Елімізде табиғи газдың қоры мол. Солай бола тұра халық сол табиғи байлықтың игілігін ұзақ уақыт бойы көре алмай келді. Бірақ кеш те болса, сол игілік халыққа қызмет қыла бастады. Ауданымызға көгілдір отын кіргелі халық бейнеттен құтылды. Бұл тұрғындардың қуанышы. Ал шын мәнінде табиғи газды тұтыну тұрмысымызды ғана жеңілдетіп қойған жоқ, ауданды газдандыру жобасының сәтті іске асуы экологиялық ахуалдың түзелуіне, нақтырақ айтсақ, табиғат байлығының сақталуына оң әсерін тигізері анық.
Ауданымызды газдандыру жұмыстары 2019 жылдан бастау алып, орталықтандырылған газ желісі 2021 жылы пайдалануға берілді. Жалағаш кенті бойынша өткен жылдың 1 желтоқсанында 78,3 пайыз халық газбен қамтылыпты. Яғни кент бойынша 3 164 тұрғын болса, соның 2 478-іне табиғи газ кірген. Сонымен бірге 7 әлеуметтік, 89 кәсіпкерлік нысан газ желісіне қосылыпты. Әлі де бұл бағытта жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жалғасып жатыр. Тек кенттің іші ғана емес, алдағы уақытта ауданға қарасты барлық ауылдарға да газ апару көзделіп отыр. Бірақ әзірше аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендер ғана табиғи газбен қамтылмақшы. Осы мақсатта өткен жылдан бастап ауданды газдандыру бойынша жалпы құны 130,7 млн. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асуда. Атап айтсақ, Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің, аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығының, сонымен бірге аудандық қаржы бөлімі ғимараттарының жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстары жүрді. Одан бөлек, кенттегі «Ақмаржан», «Күншуақ», №19 санаториялық бөбекжайларын газбен жылыту мақсатында жұмыс жасалып жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, биыл кент іргесіндегі Ақсу ауылдық округіне газ кіреді. Аудан халқының есіне сала кетейік, 2021 жылы Ақсу елді мекенін орталықтандырылған газ желісімен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 9,2 млн теңге бөлінген болатын. Өткен жылы жобалаушы мекеме «Прикаспийское управление строительства Шымкент» жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстарын аяқтап, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба құны 545,250 млн. теңгені құрады. Жобаны бюджеттен қаржыландыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Өткен жылы осы аталған елді мекенді газдандыруға байланысты жоба қолдау тауып, биылғы жылдың бюджетіне қаржыландыруға енгізілген болатын. Сонымен бірге М.Шәменов елді мекенін газдандыру үшін тиісті қаржысы қаралды. Жоба құны 710,4 млн. теңгені құрайды. Аудандық бюджеттен 7,6 млн. теңге қаржы қаралып, ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өтіп жатыр. Бұйыртса, М.Шәменов ауылы тұрғындарының да көгілдір отынның игілігін көретін күні алыс емес.
Қандай да бір тауарды тұтынушы ең алдымен оның сапасына мән береді және талап етеді. Осы орайда халық көкейінде газ тарату жұмыстарының сапасы және қауіпсіздігі жайында да сауал болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл жайында біз «Қызылорда газдандыру жүйесі» КММ-ның Жалағаш аудандық учаскесінің бастығы Сәбит Жаңашовтан сұрап білдік.
– Ауданымызға газ кіргелі екі жыл болды. Көгілдір отынды халық қазір тұтынып отыр. Газ желісінің құрылысын жүргізіген мердігер мекемелерден ең алдымен жауапкершілікті талап етеміз. Біздің мекеменің басты мақсаты газды халыққа үздіксіз жеткізіп отыру және қауіпсіздігін қадағалау. Ол жұмыстарды арнайы мамандар атқарады. Нақтырақ айтсақ, газ кіргізетін үйді алдын ала тексеріп, талаптарға сәйкестігін анықтайды. Тұрғындар тек құжатта көрсетілгендей техникалық қауіпсіздікті сақтауы тиіс. Сосын тағы бір айта кететін жайт, газ пештерінен немесе үйге кіріп тұрған желілерінің бойынан ақау анықталса, дереу 109 нөміріне қоңырау шалып, тиісті мекемеге хабарласқаны жөн. Өйткені, қандай да бір игілікті жұмыстың жауапкершілігі болады және соның басында тұрғындардың қауіпсіздігі тұр. Айта кетейік, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін газ орнататын әрбір тұрғын үй және кәсіпкерлік нысандар техникалық қызметті пайдалану мақсатында мердігер мекемелермен техникалық келісім-шартқа отыруы міндетті. Бұл заң жүзінде талап етіледі. Егер келісім-шарт болмаған жағдайда алдағы күндері ол нүктелерге газ берілмейді. Себебі кейбір кездерде пеш сөніп қалады немесе дабыл жүйесі істен шығуы мүмкін. Сондай кездерде біздің мекеме қызмет көрсетпейді. Әлгі келісім-шарт жасасқан мердігерлер шұғыл көмекке келуі тиіс. Ал біздің мекеме тек халыққа газ тарату қызметімен ғана айналысады және соған қосымша дабыл қоңырауы бұзылып, газдың иісі білінген кезде ғана қызмет көрсетеді.
Газ пайдаланушылар аса сақ болғаны жөн. Үйдегі газ пештерінің дұрыс жұмыс істеуін, булықтың үнемі ашық тұруын, дабыл жүйесінің электр көзіне қосылып тұруын жіті қадағалап отыруы керек. Сондай-ақ, үйде қазандық пешінің болғаны да дұрыс. Бұл табан астынан апатты жағдай орын алған кезде қосымша жылу көзі ретінде қажет. Сонымен бірге тұрғындар газ кіргізбес бұрын біздің мекемемен алдын ала кеңесіп алу керектігін айтар едім. Ол үшін техникалық шарт жасалады. Оған үйдің техникалық құжаты, жер телімінің құжаты, меншік иесі туралы құжат және жеке куәлік қажет.
Ауданымызға газдың келгені аудан халқы үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Алайда игілігімізге тұтынып отырған тұрмыстық қажеттілік үшін төлем жасау міндетіміз. Қазірде көп тұрғындар газды қажетінше пайдаланып, төлем жасайтын уақытта жауапкершіліктен жалтарады. Көбі кешіктіріп төлейді. Соның салдарынан газ тарату жұмысының жүйесі бұзылады. Сосын газ пайдаланушылар тарапынан туындап тұрған тағы бір мәселе бар. Ол – біздің қызметкерлеріміз үшін тұрғын үйлердің ішінде орналасқан есептегіш құралдың көрсеткішін көрудің қиындығы. Тұрғындар үйлеріне кіргізбейді. Біз есептегіш құралдың көрсеткішін көріп отыруымыз керек. Осы жағы қиындық туғызып отыр. Тұрғындардың есіне сала кетейін, ай сайынғы төлемді «Халық» банкі және «Каспий» банкі арқылы үйде отырып жасауға болады. «Каспий» банкте төлем мөлшері мен қарыздар көлемі де көрсетіліп тұрады, – дейді Сәбит Еркінболұлы.
Иә, расында газды кіргізу бар да оны жүйелі пайдалану бар. Сондықтан көгілдір отынның игілігін көріп отырған әрбір тұрғын жоғарыда айтылғандарды ескергені абзал.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!