Ежелден-ақ ұрпағының сүйегіне таңба түсірмеуді ойлаған ата-бабамыз артынан ерген жастарды тек ізгілік пен адалдыққа баулыды. Адамгершіліктің бәрінен биік тұратынын және ол тек тектілердің қанындағы ерекше қасиет екенін саналарына сіңіріп өсірді. Бүгінде сол мемлекеттің дамуы жолында қандай кедергілер көрініс беріп тұр? Қазақстан сыбайлас жемқорлық деген дертпен бетпе-бет келуде қандай жұмыстарды жасауда? Осы және өзге де сұрақтар қазіргі қазақ қоғамының күн тәртібінде тұрғаны белгілі.
Жалпы біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтың түрлерiн, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.
Біз қазір осы дертпен күрес жолында әсіресе өскелең ұрпақтың дұрыс бағытта қалыптасуына күш жұмсаудамыз. Бұл орынды, әрине. Өйткені келешектің тірегі, біздің жалғасымыз осы бүгінгі ұрпақ, жас буын. Олардың жасөспірім кезінен бастап, тіпті оңды-солын тани бастағаннан адалдық ұғымын таным-түйсігімен сезініп, біліп өсуі керек. Санасына қандай әсер қалдырсақ, қалай бағыт-бағдар берсек солай қарай икемделетіні анық. Ал қоғамда көрініс тауып отырған жемқорлықты түбегейлі жою қазіргі сәтте мүмкін болмағанымен, алайда оны азайтуға тиіспіз. Бұл дертпен күресте қазақстандықтардың бірдей атсалысуы маңызды. Өйткені қоғамдағы екіұдайлы пікір қай кезде де мемлекеттің алға басуына кедергі келтіріп, дамудың баспалдағына іліге алмаймыз.
Осы тұрғыда тек ересектер ғана емес, кәмлетке толған жастардың да санасына сыбайлас жемқорлықтың әр адамның жеке басына және мемлекетке тигізетін орасан зор зардабын сіңіре беруге тиіспіз. Қоғамға төнген қауіпке қарсы іс шараларды жастар арасында жиі өткізіп, заңнамаларды жетілдіру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам болып күресуді тоқтатпағанымыз жөн.
М.Тұрсынбаева,
аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!