Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 22:45

Covid-19-ға қарсы вакцинация басталды

02.02.2021

401

0

Әлемге тараған індет Қазақстанға да оңай соқпағанына өткен күндер толықтай дәлел бола алады. Ең алғаш коронавирусты жұқтырғандар тіркелгені сол-ақ еді, “Тәжтажал” еліміздің барлық аймағына тез таралып үлгерді. Дендеген дерт Сыр халқына да оңай соққан жоқ. Салдарынан қаншама жерлесіміз оның зардабын көріп, саладағы бірқатар кемшіліктерге де көз жетті.

Мемлекет тарапынан талап етілген бірқатар шектеулерге ден қоймай вирустың бұл түріне күмәнмен қарағандар да табылды. Аяғында қаншама қазақстандық кеселдің құрбаны болғаннан кейін барып етек-жеңімізді жиғандай болдық. Алайда әлі де сол бойымыздағы енжарлықтан арыла алмай жатырмыз. Қоғамдық ортада топтасып жүру, бетперде тақпау, жалпы айтқанда, қауіпсіздік ережесіне немқұрайлық таныту жалғасын тауып жатыр. Тіпті құдайы ас, той-жиындардың да ұйымдастырылып жатқанына әлеуметтік желілердегі бейнероликтер дәлел болып отыр.

Әсіресе індеттің бірінші толқыны басылған соң халық осымен коронавирусты жеңгендей күйде жүр. Алайда мүлде олай емес, қазір індеттің екінші толқыны басталғалы кеселді жұқтырғандар саны артып, тіпті оның құрбанына айналған адамдар жөнінде де ақпараттар естіп жатырмыз. Енді бұрынғы өткен күндерден сабақ алып, қауіпсіздік талаптарына немқұрайлық танытудан арылатын күн жетті.

Басылымның өткен сандарында ақпан айынан бастап отандастарға аталған дертке қарсы вакцина салу жұмыстары басталатыны айтылған еді. Аймаққа жеткен «Спутник V» вакцинасын салдыру күні кеше басталып кетті. COVID-19-ға қарсы вакцинация барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметов «Спутник V» вакцинасын аймақта бірінші болып салдырды.
Айта кетейік, кеше таңертең облысқа «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы жеткізілген еді. Жалпы жыл ішінде 80 мың доза кезең-кезеңімен тағы да келетін болады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға салынады. 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарияларға екпе салынбайды.

Вакцинация адамдардың еркімен жүргізілетінін оқырмандар қаперіне тағы да саламыз. Бұл төңіректе БАҚ құралдары жауапты министрліктің мәліметіне сүйене отырып ақпарат берсе де бұған күмәнмен қараушылар арамыздан тағы да табылып отыр. Байқасаңыз бұл өткен күндердегі ішкі күмәнге қатысты олқылығымызға қатты ұқсайды. Яғни бұрын қауіпсіздікке қатысты талап-ережелерге қалай мән бермесек, қазір де сол жағдай қайталанып отыр. Алайда бізге індетті ауыздықтаудың төте жолы осы екенін түсінетін уақыт жетті.

– Жалпы, вакцина салу ешкімге мін­дет­телмейді. Ерікті тіркелушілер ара­сында вакцинацияның бірінші кезеңінде ха­лықтың келесі санаттары жатады: Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, сондай-ақ басқа да саладағы қызметкерлер ақпаннан бастап екпе салса, педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері наурыз айында, студенттер сәуірден бастап, мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. Айта кету керек, вакцинация 18 жасқа толмаған балаларға салынбайды. Бұл вакцинаны осы жас тобындағы азаматтарға қолдану әлі зерттелмегендігімен байланысты. Вакцинаны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. КВИ-ға қарсы вакцинациялау 6 млн адамды қамти отырып, жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарлануда, – дейді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Бүгінде облыс бойынша, 14 егу кабинеті белгіленді. Бұдан бөлек шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға вакцина салу үшін 46 жылжымалы егу бригадасы ұйымдастырылды.

Қазіргі Сыр елінің ахуалына келсек, облыс «жасыл» аймақта. Яғни эпидемиологиялық ахуал тұрақты десе де болады. Алла бетін ары қылсын, алайда ахуал күрделенген жағдайда 8 стационар, 61 алғашқы медициналық-санитарлық мекеме жұмылдырылатын болады. 54 фильтр кабинеті, қосымша 79 телефон шақырулар мен консультациялар үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ үй жағдайында қызмет көрсету үшін қосымша 81 автокөлік қарастырылған.

Әлеуметтік желіде желдей ескен жалған ақпараттарға құлақ асқан халықтың қауіпсіздік хақында ғылыммен дәлелденген мемлекеттің оң пікіріне мән бермеуі алаңдатарлық мәселе. Тағы да жағдайды күрделендіруге үлес қоспайық десек, бойдағы себепсіз күмәннен арылып, вирусты жеңудің төте жолы саналатын індетке қарсы шаралардың жүйелі өтуіне атсалысқан дұрыс-ақ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: