Шымкент қаласында республикалық «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты «Күміс домбыра – 2024» жас ақындар айтысы өтті. Бұл – жас ақындар арасындағы жылдың ең басты қорытынды айтысы. Төрт жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс биыл да елдің түкпір-түкпірінен іріктелген өнерлі жастарды бір сахнада тоғыстырды. Биылғы додаға еліміздің әр өңірінен 16 ақын қатысты.
Айтыстың басты ерекшелігі ақындар сахнада халықтың алдында жеребе арқылы 16 ақын бір-бірімен жұптасып айтысады. Ақтық кезеңге қазылардың шешімімен 8 немесе 6 ақын жолдама алады. Әр жұпқа 20-25 минут уақыт беріледі. Ақтық кезеңде 6 ақын, яғни 3 жұп айтысады, әр жұпқа 15 минут уақыт бекітілген. Ең үздік өнер көрсетіп бас жүлде алған ақын «Күміс домбыра» иегері атанады.
Жарысқа қатысушылар айтыс өнеріне қызығатын жастардың қатары көп екенін айтуда. Екі күнге созылған бұл айтысты ерекше ықыласпен тамашалаған көрермен айтыс өнерінің құдіретіне таңданыстарын білдірді. Жастардың суырып салма өнерін көрсетуімен қатар, ұлттық өнерімізді ұлықтаған бұл айтыста қазылар алқасы әр өңірден келген. Мәселен, қазылар алқасының төрағасы «Алтын домбыра», «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков болды. Қазылар алқасы құрамында Еркебұлан Қайназаров, Өміржан Көпбосынов, Анар Жаппарқұлова және Ахметжан Өзбеков секілді қазақ өнерінің майталмандары бар. Олардың әділ төрелігі қатысушылардың өнерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Айтысқа қатысушылар сахнада шеберліктерін көрсетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді сөзбен өрнектеді. Әсіресе, елдік пен бірлік, рухани құндылықтар, жастардың рөлі секілді тақырыптар басты назарда болды. Әр ақынның өнері қазылар тарапынан әділ бағаланып, жүлделер өз иелерін тапты.
Бас жүлдені қызылордалық, жерлесіміз, жас ақын Бексұлтан Орынбасаров иеленді. Жас ақынға «Күміс домбыра» және қаржылай сыйақы берілді. Бірінші орынға Қарағанды қаласының ақыны Нұрмұхамед Байсүгіров лайық деп танылды. Екінші орынды түркістандық Нұрдаулет Өмірбек пен шымкенттік Нұрмахан Жақыпбек бөлісті. Ал үшінші орынға Алматы облысынан келген Шынарбек Тұрсын мен Шымкент қаласының дүлдүлі Ахметрасул Баянбай қол жеткізді. Айтыста Ұлытау облысынан келген Сырым Нығызбаев пен Қостанай облысының намысын қорғаған Айбар Рағатов арнайы жүлделермен марапатталды.
– Айтыс өте тартысты өтті. Айтысқа бір ай дайындалдым, нәтижесінде бәрі ойымдағыдай болып, жеңіске жеттім. Сыр еліне «Алтын домбырадан» кейін «Күміс домбыра» келе жатыр. Әрине қарсыластарым мықты болды. Бұл жерде біздің мақсатымыз сөз таластыру емес, тыңдарманның көңіл түкпіріне ой салу. Тәуелсіз елдің ұланы ретінде еліміздің жеткен жетістігі мен жастарға берілген мүмкіндіктерді жырладым. Нәтижесінде жеңімпаз атандым. Кеңдігімен танылған байтақ елімді жырлаудан шаршамаймын. Қуаныштымын! Маған тілектес болған, жанкүйер болған жерлестеріме мың алғыс. Қолдаған аға-бауырларыма мың алғыс, – деді Бексұлтан Орынбасар.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған айтыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Сондай-ақ қазақтың төл өнері мемлекеттің мерейін арттырары сөзсіз.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!