Бүгін Қызылордада физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев арнайы қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Рәсімде Премьер-министрдің орынбасары Ермек Беделбайұлы алғысөз сөйледі. Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтады.
“Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», – деген болатын.
Еліміздің болашағы жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 304 млрд. 600 млн. теңгені құрап, 32 пайызға артты. Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деп атап өткендей, жаңа білім ғимаратынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол.
Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай.”, – деді Н.Нәлібаев.
Іс-шарада академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Серқұлұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы,Мұрат Бақтиярұлы құттықтау сөз сөйледі. Физика-математика лицей- интернатының құрылысын сапалы жүргізген құрылысшылар мен білім саласы қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектеп биыл жаңа оқу жылында іске қосылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!