Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Сейсенбі, 17 наурыз, 19:25

Кенеден сақтанайық: денсаулық өз қолымызда

17.03.2026

5

0

Көктем мен жаз мезгілі – табиғат аясында демалу үшін ең қолайлы уақыт. Алайда дәл осы кезеңде адам мен жануарлар үшін қауіпті жәндіктердің бірі кене белсенді болады. Кенелер түрлі жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болғандықтан, олардан сақтану – әрбір азаматтың міндеті.

Кене қандай қауіп төндіреді?

Кене шағуы арқылы адамға бірнеше қауіпті аурулар жұғуы мүмкін. Соның ішінде ең жиі кездесетіндері – кене энцефалиті, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, боррелиоз (Лайм ауруы). Бұл аурулар адамның жүйке жүйесін зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан кене шағуын елемеуге болмайды.

Кенеден қалай қорғанамыз?

Кенеден сақтану үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Дұрыс киіну, табиғатқа шыққанда ашық түсті, денені толық жабатын киім киіңіз. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, жеңді тартып киген жөн.

Арнайы құралдарды пайдалану керек. Кенеге қарсы репелленттерді (жәндік қуу құралдары) қолдану тиімді. Өзіңізді тексеріп отырыңыз. Орман, дала немесе шөпті жерден келген соң денеңізді және киіміңізді мұқият тексеріңіз. Кене көбіне құлақ артына, мойынға, қолтыққа және тізе артына жабысады.

Үй жануарларын бақылау керек. Ит, мысық сияқты үй жануарларын да жиі тексеріп, қажет болса арнайы дәрілермен өңдеңіз.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

Егер кене денеге жабысып қалса, оны өз бетіңізше жұлып алуға тырыспаңыз. Жақын маңдағы медициналық мекемеге дереу барыңыз. Дәрігердің бақылауында болыңыз.

Кене шаққаннан кейін бірнеше күн ішінде дене қызуы көтерілсе, бас ауруы, әлсіздік байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз. Қорытына айтқанда, кене көзге кішкентай көрінгенімен, адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір адам қарапайым сақтық шараларын сақтап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сақ болайық, денсаулығымызды қорғайық!

Арыстанбек ІЗДІБАЕВ,

Жалағаш аудандық ауруханасының

дәрігер эпидемиологы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: