетін. Газет шыққан күні таң атқанша жүретінбіз. Сонда жас болғасын ба, әлде жауапкершілік жүгінің ауыр екенін жүрекпен сезіндік пе, әйтеуір жұмыстың ауырлығын сезсек те, жүре беретінбіз. Қазіргі ардагер апаларың біздер ол кезде жас едік. Олар қара маймен біртіндеп, ленотипте әріп теретін. Жұмыс болғасын әртүрлі жағдай болады ғой. Қуаныш та, қиындық та, қызық сәттер де. Ленотиппен әріп теріп болған соң, баспа мәшинесінің тетігін бекітуді ұмытып кетіп, бірнеше рет дайын болған газет шашылып қалған кездер болған. Қазіргідей жаңа технологиялар жоқ қой. Сөйтіп жүріп 1992 жылы осы редакциядан зейнетке шықтым. Тұрсекең де осы газетте ұзақ жылдар еңбек етті. Көзі тірісінде осы газет тігінділерін жинау-ды бастаған еді. Ретімен, ұқыптап жинақтап жүретін. «Мұнда қаншама тарих жатыр ғой» дейтін. Ол кісі зейнетке шықса да қаламын тас¬тамады. Жата-жастанып жазатын да жататын. Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Өмірден өткеніне жыл толғанда «Сырда өскен шынар» атты кітабы оқырман қолына тиді. Ол кісінің көзінің қарашығындай көрген газеттерін әрі қарай да сақтау менің міндетім, – деген ардагер Жақсыгүл апамыз баспаханадағы өткен жылдарын өміріндегі орны бөлек кезең екенін айтты.
Иә, 1993 жылы 1 сәуірде «Жаңа­дария» атауынан «Жалағаш жар­шысы» атауына ауысқан газет бүгінгі күні аптасына екі рет жарыққа шығып келеді. Ауданның айнасы, жергілікті басылымның тарихы туралы сөз қозғасақ, бүгін айтып тауысу мүмкін емес. Әр жылдары басшылық жа­саған редакторлар, әр кезеңдегі жур­налистердің өзі бір төбе. Ғасырға жуық тарихы бар басылым әлі күнге дейін маңызды мәселелерді көтеріп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола алды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: