«Әрбір адам өзінің кәсіби болашағын, қандай мамандық иесі болатынын оқушы кезінен жоспарлайды. Өз жолыңызды қалай таңдауға және қателеспеуге болады? Еңбек қуаныш сыйлайтындай өміріңізді қандай мамандықпен байланыстырасыз? Иә, бұл сұрақтарды әрқайсысымыз өзімізге бірнеше рет қойғанбыз. Өйткені қоғамда өз орнын табамын деген адамның басты міндетінің бірі – мамандықты дұрыс таңдау» деп бастады әңгімесін аспаз Гүлмира Еспенбетова.
Күні кеше аудандағы индустриалды-аграрлық колледжіне атбасын бұрып, жұмыс барысымен танысқан болатынбыз. Кіреберістен адамның тәбетін ашатын жағымды иіс байқалды. Иә, оқу орнында «Аспаз» мамандығы бойынша дәріс беріледі. Сол сәтте кәсіптік асханада 1 топ оқушы аспаз Гүлмира апаймен бірге тәтті тоқаш пісіріп жатыр екен.
Гүлмира Еспенбетова Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде «аспаз» және «кондитер-безендіруші» мамандығы бойынша ұстаздық етеді. Бұл салада 23 жылдық тәжірибесі бар кейіпкерімізден бүгінде 40 студент тәлім алып, кәсіби шыңдалуда. Сондай-ақ оның шәкірттері түрлі аймақтық, республикалық сайыстардың жүлдегері атанған. Нақтырақ айтсақ, биыл шәкірті Милана Сайдуллаева «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының аймақтық байқауында 2 орынды иеленген. Қазіргі таңда Гүлмира апайдан аспаздық өнердің қыр-сырын үйренген түлектер мамандық бойынша қоғамдық тамақтану орындарында, балабақша, емхана, мектептерде абыройлы еңбек етсе, бірқатары кәсібін бастаған.
Гүлмира Еспенбетова мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне «инженер-технолог» мамандығы бойынша оқуға түскен. Бала кезінен ас дайындауға ерекше ықыласы мен бейімі бар кейіпкеріміз өзінің ұнатқан мамандығы бойынша жасаған жұмысына риза. Осылайша өз ісінің шебері бізді күнделікті жұмыс процесімен таныстырып та үлгерді.
Аспаз – қоғамдық тамақтану орындарында тамақ дайындайтын адам. Бұл мамандық маңызды, қызықты және болашағы зор. Бірақ бұл сөздер аспаздық кәсіпті толық сипаттай алмайды. Бұл мамандықтың адамдары нағыз сиқыршылар десек те болады. Олар саналуан өнімдерге, ең жақсы тағамдарға арналған мыңдаған рецепті біледі. Аспаз өнімдердің сапасын сыртқы түріне қарай, тағамның дайын болу дәрежесін иісі бойынша анықтайды. Асханада ол көптеген адам үшін өнімдердің бет белгісін есептейді. Жоғары деңгейлі мейрамханаларда ол тағамға өзіне белгілі құпия ингредиентті ғана қосады, бұл келушілерді керемет дәмге таң қалдырады. Ас пәсіруде бәрі маңызды, яғни тағамның қалай кесілгені, пісіруге қанша уақыт кетті, тағамның тұздалуына қанша минут қалғаны, сорпалардың, тұздықтардың, салқын және ыстық тағамдардың, салаттардың, десерттердің шексіз алуан түрі әлемдік тағамдарды қамтиды.
– Аспаз мамандығының өзіндік ерекшелігі бар. Ескі орыс мақалы бұл мамандықтың мәнін аша түседі. Жақсы аспаз – дәрігерге лайық. Бұл шынымен де рас. Аспаз адам ағзасына зиянсыз, дәмді тағам дайындауды білуі керек. Мұны істеу үшін ол тамақтануды, тіпті медицинаны түсінуі маңызды. Осының бәрі аспаздың қажетті мамандық қана емес, сонымен қатар өте мәртебелі мамандық екенін дәлелдейді. Мен әлі күнге дейін үздіксіз ізденіс пен оқу үстіндемін, өйткені рецептер күнде өзгереді, – дейді Гүлмира Еспенбетова.
Аспаздың жұмысы қиын да жауапты екенін кейіпкеріміздің әңгімесінен байқадық. Аспаз болу – қызықты, беделді және сұранысқа ие, жоғарғы дәрежелі мамандық. Оны абыроймен арқалап жүрген Гүлмира Ізбасарқызы отбасында 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Бүгінде оның шәкірттерінің алды үлкен жетістікке жетіп, кәсібін жандандыруда.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!