Аққұмдағы егіс алқабында қайнаған жұмыс, дала дарабозының біреуі де сәл аялдауды білмейді. Біз тұрған атызда қос комбайн басы дәнге толған Сыр салысын сұлатып келеді. Ал арғы атызда орылған күрішке түскен тағы бір комбайн бункер толған дәнді жиектегі жүк көлігіне құюға беттеп барады.
Керемет көрініске көз сүйсінеді. Бір сәтте қасымдағы қырағы әріптесім атыздың ортасында жүрген еңбек адамын байқап, сұхбат алуды жөн көрдік. Бірақ жиекте қос техника бітік шыққан өнімді орып келеді. Ал бұл жалғыз өзі атыз ортасында не істеп жүр? Осы сауалдың түйінін тарқату үшін дала дарабозын әңгімеге тарттық.
Бұл «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының диқаны Аябек Ешбанов екен. Кейіпкеріміз дәл осы шаруашылықта 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда шаруашылықтың күріш ақтау цехында диірмен жұмысына жауапты болған. Ал дала жұмысына ауысқанына 5 жылдан асыпты. Сол уақыттан бері Аябек Ешбанов даңғайыр диқандардың ізімен күріштің күтіміне бар күшін салуда.
Күріштің «Лидер» сұрпын жергілікті шаруашылықтардың қолданысқа енгізгеніне 10 жылдан асты. Қанша дегенмен тұқым тозады, соңғы жылдары Сыр салысының бұл сұрпы ауруға ұшырап, мұның бәрі өнім сапасына айтарлықтай кері әсер еткен. Ал мұндай өнімнің экспорт былай тұрсын, ішкі нарыққа да өтімділігі едәуір төмендейтіні сондықтан. Былтыр да «Аққұм-Жер» шаруа қожалығы күріштің дәл осы сұрпын егіпті. Әдеттегідей өнім уақытында ауруға ұшырап, шаруашылық бұл тығырықтан шығудың амалын іздейді.
Шаруашылық төрағасы Рустам Сәрсенбаев шаруаны ширатуға қажетті маман таңдауда жаңылған емес. Дәл осы қасиеті әлгі мәселенің алдын алуға да үлкен көмек болған. Бұған дейін аймақтағы маңдайалды шаруашылықтардың жұмысын бір жүйеге келтірген агрономды жұмысқа алдырып, қазір былтырғы мәселеге нүкте қойды, яғни «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының бүгінгі бас агрономы Асқар Алиакбаров дәнді толықтай дерттен айықтырып, күзде сапалы өнім алуға даңғыл жол ашқан. Мұны кейіпкеріміз Аябек Ешбанов та жоққа шығармады.
– Былтыр да өнім жаман болған жоқ, бірақ Сыр салысы ауруға ұшырады. Биыл дәл осы мәселемен тағы да бетпе-бет келмес үшін диқандар төрағаға мәселемізді жеткіздік. Ол мықты агроном алдырды. Мықты дейтіндей жөніміз бар, негізі нағыз маманның еңбегін бағалап, мойындауымыз керек. Бұл ретте Асекеңнің еңбегіне тоқталмай кетуге тағы болмайды. Тіпті мол өнім алу үшін бізбен басқа да тәжірибесімен бөлісіп отырады. Соның арқасында биыл өнімнің шығымы жоғары болды. Бұйыртса, биыл да қомақты сыйақыға ие боламын, – дейді диқан Аябек Ешбанов.
Иә, ауыл еңбеккерінің «тағы да» деген бірауыз сөзі бізді ойландырмай қоймады. «Сонда былтыр да жалақыдан бөлек қосымша сыйақы алдыңыз ба?» деп сауал тастағанымыз да сондықтан. Сөзінше, жыл сайын сабантойда шаруашылық еңбеккерлеріне айлығынан бөлек қосымша сыйақы таратуды төраға Рустам Сәрсенбаев дәстүрге айналдырған көрінеді. Былтырдың өзінде дәл осы мақсатқа қыруар қаражат қараған.
– Былтыр 54 гектар жерге күріш ектім, әр гектардан 50 центнерден өнім алдым. Былтыр да аяқсу мәселесі болды, бірақ біз жауапкершілікті еселедік. Биыл да оңай болған жоқ, бірақ кезектесіп су алу арқылы бұл мәселені тағы да айналып өттік. Былтыр сабантойда төрағамыз еңбегімізді бағалап, айлығымыздан бөлек қомақты қаржылай сыйақы үлестірді. Соған өзім де ие болдым. Бұл ауылдағы қарапайым еңбек адамы үшін үлкен шабыт екенін жақсы білесіздер. Биыл да осындай сыйақыдан үміт бар, өнімнің шығымы жаман емес, ал төрағаның адал еңбектің лайықты бағасын беретініне ешқандай күмәніміз жоқ. Биыл бұйыртса, өткен жылдан да мол астық аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Аябек ағамыз.
Иә, оның үлкен өнімнен үміт күтетіндей жөні бар, алқаптағы күріштің шығымы ала жаздай жауапты диқанның жай жатпағанын аңғартады. Күріштің күтімі келіскенін бітік шыққан өнімнің өзі айтып тұр. Тіпті атыздағы өнімнің арасында бір тал артық шөп жоқ.
Ол күріш өсіруді 5 жыл бұрын бастапты. Бастапқы жылдары 35 гектарға күріш еккен ол әр гектардан 48 центнер өнім алған. Сөзінше, «Лидер» 120 күнде піседі. Өзіне міндеттелген жұмысты мінсіз орындаған диқанның жер көлемін өткен жылдан бастап төраға кеңейткен, былтыр ол 54 гектар күріш еккен.
Биыл да көктемде ауыл еңбеккері дәл осы межеге Сыр салысын сепкен, қыркүйектің алғашқы күні комбайн Айекеңнің атызына түсті. Механизатор да биыл өнімнің шығымына жоғары баға беріп отыр. Айекең осыған дейін жиған тәжірибесін осындағы жастармен де бөлісіп, өзі секілді білікті маман дайындауға қолғабыс етеді.
– Қазір жастар бұл салаға келуге жүрексінбеуі керек. Біз екі мыңыншы жылдардың басында келдік. Ол тұста қазіргідей заманауи техникалар әлі қолданысқа енбеген. Талай қиын кезеңді еңсердік. Ал қазір ше, бүгінде бұл салада еш қиындықсыз еңбек етуге болады. Әсіресе оған өзіміз жұмыс жасап жатқан «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының төрағасы барлық жағдайды жасап отыр. Айлығымыз уақытылы беріледі. Техникалық базамыз жыл сайын жаңаруда. Биыл да осы бағытта нәтижелі жұмыс болды. Төраға бұйыртса, келер жылы да жаңа техникалар келетінін айтады. Мұның бәрі еңбек өнімділігіне оң әсер етуде, – дейді Аябек Ешбанов.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!