Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Сәрсенбі, 20 мамыр, 16:42

«Ауыл аманаты» — ауылдағы кәсіпке берілген үлкен мүмкіндік

20.05.2026

2

0

«AMANAT» партиясы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға нақты қолдау көрсетіп келеді. Бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі қызылордалық кәсіпкер – Нұргүл Бақымова.
Шиелі ауданының тұрғыны Нұргүл Базарбекқызы 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсібін жаңа деңгейге көтерді. Кәсіпкер партия қолдауымен 9 миллион 800 мың теңге қаржыға ие болып, өндіріс ауқымын кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтарын жаңартқан. Бүгінде Шиелі кентіндегі «Ауыл аманаты» әлеуметтік дүкенінде өз өнімдерін халыққа ұсынып қана қоймай, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы онлайн сауданы да табысты жүргізіп отыр. Қазіргі таңда тапсырыстар Қазақстанның барлық өңірінен қабылданып, жеткізу қызметі жүйелі жолға қойылған.
Нұргүлдің қолынан шыққан жұмсақ ойыншықтар, көрпе-төсек жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарға сұраныс жоғары. Ұлттық нақыш пен сапаны үйлестірген өнімдер тұтынушылардың ерекше ықыласына ие болуда.


«Қазір тойдың маусымы болғандықтан, қыз жасауына арналған көрпе-төсек, құрақ бұйымдар мен түрлі тұрмыстық заттарға сұраныс өте жоғары. Нұргүлдің өнімдерінің сапасы ерекше ұнайды. Тігісі ұқыпты, заманауи үлгіде жасалған әрі ұлттық нақышы бар. Сондықтан біз ғана емес, көрші ауылдардан да арнайы келіп алып жатқан адамдар көп. Бағасы да қолжетімді. Осындай сапалы дүниелердің ауылдан шығып жатқаны қуантады», – дейді тұтынушылардың бірі Динара Данабекова.
Нұргүлдің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс күн сайын артып келеді. Әсіресе той маусымында көрпе-төсек пен құрақ бұйымдарын іздеп келетіндер көп. Сапалы әрі ұлттық нақышта тігілген дүниелер ауыл тұрғындарының ғана емес, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Шымкент және Астана қаласы тұрғындарының да қызығушылығын тудырып, тапсырыс алып отыр. Кәсібін сүйіспеншілікпен дамытып келе жатқан шебер үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен мүмкіндікке айналған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы менің кәсібіме үлкен серпін берді. Бұрын тек шағын көлемде жұмыс істесем, бүгінде кәсібімді кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріне өнім жіберіп отырмын. Ауылда отырып-ақ табыс тауып, өз ісіңді дамытуға болатындығын «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы дәлелдеп отыр. Бұл нақты қолдау. Осындай мүмкіндік жасаған «AMANAT» партиясына тек алғыс айтамын», — дейді Нұргүл Бақымова.
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына тек қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, олардың өз кәсібін дөңгелетіп, тұрақты табыс табуына жол ашып отырған маңызды жоба. Осындай нақты қолдаудың арқасында ауданда кәсіпкерлер қатары да көбейіп, ішкі өнім көлемі 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 97,1 пайызды құрап отыр. Бұл – ауыл экономикасын дамытуға бағытталған партияның жүйелі жұмысының нақты жемісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: