Тіршілік көзін қасиетті су деп білген, ел тұтастығына берекелі еңбегімен тыныс берген, табиғатын қоршаған ортаны өмір тірегі, тіршілік жүрегі деп таныған, таза суды бақытына балаған, жер анадан ырыс терген су шаруашылығының қызметкерлерінің бүгін төл мерекесі. Айтулы мерекеде аудан әкімі Асқарбек Есжанов сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, ізгі тілегін білдірді.
Қабылдауда аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен ауданымыздағы бірқатар атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Сала ардагерлері мен мамандарға адал еңбектері үшін ризашылық білдіргім келеді. Өңірде су шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып, маңызды міндеттер іске асырылуда. Барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, шаңырақтарына береке, жұмыстарына табыс тілеймін. Соңғы жылдары ауданда ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы Аққұм және Мәдениет елді мекендерінде су тарату желілерін кеңейтуге 370 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаңадан ашылған «Ақтерек» тұрғын үй учаскесінде сумен жабдықтау жүйесінің және су тарату кешенінің құрылысына 883,3 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Осы ретте аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. Дегенмен «судың да сұрауы бар» деген сөз бар, жасыратыны жоқ, соңғы уақытта су тапшылығы белең алуда, сондықтан алдағы уақытта тіршілік көзін ысырап етпей, үнемдеп пайдалануымыз керек, – деді аудан әкімі.
Иә, судың тіршілік көзі екеніне ешкім де қарсы дау айта алмайды. Әсіресе ауыз судың адам баласы үшін маңызы зор. Оның үстіне жер қойнауында жасырынып жатқан осынау тіршілік көзінің қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда осы саланы зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың пайымдауынша, оның мөлшері тым аз қалса керек. Сондықтан Мемлекет басшысы су саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөліп, бірқатар стратегиялық міндеттер қойылды.
Баршаға белгілі, Президент суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін ағымдағы 1,6 млн гектардан 3 млн гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Бұл – ең алдымен жұмыс орындары, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бүгінде ауданда ұзындығы 180 шақырымнан аса сумен қамтамасыз ететін және 200 шақырымнан астам қашыртқы дренаждық жүйелер бар.
Айтулы мереке қарсаңында тіршілік нәрін үйлестіруде қалтқысыз қызмет етіп жүрген сала ардагерлері мен білікті мамандар марапатталып, арнайы гүл шоқтары табысталды. Нақтырақ тоқталсақ, сала ардагері Марат Үмбетқұловқа, аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің іс жүргізушісі Айжамал Омароваға 63 жасқа толуына орай аудан әкімінің Құттықтауы табысталса, сала қызметкерлері Айман Мұхатова, Қайрат Байдуллаев, Ишанбек Қосбармақов, Нұржамал Баймаханова, Ербол Аманбай және Бектұрған Сейтов аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
– Иә, су – кез келген тіршілік иесі үшін аса қажет нәрсе. Адам өмірінде судың алатын орны тіпті зор. Мұны әсіресе осы салада еңбек етіп жүрген азаматтар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан еліміздің су шаруашылығының дамуына аянбай күш-жігерін жұмсап жүрген әріптестерімді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Су шаруашылығы саласының маңыздылығын ескеріп, айтулы мерекеде басымызды қосып, ілтипат көрсетіп жатқан аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының жарқын көңіліне алғыс білдіреміз, – деді сала ардагері Марат Сейтжанұлы.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!