Биыл 8 айда ауданда көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 1 жағдай тіркелген. Аталған дерт 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталып отыр. Науқас бала – егіздің сыңары, оның шала туылуына байланысты көкжөтелге қарсы екпесі салынбаған. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылып нақтыланған. Ал былтыр аудан тұрғындарының ешқайсысы бұл дертпен ауырмаған. Бұл туралы ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетова БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Спикер көкжетел ауруының қазіргі таңда республиканың барлық аймағында тіркеліп жатқанын жасырмады. Демек, елімізде көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы қолайсыз деген сөз. Соңғы мәліметке сүйенсек, аймақта осыған дейін 236 жағдай тіркелген. Аурушаңдық көрсеткіші облыс бойынша 100 мың халыққа шаққанда 21,5 болса, оның ішінде 184 жағдайы нақтыланған. Ал 50 жағдайы зертханалық жолмен зерттеу барысында ауру қоздырғыштары анықталмаған соң есептен алынған.
Ару тіркелгендер арасында 1 жасқа дейінгі балалар арасында 100 жағдай анықталған. 1 жас пен 5 жас арлығында 80 жағдай белгілі болып отыр. Ал 5-9 жас аралығында 4 жағдай орын алған. Оның ішінде көкжөтелге қарсы 22-сі екпе алған. 143-і қарсылық білдіріпті. Медициналық шегініс бергені – 11, егу жасына жетпегендері – 7.
Гүлзираш Айымбетова көкжөтелден сақтанудың тиімді әрі сенімді жолы осы ауруға қарсы екпе жасату дейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, әрбір дені сау бала өзінің жасына сай, яғни бала өмірінің 2, 3, 4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек. Одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн. Тыныс алу жолдарының инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу керек. Науқас адамдармен қарым-қатынаста болмаудың да маңызы жоғары.
– Көкжөтел – ауру қоздырғышы бактерия болып табылатын, ауа арқылы жұғатын, ең алдымен тыныс мүшелерін зақымдайтын әлемде кең таралған жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция көзі – көкжөтелмен ауыратын адам. Көкжөтел қоздырғышын тасымалдаушылық аз уақытқа созылады, сондықтан эпидемиологиялық тұрғыдан айналасындағы адамдарға қауіпсіз. Аурудың жасырын, жеңіл түрі кезінде науқастар жан-жағындағы адамдарға ауруды жұқтырғыш келеді. Ауру қоздырғышы қоршаған ортаға науқас адам қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде бөлініп, ауа арқылы сау адамға жұғады, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айымбетова.
Айта кетейік, көкжөтелдің клиникалық ағымы тыныс жолдарының катаралды қабыну, ұстамалы жөтел, аурудың беті қайту және жазылу сынды 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 12-15 күнге созылады. Бұл кезде науқаста дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, мұрынның бітелуі, жөтел тәрізді белгілер болады. Жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп, ақырында ұстамалы сипатқа ауысады.
Бұл уақытта аурудың екінші кезеңі басталады. Әдетте ұстама бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып, ысқырықты тыныс тартуға ұласады. Содан соң тыныс шығару қайта пайда болып, ол тағы да ұстамалы тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады. Бұндай ұстамалар күніне жеңіл жағдайда 5-8 реттен, ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. Бұл кезең 2-3 аптаға дейін созылады. Соңғы екі кезеңде ұстамалы жөтел азайып, мүлдем жойылады. Бұл кезеңдер 1-3 аптаға созылады.
Аурудың қауіптілігі сол, науқас адам уақытылы емделмеген жағдайда әртүрлі асқыну жағдайларына, оның ішінде бактериялық пневмония, плеврит, бронхит, отит және синусит тәрізді ауруларға ұласуы мүмкін. Жоғарыда аталған белгілер көп жағдайда ауруға қарсы екпе алмағандар, иммунитеті әлсіз, жиі ауыратын балалар мен үлкендер арасында көп кездеседі. Көкжөтелге қарсы егілген балалар арасында ауру жеңіл өтеді. Аурудан кейін өмір бойына сақталатын иммунитет қалыптасады, яғни көкжөтелмен ауырған адам қайта ауырмайды.
Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берген ауданның бас санитары ата-аналар тарапынан көп жағдайда дертке қарсы екпе салдыруға қарсылық болып жатқанын жасырмады. Бірақ бұл ахуалды одан әрі күрделендірмесе, дерттің алдын алуға кері әсерін тигізеді дейді. Сондықтан әр жерден естіген бейресми ақпараттарға сүйенбей, сала мамандарының кеңесіне құлақ асқан дұрыс сияқты.
– Әлгі дерт жұқтырғандардың тек 22-сі ғана екпе алған. өкінішке орай 140-тан астам адам қарсылық білдірген. Бұл дерттің алдын алудағы біздің шараларымызға кері әсерін тигізеді. Кез келген дерттің алдын алуда, онымен күресуде вакцина маңызды рөл атқарды. Сондықтан оған қатысты ойдағы қарсы түсініктен арылу керек, – дейді спикер.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!