Кеше аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан полициясы және Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар қызметкер мен ардагерлерді марапаттады.
Тәуелсіздік алған жылдары мемлекетті қалыптастыруда ауқымды істер атқарылып келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы үздіксіз дамып, жоғары жетістіктерге жетуде. Қазақстанның осындай жетістіктерге жету жолында тәртіп сақшыларының, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің еңбегі ерен.
Иә, олар өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің бет бейнесі болса, полиция – сол мемлекет халқының қорғаны. Ел тыныштығы мен тұрақтылығын, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылар қандай құрметке де лайық.
– Елдің айбыны, қорғаны болған полиция қызметкерлерін және ел мүддесі жолында абыройлы қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші мен тәртіп сақшылары – мемлекеттік аппараттың жұмысын алға жылжытушы кадр және мемлекеттік биліктің оң имиджін қалыптастырушы бірден-бір тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды екенін айтып, полиция мен мемлекеттік қызметшілерге ерекше сенім білдірді. Мемлекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін, қызметтің оң имиджін көрсетеді, олардың мәртебесі мен абыройы Отанға, халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Ел үшін еңбек еткен адамның қашанда еңсесі биік, мұраты асқақ, болашағы баянды болады. Әрдайым антқа адал болып, «ел қорғаны, халық жанашыры» деген атақты абыроймен алып жүрулеріңізге тілектеспін, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.
Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі, амандығы бәрінен қымбат. Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі зор жауапкершілікпен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен құнды. Қай кезде де қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүріп, уақытпен санаспай, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына аянбай жұмыс жасап жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен. Сала бойынша профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ауданда орын алған құқық бұзушылықтар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда азайып келеді. Әрине, бұл – қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, ел тыныштығын сақтау бағытында атқарылып жатқан еңбек пен жүйелі жұмыстың жемісі.
Салтанатты шарада елдің кемел келешегін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге Мемлекеттік қызметкерлер салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының алғыс хаты мен аудан әкімінің құттықтауы, алғыс хаты табысталды.
– Мен Ақсу ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып 15 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өзіңіз білетіндей, әрбір өркениетке қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға жетелеуші – мемлекеттік қызметкер. Мен үшін мемлекеттік қызмет – Отанға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметкер болу – халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асқақтату. Сондықтан мемлекеттік қызмет – мен үшін мәртебелі міндет. Мен алдағы уақытта да адалдықтың ақ туын ұстап, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете беремін, – дейді бүгінгі марапат иесі Қымбат Әнуарқызы.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!