Ауылдың дамуы жолдардың жөнделуімен тікелей байланысты. Ақсу ауылының аудан орталығымен бaайланыстыратын автомобиль жолы тозығы жетіп, талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етіп келген болатын. Кентке баратын жалғыз жолдың Ақсу тұрғындары үшін осы мәселе біраздан бері шешімін таппай келе жатқан еді. Нақтырақ айтсақ, жолдағы шұқырлар мен тозығы жеткен асфальт жабындысы жөнделмеген. Осыған байланысты биыл бюджеттен қаржы бөлініп, жазда жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Иә, ақсулықтардың жиі қозғайтын өзекті мәселелерінің бірі – ауылға кіреберіс жолдың жай-күйі. Дегенмен ол жолдың жөнделетінін естіген ауылдағы ағайынның қуанышы ұзаққа созылмады. «Жол жөндеу жұмыстары қашан бітеді, асфальт сапасы нашар ғой» деген күмәнді сұрақтар көлік жүргізушілерді мазалай бастағаны да рас.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметінше, аудандық маңызы бар Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарының мердігері болып, «Транс Сервис» ЖШС анықталған. Жалпы, жөнделетін жолдың ұзындығы – 2,33 шақырым, жоба құны – 76,6 млн теңге, келісім-шарт құны – 73,3 млн теңге. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарына сәйкес мердігер мекемеге 23,8 млн теңге төленген. Автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары келісім-шарт талаптарына сәйкес 2023 жылы сәуір айының 11-іне басталып, 11 маусымда аяқталуы тиіс болатын.
Алайда бүгінге дейін жұмыстары толық аяқталмай, тоқтап тұрды. Сол себепті Қызылорда облысының ауданаралық экономикалық сотына мердігер мекемені жосықсыз деп тану, тұрақсыздық айыппұлын өндіру және ЖСҚ сәйкес сапалы аяқтауды, шарттық міндеттемелерді толық орындауға міндеттеу жөнінде талап-арыз берілген.
Қазіргі таңда бұл сұрақтың жауабы оң шешімін тапты. Өткен аптада арнайы техникалар жұмылдырылып, аудан орталығынан бастап Ақсу ауылының төлқұжаты орналасқан жерге дейін жаңа асфальт жабындысы төселді. Жақын арада кіреберіс жолдың қалған бөлігі де қайта жөнделетін болады.
– Кент пен елді мекен арасындағы бұл жолдың ауыл тұрғындары үшін маңызы жоғары. Күн сайын осы жол арқылы мыңдаған жолаушы жүріп өтеді. Шыны керек, аудан орталығына жақын орналасқандықтан жұмысымыз кентте бітеді. Сондықтан бізге осы жол арқылы қатынауға тура келеді. Әрине жолдың нашарлығы уақытпен қоса көліктің де жағдайын нашарлатады. Кіреберіс жол жөнделетінін естіп, қуанғанымыз рас. Дегенмен кешегі жағдай көңілімізді түсірді. Иә, аудан басшысына ризамыз, көлік жолының ақсулықтар үшін маңыздылығын түсініп, мәселені өзінің жеке бақылауына алды. Бүгінде жаңа асфальт қайта төселіп жатыр. Шүкір дейміз, осы жылы ауылға көгілдір отын да келетін болды. Ауыз суымыз, жарығымыз бар, адамға бұдан артық қандай жайлылық керек? Ең бастысы, ағайын арасында бірлік болса, барлық жұмыс та бітері сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны Айнұр Смайлова.
Иә, тақтайдай тегіс, түнде шамы жарқыраған ауылға кіреберіс жолмен жүрген тұрғындардың көңілі көтеріңкі болары анық. Ақсуда қазір бірліктен туындаған берекелі тірлік көп. Бүгінде ақсулықтардың ұсынысына сәйкес 3 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары үшін жоба сметалық құжаттар дайындалуда. Мұнан бөлек осы жылы елді мекендегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы басталады. Ауыл халқы үшін ең қуанышты, көптен күткен жаңалықтың бірі Ақсуға биыл көгілдір отын жүргізіледі. Бүгінде газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталған.
Жалпы, ауданда жетістіктер жетерлік. Өйткені атқарылған ауқымды жобалар халықтың көз алдында. Қаншама нысан пайдалануға берілсе, сол жобалар қазір халық үшін қызмет етуде. Оған қоса кенттегі, ауылдық елді мекендегі бірнеше көше жөндеуден өтуде. Аудан тарихында болмаған қаржы тартылып, өңір бюджеті ауданды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бағытталды.
Мәселен, қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, жаңа асфальт жабындысы төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Мұнан бөлек З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов, барлығы 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Кент тұрғындарының ұсынысына сәйкес Өмірбай шешен көшесі Мырзалиевтен Қалыбаев көшесіне дейін кеңейтіліп, тас төселді. Сәрке батыр көшесінің тұйығында тұратын халықтың тілегі орындалып, көшеге жарықтандыру және тас төсеу жұмыстары жасалды. Жалағаш кентіндегі ПМК-09 көшесіне тас төсеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!