«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдеде Конституциялық заңның қабылдануы елімізде кассациялық соттарды құру туралы жаңа норманы енгізуімен ерекшеленіп отыр. Бұл құжатқа сай бірнеше заңмен кодекске толықтырулар енгізілді. Ал 21 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалауға және іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңға енгізілген жаңа өзгерістерде 2025 жылы құрылатын үш дербес кассациялық соттың қызметіне байланысты тетіктер толық шешімін тапқан.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде үш дербес кассациялық сот жұмысына кіріседі. Кассациялық соттардың тәжірибеге енгізілуімен Жоғарғы Соттың да функциясы өзгереді. Сәйкесінше Жоғарғы Сот істерді тек ерекше жағдайларда: Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша ғана қайта қарауы мүмкін. Сондай-ақ республика соттарының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықты сақтау мәселелерін қарау, сот практикасы мәселері бойынша түсініктеме беру, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу де Жоғарғы Соттың міндеті ретінде айқындалған.
Кассациялық соттарға қатысты жаңашылдықтарды халыққа таныстыру, түсіндіру аса өзекті. Себебі, халықтың қалауына сай дайындалған заңның игілігін көпшілік көруі, білуі тиіс. Заңның құндылығы да, өміршеңдігі де осында. Айталық, кассациялық саты қылмыстық және азаматтық істерді қайта қарауды алты ай ішінде аяқтауы тиіс. Сондай-ақ, азаматтық және қылмыстық істерді қараудағы шектеулердің алынып тасталуы да оң өзгерістің бірі.
Кассациялық соттардың құрылуы құқық қорғаудың жаңа деңгейі болып табылады, яғни, ол азаматтардың құқықтарымен заңды мүдделерін қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етеді. Енді төменгі сатыдағы соттардың шешімдеріне күмәнданған азаматтар Жоғарғы Сотқа дейін бармай-ақ, кассациялық деңгейде өз құқықтарын қорғай алады. Кассациялық соттардың құрылуы істерді қараудағы әділдікті қамтамасыз етеді, сот жүйесіне деген сенімді арттыруды және сот тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
Жалағаш аудандық сотының
бас маманы Д.Ә.Шадаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!