Конго-Қырым қанды қызбасы – табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру кененің шағуы арқылы немесе ауру адамнан сау адамға жұғады. Негізінен ол көктем және жаз мезгілдерінде көптеп кездеседі. Осы мезгілдерде кене өсіп-өнуі үшін аса белсенділік танытып, жан-жануарларға, малдарға және адамдарға қан сору үшін шабуыл жасайды. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімшесінің сан эпид қызмет маманы М.Ажарбаева осылай деді.
Спикер адам денесіне кене білдіртпей және ауыртпай терінің жұмсақ жеріне жабысып, қан соратынын айтады. Кене Конго-қырым қанды қызбасы ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы екен. Сондай-ақ ол ұрпақтан-ұрпаққа осы қоздырғыштардың тұқымын сақтап, таратып отырады екен.
Басқарма маманы аурудың белгілерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Яғни кене шаққаннан кейін ол 7-14 күн ішінде білінеді екен. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, өліп кетуі де мумкін, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырады.
– Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, оны пинцетпен немесе киім тігетін жіппен байлап, жайлап ырғап алып тастау керек. Кене шаққан орнын йод ерітіндісімен өңдеп, алынған кенені өртеп жіберген дұрыс. Кенені жалаңаш қолмен ұстауға, езіп мыжуға, қой қырқым кезінде қолғапсыз жұмыс істеуге болмайды. Табиғат аясында, саяжайда демалғанда кенеден қорғану шараларын мұқият сақтау қажет, – дейді М.Ажарбаева.
Айта кетейік, Қызылорда облысы Конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы болып табылады. Соңғы жылдары Қырым қанды безгегін тасымалдайтын кенелер саны едәуір өскен. Алдын ала барлау, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде конго-қырым геморрагиялық қызбасының 2023 жылы серопозитивті кенелер анықталған қолайсыз елді мекендер қатарына біздің ауданның 12 елді мекені кіріп отыр.
Осы зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, жұқпалы індетті кенелердің аймағы кеңейіп, қауіп тудыруда. Сондықтан жылма-жыл кене санының көбеюі, ол кенелердің адамға, малға шабуылы, адамдар арасында қырым қанды безгегінің таралуына ықпал етуде.
Оның басты себебі кенелер қыс айында көңнің астында жатып жұмыртқалап, одан пайда болған кенелер ерте көктемде адамға, малға шабуыл жасайды. Ал көктем, күз айларында мал қоралардағы күл-қоқыстар, қилар уақытылы жиналып, өртеніп отырса, кене саны азаяды. Конго-Қырым қанды безгегіне оң нәтиже берген елді мекендерде санитарлық қорғаныс аймағына, мал басына және мал қораларға залалсыздандыру жұмыстары екі кезеңде жасалады екен.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!