Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 21:16

Кенеден сақтану – аса қауіпті аурудың алдын алу

12.07.2022

497

0

Қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. “Бұл не үшін?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине ата-бабамыз тегіннен-тегін бұлай істеген жоқ. Әрбір істің астарында терең мән, тіпті философия жатыр деуге болады. Бұрынғының адамдары жазық далада күн кешкендіктен түрлі жәндіктерден қорғанудың әдістерін жетік білді және оны тәжірибеде қолданды. Міне, біздің әңгіме басында айтқанымыз кенеден сақтанудың бір әдісі болатын.

Кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағымен де дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге бетіне қопарылып шығады да тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді. Ал ауданның бас санитары Оразғали Аханов малды тоғытудың маңыздылығын айтады. «Бірақ кей жерлерде бұл әдіс іске асырылғанмен, оның тиімділігін аса көрмейміз. Өйткені біріншіден, малды тоғыту үшін арнайы қазылған шұқырлардың іші тар әрі табанына суды ұстап қа­латын цемент секілді құрылыс заттары қойылмағандықтан, кішкене шұқырдың өзін сумен толтыру қиынға түсіп жатады. Өйткені топыраққа су сіңіп кетеді. Сосын мал тоғытылғаннан кейін де қауіпсіз, оқшауланған жерде белгілі бір уақытқа дейін тұруы керек. Үстіндегі кенелер суға тұншыққаннан кейін де бірден түсіп қала салмауы мүмкін. Біртіндеп түседі ғой. Сосын сол жер толықтай дезинфекциялық тазалаудан өтуі ке­рек.


– Бұл жерде қазіргі мал тоғы­татын орындардың ағынды су емес екенін ескеру керек. Шұқырға толты­рыл­ған су болғандықтан, кененің өл­геніне толықтай көз жеткізу керек, – дейді аудандық санитарлық эпиде­миологиялық бақылау басқармасы басшысы.


Иә, қазіргінің адамдары үшін дәл ата-бабамыздың істегенін қайталау қиын шығар. Заманның да талабы бұрынғы көшпелі қазақ тұрмысындағы күйбеңді көтере бермейтіні тағы бар. Бірақ адам үшін денсаулыққа аса мән беру қай дәуірде, қандай заманда өмір сүрсек те төмендемеуі тиіс. Өйткені денсаулық – бірінші байлық.


Газетіміздің өткен санында да кененің адам денсаулығына келтірер қаупі турасында жазған едік. Қайтадан осы мәселеге оралуымыздың да себебі жоқ емес. Соңғы кезде кене шаққаннан тіркелген жағдайлардың өсуіне байланысты тұрғындарды құлақ­тандырғанды жөн санадық. Сақ­тансаң, сақтайды дейміз ғой, сон­­дықтан кез келген адам бір түйір дән­нің көлеміндей ғана жәндіктің адам өмірін қиып жатқанын естіп, біліп тұ­рып, салғырттық танытпауға тиісті.


Ал қарапайым кенеден жұғатын конго-қырым геморрагиялық қызба­сының негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ, кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады. Табиғат аясына, саяжайға демалған сәттерде, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек.


Адам денесіне жабысып, қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқан жөн.


Кенені жұлу да қауіпті, өйткені жұлу кезінде де кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді. Кене шаққанда ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.
Қарап отырғанымыздай, қара­па­йым ғана кененің өзі адам өміріне өте үлкен қауіп әкеледі. Бас санитар қатаң түрде айтқан жоғарыдағы сақ­тық шараларын сақтанып жүру, бар­лығымыз үшін денсаулығымызға ке­летін зиянның алдын алуда көп көмегін тигізеді. Кеше ғана кененің шағуынан ауруханаға түскен жерле­сіміз аурудың асқынуынан өмірімен қоштасқан болатын. Арты қайғылы жағ­даймен аяқталған оқиғаның бол­ғанына шамалы ғана уақыт өткенімен, тағы кенеден зардап шеккендер тіркелген.


Айналып келгенде ата-баба­мыз­дың қаншалықты тазалықты ұстан­ғанын, түрлі кеселдерден қалай қорғанғанын, сақтанғанын айтпай кете алмаймыз. Әсіресе бұрында тікелей мал шаруашылығымен күнелткен халықтың осындай індеттерден аман болуы тұрмыстағы тазалығына, халықтың даналығына байланысты. Қазақтан асқан философ жоқ деп жатамыз. Мәселен, қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қоныстанған көшпелі халық о бастан кененің, жәндіктердің шағуынан болатын аурулардың ал­дын алуды білген екен. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жоямыз. Бас­қалай кененің өлуі мүмкін емес. Ал енді атам қазақ тұрмысында түз­ден үйге оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа тастаған. Яғни отқа сілкігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді. Сосын малдың үстіндегі кенелерден құтылу үшін төрт түлікті тоғытқан. Малды суға айдап ары-бері өткізетін. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады. Осылайша ағыспен ағып кетеді де, мал терісі тазарады. Сосын барып жүнін қырыққан екен. Кенеден жұғатын аурулардан сақтанудың тағы бір түрі ол – мал қораны таза ұстау. Әсіресе мал көңінің ұзақ жатып қалмауын, қораның ылғалды болмауын қадағалау керек.


Жасыратыны жоқ, тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Денсаулықты ауырған кезде емес, ауырмас бұрын, үнемі күту қажет. Адамға берілген күш-қуат пен әр ағза қалыпты тепе-теңдікте, күтіммен жұмыс істеген жағдайда, ағза да сізге ұзақ қызмет ететін болады. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекерден-бекер айтпайды. Басты байлық денсаулық екенін де естен шығармайық. Басқарма басшысының айтары да осы, денсаулық болмаса, ештеңе де болмайды.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: