Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:32

Кәсіпкер келіншек

04.07.2023

597

0

Ағылшын жазушысы Бернард Шоу «Қолынан іс келетін адам жасайды, келмейтін адам үйретеді» дейді. Рас, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе кедергі бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ынта-жігер ұштасса болды. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан ары дөңгелентіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарға төтеп беру ерік-жігердің күштілігіне байланысты.

Ниеттен туған құлшыныс кезіккен қиындықтардан өтуге серпін береді. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, талпыныс, ізденіс арманға жетуге үздіксіз же­те­леп, түбінде мақсаттың шы­ңына шығарады. Бүгінде еліміздің түк­­­пір-түк­пірінен осын­дай талабы мен та­­­бан­­дылығын бір арнада тоғыстырып, кә­сібін шалқытып отырғандар көп-ақ. Біз­дің өңірде де кә­сіп­керлік саласына тың идеялар әкеліп, да­муына серпін берген кәсіп иелері бар­шылық. Солардың бірі – Мәдениет ауы­лы­ның тұрғыны, кәсіпкер келіншек Ақмоншақ Төлеген. Онымен әңгімелесіп, кәсібінің қыр-сырын білу үшін арнайы іздеп барған едік.
Мәдениетке табан тірегенімізде бұл ауылда тындырымды тірлік барын бай­қадық. Әсіресе ауыл тұрғыны Ақмоншақ Төлегеннің кондитерлік дүкенінде кезекте тұрғандар көп екен. Біз барғанда арнайы тапсы­рыспен кондитерлік өнімдер пісіретін кә­сіпкер жұмыс үстінде жүрді.
Ақмоншақ – қай­тарымсыз грантқа ие болып, мемлекет қолдауын көргендердің бірі. Кәсіп иесінің кондитерлік бұрышында сіз іздеген тәттінің бәрі бар. Тоқаш, торттың түрлері, бәліш пен тәттілерді, самса, пицца және нан өнімдері тағы не дейсіз, бәрі-бәрі осында.
Ауыл тұрғындары-ақ кәсіпкердің жұ­мысын қыздырып тұр. Әсіресе жаз ай­ла­рында тапсырыс кө­бейеді екен. Тәтті өнім­дерді қолдан пісі­ретін Ақмоншақтың жос­пары да жоқ емес. Алдағы уақытта кон­ди­терлік кәсібін кеңейтіп, дамытуды қолға алмақ.


– Алғашында болашақтағы кәсібімді қалай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ойландым. Қайтарымсыз грантқа ие болған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім кондитерлік кәсібім жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзімнің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де тәттілер пісіруде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Осында тұрмысқа шыққан соң бұл қолымнан келіп тұрған қабілетімнен қол үзіп қалғым келмеді. Сұраныс бар, кө­ріп тұрғаныңыздай, азық-түлік дүкенімнің де саудасы жақсы. Пісірген тәттілерімді, торттарымды, жасаған сусындарымды осы дүкеніме сатылымға қоямын. Ауыл адам­­­дарының да дені үйренген, пісірген өнім­­дерімді сүйсініп тұрып сатып алады, – дей­ді Ақмоншақ.
Кәсіпкер келіншекпен әңгіме үстінде жас та болса жан-жақтылығына, табандылығы мен ізденімпаздығына таңданғанымыз рас. Өйткені келіншек дүкенінің жұмысын, пісі­ретін тәттілері мен дайындайтын сал­қын сусындарын үлгертіп қана қоймай, той-томалақ, мерекелік кештерді безен­діруді, тапсырыспен тұсаукесер, қыз ұза­ту, құдалық сынды мерейтойларға ар­нал­­ған тойбастарлар жасауды да қолға алыпты.
– Бұл әрине оңай емес қой. Келін болғасын үй тірлігін, дүкеннің келушілерін, кондитерлік жұмысыммен қа­тар тап­сы­рыспен безендіруге, тойбастар сый­лық­та­рын жасауға уақыттың тығыз екені анық. Бірақ жаспыз, ниет болса, үл­геруге бо­лады. Қосымша қолға алған жұмысым бойынша қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс алып үлгердім, шүкір, ойдағыдай жасап жатырмын. Бастысы, тапсырыс бе­ру­ші­лерден алғыс алып жатырмын. Соған қа­ра­ғанда жасаған жұмыстарым сұ­ра­ныс­қа сай деп есептеймін, – деген кейіп­ке­­рі­міз мұнымен тоқтап қалмайтынын да жа­сырмады.
Ол мемлекеттен қолдау бол­са, кәсібінің көкжиегін әлі де кеңейтуге ынталы. Шын­туайтында, кез келген іскер келін­шек өз ісінде биіктен көрініп, жетістікке же­туді қалайды. Ал оған қалай қол жеткізуге бо­лады? Әрине оған алдымен үлкен ең­бек керек. Кәсіп бастар алдында жоспар құру, қажетті қаражатты табу – үлкен іс. Кәсіпкер келіншек тапсырысының көптігіне қарамастан көтеріңкі көңіл-күймен жүріп-ақ барлығына үлгереді. Себебі сүйікті ісіңмен айналысу ешқашан адамды шаршатпайды. Тек еңбектену керек. Ақмоншақтың қа­зір тұрақты тұтынушылары да бар. Кон­ди­терлік өнімдер сөресіндегі торт­тар­дың бағасы 3500-7000 теңге ара­лығында. Кәнігі «Ме­до­виктен» бастап, «Қызыл барқыт», «Вупи­пай», «Бисквитті» торттарды кезік­тіресіз. Біз барған кезде дүкеніндегі мұз­датқышын жаздың ыстық күндері сұ­ранысқа ие салқын сусындарға толтырып қойыпты. «Алыстан ат терлетіп келіпсіздер, салқын судан ішіңіздер» деген соң Ақмоншақтың өз қолымен дайындаған сусынының дәмін көрдік. Расын айту керек, «Лайм», «Мохито» деп аталатын салқын сусындарының дәмі кәнігі дүкендерде сатылатын сусындардан артық демесеңіз, кем емес. Аядай ауылда отырып, қаншама тірліктің басын құрап, келістіріп, үлгертіп отырған келіншектің адам жатырқамайтын ашық мінезімен сүйсінткені тағы бар.


Әңгіме арасында кейіпкердің оқу ор­нын сұрап, негізгі мамандығынан да ха­бардар болдық. Ақмоншақ Төлеген Қор­қыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетін Қаржы мамандығы бойынша Эко­номика және бизнес бакалаврын тә­мамдаған. Мұнымен қоса Әскер ка­фед­расын қаржылық қамта­масыз ету маман­дығын алған запастағы офицер. Негізгі мамандығы бойынша жұ­мыс жасағысы келгенімен ауылда мүм­кін­дік болмағанын айтады. Сол себепті кәсіпке бетбұрып, тәуекел еткен.
Қысқасы, кейіпкеріміз – алдына мақ­сат қойып, қабілеті мен мақсатын бір ар­наға тоғыстырған жан. Ауыл көлемін айтпа­ғанда, Ақмоншақтың өнімдеріне көрші ауылдардан тапсырыс түсіп жатады. Бастысы, халықта сұраныс, кәсіпкерде ынта-жігер бар. Жас та болса үлкен істі дөңгелентіп отырған Ақмоншақтың ісіне береке берсін дейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: