Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Жұма, 21 ақпан, 23:17

Ел ертеңін еңбекпен жасауда

15.02.2025

173

0

«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында елордадағы «EXPO» алаңында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтуде. Фестиваль алаңында сегіз тақырыптық көше ашылған. Нақтырақ айтсақ, тау-кен және металлургия, көлік жасаушылар, энергетиктер мен мұнайшылар, аграршылар мен сушылар, құрылысшылар, болашақ мамандықтары, сондай-ақ құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина және т.б. мамандықтарға арналған бұрыштары халыққа есігін айқара ашқан. Сонымен қатар іс-шара аумағында кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 шығармашылық үй ұсынылған. Жалпы фестивальға еліміздің 38 кәсіби колледжінің студенттері қатысуда.

Келелі іс-шара барысында Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев энер­ге­тика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даяр­лау үдерісімен танысты. Сондай-ақ Президентке еңбек нарығындағы сұ­ра­нысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын транс­формациялау мы­салдары баян­далды. Мұнан бөлек атом электр стан­сасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар елге өте қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы айқындап бер­ген бағыт­пен бүгінде жалағаштықтар да ауқымды жұмыстарды бастап кетті. Мәселен, ауданымызда «Өркен Әлем» ЖШС қызметкерлерін «Руханият» ор­талығымен таныстырып, жұмысшы маман иелерімен кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орын­ба­сары Ғани Сүлейменов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, соны­мен қатар ауданымыздағы өндіріс сала­сындағы әйелдер қауымы қатысты. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйел-аналардың орны тек шаңырағында деген түсініктің аясын кеңейткен кездесуде белсенді жұмысшы әйелдер марапат төрінен көрінді. Жиында жұмысшы мамандықтарының жылы, еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқы­туды жетілдіру жайы да сөз болды.
Айта кетейік, кенттегі «Серпін» индустриалды аймағында орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС әскери киімдер өндірумен айналысады. Бастапқыда үлкен өндіріс орны 24 адамды жұмыс­пен қамтыса, қазір мұнда 60-қа жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Мұн­дағы нәзікжандардың барлығы – ар­найы оқудан өткен тәжірибелі маман. Олардың тасымалы да бір жүйеге келген, яғни серіктестік басшысы жұ­мыс­­шылардың қатынауына бір авто­бусты іске қосқан.
Жақсылық Өзденбаев басшылық ететін серіктес­тік­ке 2017 жылы «СТ-KZ» сертификаты берілген. Дәл осы жылы кәсіпорында тапсырыс аясында 810 брон­ды кеудеше, 240 арнайы әскери киім дайындалған. Ал 2018 жылы тапсы­рыс көлемі ұлғайып, серіктестік 5 630 бронды кеудеше мен 2 125 каскаға ар­налған бүркеме шығарған. Сол уа­қыт­тан бері кәсіпорын көкжиегі ке­ңейіп, мұнда тапсырысты сапалы әрі уа­­қы­­тылы қам­тамасыз ету дәстүрге айналған.
Жалпы құны 38,2 млн теңгені құ­райтын бұл жобаның болашағы жар­қын. Себебі соңғы жылдары мұнда өн­дірілетін өнім түрі мен санында өсім қалыптасқан. 2019 жылы 11 мың каскаға арналған бүркеме әзірлеген серіктестік ұжымы қазір касканы толықтай өздері өндіреді. Себебі «Өркен Әлем» ЖШС әскери каска өндіретін Оңтүстік Корея­лық алып аппаратты бірнеше жыл бұ­рын іске қосты.
Жақсылық Өзденбаев бүгінде кәсіпо­рын­ды соңғы үлгідегі заманауи аппа­рат­тармен жарақтаған. Нәтижесінде се­ріктестікте жұмысшылар қатары ар­тып, өнім көлемі де айтарлықтай ұл­ғайған.
Бүгінде Қазақстан бойынша арнайы әскери киімдер шығаратын цех 3 ай­мақ­та бар. Ал еліміз бойынша са­лаға қажетті киімдердің барлық түрін өндіретін жал­ғыз кәсіпорын осы «Өркен Әлем» ЖШС екенін де айта кеткен жөн. Қазір серіктестік ұжымының күнделікті жұмысын көрген көз сүйсінеді. Мұнда негізінен шикізат Ресей мен Хорва­тиядан жеткізіледі. Се­ріктестік бронды кеудеше, кас­кадан бө­лек қатты соқ­қыға, жарықшаққа және оққа қарсы шлем­нің бірнеше түрін шығарады.
Айта кетейік, «Серпін» индус­триал­ды ай­ма­ғында орналасқан кәсіпорында газ­тұмылдырық, бронды кеудеше, жалпы әс­кери қорғаныш жамылғысы және шлем, парашют, каскаға арналған бүр­кеме мен арнайы әскери киімдер өндіру жұ­мыстары бір жүйеге келген. Тап­сы­рыс­ты орындауға қажетті ши­кізат қоры да толық­тай жеткілікті.
– Бастапқыда әскери киімнің санаулы түрін өндіруді қолға алдық. Уақыт өте кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, өнім түрі мен санында өсім қалыптастырдық. Мұндағы құрылғылардың барлығы за­ма­науи аппа­­рат. Әріптестерімнің бар­лығы арнайы оқудан өткен тәжіри­бе­лі маман. Сондықтан олар­дың еңбегін жо­ғары бағалаймын. Қажетті шикізатты то­лық жет­кізіп алдық, – дейді Жақсылық Өзденбаев.

Іскер азаматтың мұн­дағы маман­дардың еңбегін жоғары бағалайтынын біз де байқадық. Се­рік­тестік іске қосыл­ғалы жыл қоры­тын­ды­сымен өндіріс оша­­ғындағы еңбеккерлерге 2 ай­­­­лық жалақы көлемінде сыйақы беруді кә­сіпорын бас­шысы дәстүрге айнал­дыр­ған. Ал еңбек­кер­лер айлық жала­қылары уақытылы берілетінін ай­тып отыр.
Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жұ­мыс жасай­тын тәжірибелі маман Ал­тынай Әлі­бае­­ваның сөзінше, өн­діріс оша­ғында тап­сы­рысты уақытынан кеш орын­дау болмапты. Сондай-ақ цех мең­герушісі әсі­­ре­се мұндағы қызу еңбек жаз айларында басталатынын айтады.
– Серіктестіктегі барлық маман ар­найы оқудан өткен, сондықтан бізде тап­сырысты уақытынан кеш орындау бүгінге дейін мүлде орын алған жоқ. Алдағы уақытта да оған жол бермейміз. 2021 жылы 880 бронды кеудеше, 10 мың жалпы әскери қорғаныш жамылғысын, 1 500 шлем және басқа да әскери киімдер өндірдік. Одан бері де тапсырысты уақытылы әрі сапалы орындап келеміз.Кәсіпорында өндірілген өнім әскери салаға қажетті, сондықтан біз мейлінше сапаға мән береміз. Мәселен, касканың ішін­де бірнеше қабаттан тұратын қа­лың мате­риалдың ті­гісі бірінен кейін бірі қатар орналаспауы қажет. Қатты ма­те­­риалдың өзі осындағы арнайы за­манауи кескіш құралымен бөлінеді және оны 20-25 қабаттап касканың ішіне ор­наластырамыз. Әр маманның өзіне жүктелген міндеті бар. Жұмыс таңертең 9:00-де басталады, – дейді цех мең­герушісі Алтынай Әлібаева.
Серіктестік басшысының әлі де жос­пары көп. Әсі­ресе біз іскер азаматтың «Кәсіп­орын көкжиегін кеңейтіп, жұмыс­шылар са­нын арттырмасам, ашылған жұмыс орнын қысқартуға жол бер­мей­мін» деген мақса­тына риза болдық. Соң­ғы жылдары мұнда әс­кери салаға қажетті киімнің басқа да түр­лері өн­дірілуде. Он жылдықта өн­дірісі өрге басқан «Өркен Әлемнің» бү­гінгі шаруа­сы ширақ.

Жандос Арын

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: