Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы бері басынан дау арылған емес. Өйткені кейбір азаматтардың бұл жүйеге көңілі толмайды. «Ай сайын жалақыдан ұсталады. Бірақ барып ем алып жатқанымыз шамалы. Сонда аударылған қаржы қайда кетеді?» дейді ғой олар. Оның үстіне денсаулық үшін деп аударып жатқан қаржыңыз келер жылға өтпейді. Тіпті белгілі бір жағдайға байланысты бір ай медициналық сақтандыруға қаржы аударылмаса, төлем жасалғанша сіз сақтандырылмаған деген санатқа енуіңіз ғажап емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкімет шешімін қолдады. Алайда мұндай қадамға не себеп болды? Қолдағы бар дерек көздеріне сүйенсек, Премьер-министр Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылғы 18 желтоқсанда Қаржы министрлігіне тапсырма берген. Өз кезегінде Қаржы министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметіне талдау жүргізген. Ашығын айтқанда, аудиттік тексеріс жасаған.
Ел естімеген талай «қызық» бар
Аудит барысында кейбір ер адам әйелдерге арналған скринингтен өткен деген дерек анықталған. Ашығын айтқанда, пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің 769446 жағдайы тіркелді. Ол үшін медициналық ұйымдарға 1,8 млрд теңге аударылған көрінеді. Мәселен, Аikyn.kz-ке жарияланған Елдос Сенбайдың «Ақ халатты» қаржыгер медицинаға пана бола ма?» атты мақаласында 768827 ер адам әйел ауруларына (жатыр мойны обырына) скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілгені жайлы ақпарат бар. Алматы облысындағы тек бір аудандық ауруханада осындай 11123 жағдай анықталыпты. Айтпақшы, аудит жасанды интелект арқылы жүргізілген деген де мәлімет бар.
Осы жылдың 21 қаңтарында өткен Үкімет отырысында бұрын жүргізілген ақпараттық медициналық жүйелерді талдау нәтижелері бойынша тиісті тексерулер басталып кеткені және кінәлілердің жауапқа тартылатыны айтылды. «Қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін биылғы 1 шілдеге дейін МСӘҚ ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне енгізу тапсырылды», – делінген Рrimerminister.kz сайтында.
Қаржы министрі не дейді?
Осы жылдың 16 қаңтарында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Қаржы министрі Мәди Такиев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметіне жүргізілген талдаудың қорыдынсын баяндады.
Талдау қорытындысы бойынша Қаржы министрі бюджеттік шығыстардың өсуіне қарамастан (2026 жылы осы мақсаттарға арналған шығыстар 2,4 трлн теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге артық) Қордың тиімділігі артпай тұрғанын жеткізген. Бұл ретте 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 млрд теңге болған. Талдау көрсеткендей, қаражаттың едәуір бөлігі қор активтерінде жинақталады және медициналық қызмет көрсетуге жұмсалмайды.
– Талдау қосарланған қаржыландырудың кең таралған 2 жағдайын анықтады. Біріншісінде – жекеменшік медициналық ұйымдардың жұмыс беруші тарапынан ерікті медициналық сақтандыру бойынша және МӘМС қорының қаражаты есебінен бір мезгілде төлем алуы болса, екінші жағдайда – бір науқастың бір мезетте екі медициналық ұйымның базасында қатар тіркелуі, – деді Қаржы министрі.
Тағы бір айта кетерлігі, салық органдары медициналық ұйымдардың басшыларына камералдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасаған. Нәтижесінде 2024-2025 жылдар аралығында 1465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік объектісін сатып алғаны, 912 адамның 1416 автокөлік иеленгені анықталды. Жекелеген басшылардың әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік объектісін және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.
Сонымен қатар Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базасының шашыраңқылығы назарға алынған. Пациенттер мен медициналық ұйымдар бойынша бірыңғай деректер қорының болмауы қолданыстағы нормативтік базаның көп жағдайда халыққа медициналық көмек көрсетудің түпкі нәтижесіне емес жекелеген ұйымдардың (МӘМС, «СК Фармация») қызметтеріне байланыстырылуына алып келді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, жарақтандырылуы және кадрлық талаптары бастапқы расталғаннан соң одан кейінгі бақылау іс жүзінде жүргізілмейді. Бақылаудың алдын алу тетіктері құрылмаған, бұл медициналық ұйымдардың ТМККК және МӘМС құралдарын мақсатсыз пайдалануды дер уақытында болдырмауға мүмкіндік бермейді.
– Жүйеде үнемдеуге ынталандыру жолға қойылмаған: үнемделген қаражатты бюджетке қайтару құралдары қарастырылмаған. Тиімділікке емес, қаражатты игеруге деген мотивация орныққан. Тариф белгілеуде де белгілі бір проблемалар анықталды. Жүйеде 3 мыңнан астам тариф қолданылады, бұл медициналық қызметтерді әкімшілендіру мен бақылауды едәуір қиындатады, – деді министр.
Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесіндегі былықты қатаң сынға алып, миллиардтаған қаржының «қағаз жүзінде» ғана халыққа жұмсалып, іс жүзінде біреулердің қалтасына кеткенін баса айтты.
– Ел экономикасы үшін жұрт болып жұмылып жатқанда, әлеуметтік саланың қазынасындағы қаражатты тонап, құжаттарды қолдан жасағандар шықты. 2024-2025 жылдары медицинаға 7,8 триллион теңге (15,5 миллиард доллар) бөлінді. Ал сол қаржының басым бөлігі азаматтардың денсаулығын жақсартудың орнына, әлдекімдердің жеке мүддесіне қызмет еткен, – деген Президент осы былыққа жол бергендердің ешқайсысына аяушылық болмауы керектігін ескертті.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 21 қаңтардағы Үкімет отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілгенін мәлім етті. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы ашық әрі нәтижеге бағдарланған жүйе қалыптасады.
Несін жасырамыз, медициналық қорға бүтін бір мемлекет халқының денсаулығы тәуелді болып отыр. Аталған қорды Қаржы министрлігіне беру арқылы Үкімет бақылауды күшейтпекші. Екінші жағынан деректерді өңдеуді бір жерге шоғырландыруға ден қойған. Бұл дегенің енді қаржыгерлер емханалардың ісіне тікелей араласады деген сөз. Бұл іске салық органдарының қызметкерлері де араласуы бек мүмкін. Қабылданған шешімнің қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!