Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сенбі, 31 мамыр, 04:28

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа қажет – Президент

29.05.2025

59

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қазіргі әлемдік ахуалға баға беріп, жаһандық қауіптер мен халықаралық ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің айтуынша, бүгінде әлемде тұрақсыздық пен кереғарлық күшейіп, сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие болып отыр. Алайда, осындай ортақ қатерлерге жаһандық деңгейде тиімді, үйлесімді жауап қату әлі де жолға қойылмаған.

«Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі екенін мәлімдеді. Ол қазіргі халықаралық жүйені мұқият саралап, тың әдістерге сүйену қажет екенін, бұл жолда орта державалар да жауапкершілікті бөлісуге дайын болуы тиіс екенін атап өтті.

«Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды», деді Мемлекет басшысы.

Бірақ Мемлекет басшысы БҰҰ құрылымындағы басты тетік – Қауіпсіздік Кеңесінің осы уақытқа дейін өзгермегенін, бұл ұйымға деген сенімге селкеу түсіріп отырғанын атап өтті.

«Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейту және оған әлемнің әртүрлі өңірлерінен өкілдер қосу қажеттігі туралы ұстанымды қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, жаңа заман талабына сай болу үшін құрылымдық реформа қажет.

«БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс. Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз», деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: