Халықтың денсаулығы – елдің байлығы. Келешегі кемел ұлт қалыптастыру жолында ақ желеңді абзал жандарды қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандықтың иесі деп атасақ та артық емес. Адам жанының арашасы болып, шыдамдылықты қажет ететін кәсіпті таңдау көп еңбекті, өз ісінің маманы болуды талап ететіні белгілі.
Халықпен біте қайнасқан қастерлі еңбек иесі – медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Бұл мереке дертке шипа, денге саулық сыйлайтын осы бір ардақты мамандық иелерінің еңбектері еленетін күн. Аталмыш мереке аясында «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының мәжіліс залында медицина қызметкерлері күні аясында салтанатты марапаттау шарасы болып өтті. Шараны партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Қаншагүл Мұстафаева ашып, жүргізіп отырды.
Бүгінде, ұлт саулығы — денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналып үлгерді.
Жалағаш ауданында да денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып келеді. Емдеу мекемелерінің заманауи құралдармен жабдықталуы, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға оң ықпал етуде – деді Қаншагүл Мұстафаева.
Ауданымыздың халық денсаулығы жолында еңбек еткен сала ардагері мен қызметкерлері «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың, партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ляйля Төрешованың және партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаеваның «Алғыс» хаттарымен марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!