Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 04:38

Кеңесте қаралған мәселелер шешімін тапты

07.12.2022

437

0

    Бүгін Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты аудандық Кеңес төрағасы Оразбек Ахметов ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Кеңес отырысының кезекті жиынына аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев және тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтсақ, «Жалағаш ауданының ауылдық округтеріндегі инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру (ротациялау) схемасын бекіту туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 18 маусымдағы №120 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулы жобасын талқылау, «Жалағаш ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешім жобасын талқылау, Жалағаш аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 ақпандағы №37-9 «Жалағаш ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы» шешім жобасын талқылау ұсынылды және сонымен бірге 2022 жылы Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің отырыстарында Жалағаш кентінде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты кеңес мүшелері тарапынан айтылған сұрақтар мен ұсыныс, пікірлер негізінде атқарылған жұмыстар тыңдалды.

Бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов, одан кейінгі мәселелер бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ербол, аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова және кент әкімі Мардан Жамалатов хабарлама жасады. Аудан әкімінің қаулы жобасы кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданды.

Мәселен, Марат Мәнерұлының хабарламасында айтылғандай, аудандағы 60 ауыспалы егістікте 33016 гектар инженерлік тұрғыда әзірленген сурамалы жерлер бар екен. Ауылдық округтердегі осы егістік алқаптарға дақылдарды кезектестіріп егу схемасы аудан әкімдігінің №120 қаулысымен 2018 жылы 18 маусымда бекітіліп, 2018-2025 жылдарға жасалынған. Осы схема бойынша ауыспалы егістіктегі танаптардың санына қарай суармалы жерде дақылдарды кезектестіріп егу қолға алынады. Атап айтқанда, 5 танаптық ауыспалы егіс жүйесінде кезектестіру схемасы 5 жылға, ал, 6 танаптық ауысапалы егістікте 6 жылға жасалады. Аудандағы ауыспалы егістіктер негізінен 8 танапты болғандықтан жоғарыда көрсеткеніміздей, 7 жылға жасалған. Мәселен, Мәдениет ауылындағы №6 инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жер 5 танапты болғандықтан ротациялау схемасының мерзімі биыл аяқталады екен. Осыған сәйкес 2023-2027 жылдарға арналған қаулының жобасы дайындалып, қарауға ұсынылған және қолдау тапты.

Кеңес отырысында кент әкімі Мардан Жамалатов Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сауалдар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Атап айтсақ, кенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында тазалық жұмыстары реттеліп, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің алдына контейнерлер қойылған. Алайда, Мардан Сырмағанбетұлы тұрғындар тарапынан есік алдына үйден шыққан қоқыстарды белгіленбеген орындарға тастау әрекеттері тыйылмай келетінін қынжыла жеткізді. Сонымен бірге биылғы жылы кенттегі 5 көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген, келер жылы, яғни 2023 жылы Үркімбаев көшесінде орналасқан екі көпқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізу жоспары жасалып жатыр екен. Тұрғындар және кеңес мүшелері тарапынан көп айтылатын мәселе – көше күтімдеріне қатысты. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин тұйығына 2019 жылы тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан орташа жөндеуден өткен Алтынсарин тұйығы бүлінген. Кент әкімі бұл мәселені шұғыл назарға алып, ауыр жүк көліктерінің жүруіне тиым салынғанын және полиция қызметкерлерінің ұдайы бақылауында болатынын жеткізді. Осы орайда айта кеткеніміз жөн, «Агрохимсервис» мекемесінен тыңайтқыш таситын көліктер қоршаған ортаға зиянын тигізетіні де кеңес отырысында көтерілген болатын. Бұл мәселе бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп, экологиялық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау ескертіліпті.

 Сондай-ақ сенбілік іс-шараларға сәйкес аталған көшелерге тазарту жұмыстары жүргізіліп, кент әкімі аппараты тарапынан бақылауға алынған. Дәуімбай елді мекенін абаттандыру жұмыстары бойынша Ұлы Жеңістің 50 жылдығы және Ғани Мұратбаев көшелері бойына демеушілік есебінен балалар ойын алаңы салынған. Кент көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 33 контейнер алуға аудандық бюджеттен қаражат бөлінген және қазірде көше бойына қойылып жатыр екен. Газ тарту жұмыстарына қатысты олқылықтар, арықтарды қазып, тазалап, көшелерге аяқ су әкелу, егілген ағаштарды күтімге алу, көркейту-көгалдандыру, қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында бейнекамералар орнату және қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.

Кеңес мүшелері тарапынан хабарламашыларға сауалдар қойылып, күн тәртібіндегі кейбір мәселелерге қатысты қосымша ұсыныстар айтылды.

                                                                                                                                 Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: