Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 03:58

Мәселелер назарға алынды

11.07.2023

174

0

Заң шығарушы органға жаңа депутаттардың сайланғанына да 3 ай уақыт болыпты. Сол уақыттан бері қаншама заң шығарылды. 80-ге жуық заң қаралып, оның 15-ке жуығына Мемлекет басшысы қол қойған. 25 заң қаралып, Сенатқа жіберілген. Оның көбісі 30 жылдан бері тоналған мемлекет байлығын қайтаруға негізделген. Темірбек Жүргенов ауылындағы тұрғындармен кездесуінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов осылай деді.

Кездесуде мұнан бөлек ҚР Парла­менті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ер­геш­баев пен ҚР Парламенті Сена­тының депутаты Руслан Рүстемов те бар.
Халық қалаулылары осынша бай­лықты елге қайтаруда қарқынды жұмыс болатынын айтады. Бұған қатысты арнайы қор мен басқарушы компания құрылатын көрінеді.
Осыған дейін қаралған заңдар мен тиісті министрліктер жұмысына қатысты сараптамаларды сөзге арқау еткен депутаттар елде қандай мәселелер бар, олардың шешімі қалай? Бүгінгі сапардың негізгі мақсаты осы екенін жасырмады.


– Өздеріңізбен жолығып, қандай мәселелер бар, қандай ұсыныс-пікірлер бар, әлде де орындалмай жатқан жұмыстар бар ма, мемлекеттік деңгейде атқарылатын шаруалар болса, оны да қарауға дайынбыз. Аудандық деңгейдегі мәселелерді әкімдеріңіз өздері шешіп жатыр деп есептеймін. Әріптестерім де сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды, талап-тілектеріңізді тыңдауға әзір, – деді депутат Мархабат Жайымбетов.
Алдымен халық қалаулыларының бүгінгі сапарына сәттілік тілеген ауыл ақсақалдары әңгіменің басын «айта-айта Алтайды, Жамал апаң қартайды» деген екі қатар өлеңмен бастады. Соған қарағанда көтеретін мәселелері бұған дейін де құлақты қажаған болуы керек. Бұл тұста қарияларға өкпе жоқ, ал оның назарға алынбағаны әлбетте өкінішті.

Жол мен жарық мәселесі
тұралап қалған

Иә, жергілікті тұрғындардың ауыл­дағы электр жарығына қатысты мәселені көтеріп жүргеніне 5-6 жылдың жүзі болыпты. Бірақ әлі күнге дейін шешімін таппаған. Яғни мұндағы электр жарығы Кеңес үкіметінің кезінде жүргізілгеннен жөндеу көрмеген. Жыл сайын құрылысы басталады, электр желілері, бағаналары жаңартылады дегенмен жергілікті халық оның нәтижесін көріп отырған жоқ. Жергілікті билік жобасын әзірлегенімен жоғарыдан қаржылай қолдау таппай отыр екен.
Қызылорданың ауа райынан хабары бар адам жергілікті тұрғындардың жел мен аптап ыстықтан көз ашпайтынын жақсы біледі. Үп етсе жалп етіп өше қалатын ауылдағы электр жарығы расында тұрғындарды әбігерге салып отыр екен. Тіпті тоқтың бір күшейіп, бір төмендеуінен ауылдағы ағайынның тоңазытқышы, желдеткіші, тоқ пеші мен тоқ шәйнегі, үтігі аяқ асты істен шығып, жарамсыз күйге түскен кездері де болыпты. Бір айлық пен зейнетақыға, жәрдемақыға күнелтіп отырған мақпал­көлдіктер бұл ауыл азаматтары үшін айтарлықтай шығын екенін жасырмады.
Қоғам қайраткері атындағы саябақта бас қосқан ақсақалдар бір мәселемен шектелмеді. Олар ауылдағы ішкі кө­ше­лер сапасының сын көтермейтінін де халық қалаулыларының назарына салды.
Сөздерінше, ауылда бар-жоғы 8 көше бар, оның екеуі орталық көше екен. Бұның да шешімін таппағанына бірнеше жыл болғандықтан Темірбек Жүргеновте жол мәселесі тұралап қа­лыпты. Жергілікті халық жылда «жөн­деуден өтеді» деген сөздер әлі күнге дейін жұбаныш болып келе жатқанын айтады.


– Сіздер көтеріп отырған екі мәселе де менің тақырыбым десем де болады. Барынша жауапты министрліктерді «елге қарамайсыңдар ма, әбден тозығы жетті ғой» деп төпелеп жатырмыз. Шындығына келгенде кейбір елді мекендерде электр жарығының, желісінің, бағаналарының жаңармағанына 50-60 жыл болды. Қазір Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Сырдария аудандарының электр желілерін жаңартуға біраз қаржы қаралды. Бұйыртса, Жалағаш ауданына да кезек келеді. Екінші жол мәселесі, бұған да облысқа, аудандарға қаражат қаралады, бұйыртса, бұл мәселені аудан әкімі шешуге күш салады деп сенемін, – деді Мархабат Жайымбетов.
Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың сөзіне сүйенсек, былтыр электр жарығына қатысты демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттар дайындалған, жобаның жалпы құны 338,5 млн теңгені құрайды. Желтоқсан айында мемлекеттік сараптамасы алынған. Ал көшелерге байланысты мүлде жоба дайындалмаған. Биыл Мақпалкөлдегі 8 көшеге арнайы жоба-сметалық құ­жаттары әзірленіп жатыр екен.
Жергілікті бюджеттен Мақпалкөлге биыл 100 млн теңге қаражат бөлінген. Тиісті қаражатқа қоғам қайраткері атындағы саябақ салынды, сондай-ақ Темірбек Жүргенов көшесіне тас төселген. Мұнан бөлек балалар ойын алаңы да бар. Ауылдағы мәдениет оша­ғына да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзір­­ленуде. Асқарбек Темірбекұлы қар­жылай қолдауға ауылда дайын еш­қандай жоба жоғын жасырмады. Ал халық көтерген ішкі көшелер құрылысы мен электр желілерін жаңарту келер жылы жүзеге асатынын жеткізді.

Сыр салысы неге
шамадан тыс егілген?

Жергілікті шаруашылықтар ауылда аяқ судың қат екенін жасырмайды. Оны Мақпалкөлдегі төрағалар сағаның ба­сындағы ауылдарда шамадан тыс егін егілетінімен байланыстырады. Оны кім зерттепті, бұл жағы бізге беймәлім, бірақ шаруалар бұл сөзді нақты бір дә­лелі бар адамдай нық сеніммен қадап айтты.
Облыс 74 мың гектар күріш егуге тапсырыс береді екен. Алайда аймақта жыл сайын 100 мың гектардан астам күріш егілетін көрінеді. Ауыл шаруалары Шіркейлі каналының сол жақ тарма­ғынан су ішеді. Аудан бойынша 45 гектар күрішке рұқсат етілген. Қазіргі таңда 190 текше метр су сағадан кірсе, оның небары секундына 6 текше метрі ғана Мақпалкөлге барады екен.


Шаруалар сөзіне сүйенсек, негізінен 112 текше метр су Шіркейлі каналына жетеді. Осы ретте олар үстіндегі 70 текше метр су 2 қалтаға жұмыс жасап жатыр деп қапалы. Ренжитіндей реті бар секілді, себебі аяқ суға жауапты мекемелер жыл сайын мәселе күрде­ленгеніне қарамастан рұқсат етіл­меген жерлерге де күріш егуге жағдай жасап жатыр екен. Тіпті ауданда ауыспалы егіс жүйесінің сақталмай жатқаны да жанға батады.
Ауылдағы «Ер-Әлі» шаруа қожа­лығы былтырдан бастап 24 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен картоп еккен болатын. Биыл алқаптағы каналға Австралиядан су есептегіш құралын әкеліп орнатқан. Алайда оны құ­руға аяқ суға жауапты жергілікті мекеме қарсы болыпты. Шаруашылық өкілі су есептегіш құралы орнатылса, бы­лықтың бары ашылатындықтан олар осындай шешімге келіп отыр деп есеп­­тейді. Оның тиімділігін дәлелдеу үшін шаруашылық өз қаражатынан 15 млн теңгеге әлгі заманауи аппаратты орнатқан.


Қазіргі таңда канал бойынан рет­сіз су жығуға рұқсат берілмесе де, жергілікті шаруашылықтар мұндай заң­сыздыққа барып жатқан кө­рі­неді. Мұндай бассыздыққа кім бара­ды, әл­бетте жабайы жерге күріш егетіндердің қолынан келеді мұндай іс. Себебі инженерлік жүйеге келген ауыспалы егіс алқабы бар адам тапсырыс бер­ген суына талап етсе де қол жеткізе алады. Бұл мәселе де кешегі кездесуде шаруалардың талап-тілегіне арқау болды. Депутаттар шаруалар көтерген мә­селелерді аяқ суға жауапты мекеме­лермен бас қосып талқылау қажеттігін айтты.

Ардагерлер арнайы мәртебе бекітілсе дейді

Мақпалкөлде ядролық полигон ке­зінде әскери борышын өтеген біршама азамат болыпты. Өкініштісі, бүгінде солардан екі азамат қалыпты. Негізінен оларды Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген дейді. Бірақ ардагерлер нақты мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмайтынын айтады.


Былтыр қазан айында жергілікті әскери комиссариат сол тұста ядролық полигон аумағында әскери борышын өтеген ардагерлер құжатын жинақтапты. Құжаттар түгенделгеннен кейін бұл мәселе Сенат қабырғасында көтерілуі тиіс екен. Ардагерлер енді соның нәти­жесін сұрап отыр. Бұған қатысты сена­тор Руслан Рүстемовтың өз айтары бар.
Бір апта бұрын Парламент қабыр­ғасында Семей ядролық полигонындағы жер аумағын қайта бекіту туралы заң қаралыпты. Сол тұста бүгін ақсақалдың талап-тілегіне арқау болған мәселені Руслан Рүстемов те көтеріпті. Әлі күнге дейін Семей ядролық полигонына қа­тысқан ардагерлерге арнайы мәр­тебе бекітілмеген. Арнайы мәртебе чернобыл апатына қатысқандарда, ау­ған соғысында қатысқандарда, Тәжік-Ауған шекарасына қатысқандарда бар, алайда бұларға бекітілмепті. Бо­ла­­шақта оларға да мәртебе беруді бекіту қажеттігін сенатор көтерген екен. 2020 жылы 6 мамырда қабылданған ар­да­герлер туралы заңда осы мәселе қам­тылуы керек деп есептейді.


– Мұның ішінде тағы бір кілтипан бар, біз – құқықтық мемлекетпіз, сон­дықтан барлығын заңмен реттеуіміз керек. Жаңағы заңның ішінде сіздер айтып тұрған Ресейдегі Подольск қала­сындағы әскери комиссариат ар­хивінен тікелей қатысқаны жөнінде құжат аласыздар. Сіздің әскери биле­тіңіздегі факт жеткіліксіз. Себебі әлгі архивтің қатысқаныңызды растайтын анықтамасы керектігі заңда жазылған. Мен әлгі «тікелей қатысты» дегенді өзгертейік деп мәселе көтердім. Се­бебі бұл азаматтардың мәртебесін ай­қындауға, әлеуметтік жәрдемақы алуы­на кедергі келтіріп тұр. Мұнан кейін арнайы мәртебе белгілеуді де көтер­генмін, – деді сенатор.


Ардагерлер де тікелей қатысты деген айтарлықтай кедергі болып отырғанын айтады. Себебі әлгі архивке барған жағдайда қолыңа анықтаманы ұстата салмайтын көрінеді. Себебі оған тікелей тек ғалымдар мен жоғары шенді әскери қызметкерлер ғана тартылған.


Басқосуда мұнан бөлек балабақша ғимаратына қатысты, сексеуіл алуға рұқсат берілсе дегендей талап-тілек­тер айтылды. Асқарбек Есжанов бү­гінгі таңда ғимарат мәселесі назарға алын­ғанын айтса, депутаттар сек­сеуіл­ Қызыл кітапқа енгендіктен рұқсат етілмейтінін алға тартты.


Халық қалаулыларының кезекті са­­пары Жалағаш кентінде жалғасты. Олар алдымен аудандағы Дәуімбай мен орталықты бөліп тұрған темір­жол үс­тімен өтетін аспалы көпір құры­лы­сымен танысты.
Иә, бұл бұған дейін бірнеше рет кө­терілген мәселе еді, мектеп қабыр­ғасында оқитын тұста үйдегі үлкендердің «теміржолда қыз баланы қағып кетіпті, әлгі қыз сол жерде бақилық болыпты» дегені әлі күнге дейін еміс-еміс есте. Осыдан-ақ бұл мәселенің қанша жылдан бері көтеріліп келе жатқанын бағамдай беріңіз.


Құдай сәтін салып, биыл аспалы көпір құрылыс басталды. Жыл басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұған қатысты аудан жұртының талап-тілегін бірінші рет естіп, мейлінше шешуге жұмыс жасайтынын айтқан. Көп ұзамай жергілікті билік әзірлеген жоба қаржылай қолдау тапты. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысы шығы­сымен құрылысы да басталып кетті.
Бүгінде аспалы көпір құрылысын аудандық тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық, жолаушылар көлігі және авомобиль жолдары бөлімінің тапсы­рысы негізінде «Гүлнұр МК» ЖШС жүргізуде. Бұл жобаға облыс қазына­сынан 328,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда 184,8 млн теңге бөлініп отыр.
Аспалы көпірде жаяу жүргіншілер қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ тік қоз­ғалысы бар жедел саты да қам­тылады. Демек мүмкіндігі шектеулі жан­дарға да жағдай жасалады деген сөз.


Мұнан кейін халық қалаулылары жергілікті мәслихат депутаттары, қо­ғам­дық кеңес мүшелерімен кездесті. Алдымен Руслан Рүстемов бүгінгі сапардың негізгі мақсатына тоқталып, елдің талап-тілегіне құлақ асудың, олар көтерген мәселелердің шешіміне жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды.
– Біріншіден, бүгінгі сапарды Парла­мент қабырғасында атқарып жатқан жұмысымыз бойынша елге есеп беру деп ойлаймын. Қазір Президенттің бастамасымен жаңарулар, жаңғыр­ту­лар болып жатыр, соның ішінде Пар­ламенттің құзіреті өзгерді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы бойынша игі шаралар қолға алынып жатыр. Соның ішінде жаңа­дан Мәжіліс құрамы сайланды, барлық өзгерісті ел арасында кеңінен түсіндіріп келеміз. Халықтың пайдасына жарайтын жаңадан заңдар қабылдау, олардың тетіктерін іске қосу парламент қабырғасында отырғасын бізге міндет деп есептеймін. Алдымызға келген кез келген заңды шикі күйінде қабылдаудан біз аулақпыз. Заңның бабы, оның нормалары, қасындағы құқықтық құ­жат­тары бірлесіп қаралады. Жалпы, кез келген заң талқыдан өтеді, қазірге дейін 82 заң қаралса, Президент 25-іне қол қойды. Бұл әрі қарай жалғасады. Елдің арасынан шығып, елдің ішіндегі ұсыныс-пікірлерді жинақтап, елдегі экономикалық-әлеуметтік рефор­ма­лар­­ды әрі қарай халықтың ұсынысымен дамыту өте өзекті. Сондықтан осы са­парға шықтық, – деді Руслан Рүстемов.


Мәжіліс құрамы сайланғанша Се­нат 2 ай жұмыс жасаған. Руслан сол уақыт ішінде жаңа әлеуметтік кодекс қа­былданғанын айтады. Онда асырау­шы­сынан айырылғандарды жәр­дем­ақы­мен қамтамасыз етуді оңтай­лан­дыру, баға тұрақтандыру мәселесі қам­тылған. сенатор енді осы бағытта нақ­ты мақсатқа жұмыс жасау керек деп есептейді.


Жалпы, биыл әлеуметтік жәрдем­ақылар көлемі 23 пайызға өскен. Әл­бетте бұл бағадағы тұрақсыздықты, инфляцияны ауыздықтауға айтарлықтай сеп болмайды. Сондықтан депутаттар осы бағытта да біршама жұмыс жасау қажет деп есептейді.


Жиында облыстық мәслихат де­путаты Әмір Шаймағамбетов аудан­дағы бірқатар өзекті мәселелерді қос палата депутаттарының назарына салып, оң шешімін тапса деген ұсынысын жеткізді. Мұнан кейін халық қалаулылары «Amanat» партиясының аудандық фи­лиа­лында жалағаштықтарды жеке мә­селелері бойынша қабылдап, тұрғын­дардың талап-тілегіне құлақ түрді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: