ЖИТС жайлы көп естиміз. Бірақ оған көбіміз мән бермейміз. «Оның бетін ары қылсын, Құдай сақтасынмен» шектелетініміз тағы рас. Бірақ «сақтансаң, сақтайды» демекші, ғасыр індеті атанған дерт жайлы білгеніміз – ұрпағымызды сақтағанымыз. Адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни АИТВ инфекциясы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті мәселе болып отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде елде АИТВ-мен сырқаттанушылық 2 есеге артқан, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық психоәлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Айман Бекниязова айтты.
Спикердің айтуынша, АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру. Вирус адамның иммундық жүйесіне әсер етеді, нәтижесінде ағза әртүрлі инфекцияларға, нақтырақ айтсақ, бактериялық пневмония, адам папилломавирусы, кандидоз, герпес зостерін жұқтыруға бейім болады. Сондай-ақ қатерлі ісіктерге өте сезімтал келеді, ең сорақысы, науқасты өлімге әкелуі мүмкін. ЖИТС – аурудың соңғы немесе терминалды сатысы.
Инфекция көзі – вирус жұқтырған адам, вирус тасымалдаушы немесе ЖИТС-пен ауыратын адам. Вирус тасымалдаушылар көбінесе жұқтырғанын білмей, өздерін сау деп санайды, өйткені оларда бірнеше жыл бойы ауру белгілері байқалмауы мүмкін. Дәрігер АИТВ-ның жұғу жолы оңай екенін айтады. Бірақ одан толық сауығып кету мүмкін емес. Себебі ағзаға бір енген вирус өмір бақи жүреді. ЖИТС-тің шегі жоқ, ұлт, жыныс, жас талғамайды және ол ешкімді аямайды.
– АИТВ-ның негізгі 3 жұғу жолы дәлелденген. Қан және оның препараттары, қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. АИТВ жұқтырғаннан кейін бірден пайда болмайды, 3-6 айдан кейін анықталады. Себебі АИТВ бірден клиникалық көрініс бермейді, сондықтан адамдар өздерін жақсы сезініп жүре береді. АИТВ ны тек қана қанды тестілеу арқылы анықтайды. Адам бұл ауруға лайық емес. Осы індеттен өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін барлық қорғану шараларын қабылдауымыз керек, – дейді А.Қуанқызы.
Жауапты маман аурудың негізгі клиникалық белгілеріне де тоқталды. Инкубациялық кезең 2-3 аптадан 3 айға дейін созылады. Содан кейін жұқтырған адамдардың үштен бірінде аурудың өткір кезеңі дамиды, яғни қызба, тамақ ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі, мүмкін бөртпе, жалпы әлсіздік байқалады. Ол 2-4 аптадан кейін емделусіз өтеді. Жұқтырған адамдардың 2/3 бөлігінде бұл кезең жасырын түрде өтеді. Осыдан кейін ұзақ уақыт бойы аурудың клиникалық белгілері болмауы мүмкін.
Содан кейін адамда АИТВ инфекциясы бар екеніне күдіктенуге мүмкіндік беретін бірқатар клиникалық белгі пайда болады. Орташа алғанда инфекцияның басынан АИТВ инфекциясының соңғы сатысына дейінгі мерзім 10-15 жылға созылуы мүмкін. Бірақ кейбір жағдайларда ауру бірнеше ай ішінде ЖҚТБ-ға айналады.
Өлімнің бірден-бір себебі – оппортунистік инфекциялар және капоши саркомасы, ал АИТВ/ЖИТС-ауруы бар нашақорларда туберкулез ауруы да болуы мүмкін.
АИТВ диагнозы арнайы қан анализінің нәтижелері бойынша қойылады, ол көп жағдайда инфекцияны жұқтырғаннан кейін 3 ай аралығында нәтиже береді. АИТВ-инфекциясына тексеруді жасырын түрде де жүргізуге болады. Кез келген адам өзінің АИТВ мәртебесін білуге құқылы, ол үшін қан тапсырып нәтижесін біле алады.
АИТВ жұқпасымен күресу – аса қауіпті аурумен күресудің пәрменді шараларының бірі. Әлем ғалымдары АИТВ жұқпасына қарсы тиімді дәріні жасауға жұмыстар жүргізіп, біршама жетістікке жеткен, алайда осы күнге дейін ауруға қарсы нақты екпе табылмапты. Осы ретте спикер инфекциядан сақтанудың ең тиімді және кепілдендірілген жолы, оның нәтижесі әрбір адамның мінез-құлқына байланысты деп есептейді.
– АИТВ-дан қорғану үшін жастарымыз жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір сүре білу керек. Себебі бұл індетке көбіне санасы уланған, жаман жолға түскен адамдар шалдығады. Сондықтан біздің болашағымыз жастарды өмірде дұрыс жолмен жүріп, жат қылықтардан бойымызды алшақ ұстауға шақырамын. Сол кезде ұлт болашағы жарқын, ұрпағымыз сау болады, – дейді дәрігер.
Спикер журналистердің «АИТВ-ның вертикальді, яғни анадан балаға берілу жолы мүмкін бе?» деген сұрағын да жауапсыз қалдырмады.
Бекітілген нормативті құжатқа сәйкес әрбір жүкті әйел АИТВ-инфекциясына 2 мәрте тексеріледі. Егер әйел қанынан вирус табылса, оған жатырішілік инфекцияның алдын алу үшін арнайы вирусқа қарсы препараттар тағайындалады. Осы препараттарды үзбей ішудің арқасында дені сау баланы өмірге әкеле алады.
Айта кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, соның ішінде біздің елде 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орайластырылған АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша айлық өткізіледі. Жүргізілетін науқанның мақсаты – республиканың тұтас халқының, әсіресе жастар арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру және алдын алу мәселелері бойынша, оның ішінде ББЗ-дан бас тарту, жауапты, қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыру және барлық мүдделі тараптардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту жолымен хабардар болу деңгейін арттыру.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, адамдар өз денсаулығына жауапты екенін естен шығармаған жөн.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!