Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 18:41

Мәселелер шешімін тапса игі

02.07.2024

294

0

Кім не десе, о десін, соңғы жылдары ауданда спорт саласы тың серпінмен дамып келе жатқанын мойындауымыз керек. Жергілікті спортшылардың байрақты бәсекелерде жиі топ жаруы, ұлттық құрама қоржынындағы медальдар санын еселеуі бұл сөзімізді қуаттайды. Еркебұлан Жамалатов басқаратын саланың ерекше қарқынмен алға басатындай жөні бар, өйткені ауданда бұқаралық, ұлттық спорттың дамуына негізделген спорттық-сауықтыру іс-шараларының сапалы әрі тиімді жүргізілуі, қатысушылардың деңгейін жақсарту бағытында спорттық үйірмелердің талапқа сай жұмыс жасауы бөлім басшысының тікелей бақылауында.

Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің биылғы спорттық күнтізбелік іс-шаралар жоспарында 77 аудандық, 6 облыстық, 2 республикалық жарыс өткізу жоспарланған. Биыл ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 156 млн теңге қаралған. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бөлім басшысы Еркебұлан Жамалатов осылай деді.


Былтыр ауданда 107 спорттық мате­риал­дық-техникалық база тіркелген. Оның ішінде мың жарым орындық стадион, 94 жаздық алаң бар. Кент ауылдық округтерде 38 балалар ойын алаңы мен жасыл төсеніш алаңдары бар. Ерекең қазіргі уақытта олардың ішінде жөндеуді қажет ететін жасыл төсенішті спорт алаңдары барын жасырмайды. Мәселен, Жалағаш кентіндегі «Күншуақ» балабақшасы аумағындағы, Ақсу, Аламесек, Аққұм, Мақпалкөл, Мәдениет, Жаңақоныс, Далдабай елді мекендеріндегі алаңдардың бүгінде сапасы сын көтермейді. Бөлім басшысы бұл мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтады.
– Бұқаралық спорт саласында аудан тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыттардың бірі болып отыр. Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты «Наркескен» спорт клубында 61 қызметкер, оның ішінде 10 жаттықтырушы, 23 спорт нұсқаушы, «Бодыбай Құлтекенов» атындағы жабық бассейнде 28 қызметкер жұмыс жасайды. Жабық бассейнде 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап үйірмелер ашылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар бойынша айына бір рет спорттық шаралар өткізіліп келеді. Дене тәрбиесі, спорт және туризм саласы бойынша өткен жылдың қорытындысымен дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 39 пайызға көтеріліп, 14063адамға жетіп отыр, оның 9 пайызын нұсқаушылардың спортқа тартқан адамдары құрайды. 2023-2024 оқу жылында №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебі және «Наркескен» спорт клубында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 25 пайызға жетіп отыр. №13, №14 спорт мектептерінде 1813 оқушы 14 спорт түрімен шұғылданса, «Наркескен» спорт клубында 1044 спортшы 8 спорт түрімен шұғылданып келеді, – деді Еркебұлан Сырмағамбетұлы.
Айта кетейік, №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне қарасты 5 ауылдық округте бөлімшесі бар. Тарқатып айтсақ, аталған спорт мектебіне қарасты Ақсу ауылында бокс, қазақ күресі, Таң ауылында таеквандо дзюдо, М.Шәменов ауылында қазақ күресі, дзюдо, Қаракеткен ауылында бокс, дзюдо, Аққұм ауылында 2 топ бойынша қазақ күресі, жеңіл атлетика үйірмесі тұрақты жұмыс жасап тұр. Ал №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты 8 елді мекенде үйірмелер бар. Мәселен, Бұқарбай батыр ауылында еркін күрес, Мәдениет ауылында бокс, дзюдо, белбеу күресі, Аламесек ауылында қол добы, Еңбек ауылында волейбол, бокс, Мырзабай ахун ауылында бокс, таеквандо, Жаңаталап ауылында дзюдо, Мақпалкөл ауылында қазақ күресі, кикбоксинг, Аққырда ауыр атлетика үйірмесі нақты жұмыс жасайды.
Ауданда дене шынықтыру және спортты дамыту саласында өз күштерін бірік­тіру мақсатында облысқа қарасты 2 спорт мектебі және «Наркескен» спорт клубымен өзара ынтымақтастық туралы келісім жа­салған. Соның арқасында спорт­шы­лардың үйірмелерге қатысып, спорт­пен шұғыл­да­нуына барлық мүмкіндік қарас­тырылған. Нәтиже де жоқ емес, қазіргі таңда олардың жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, марқайып жазар дүние көп.
Саладағы жалағаштық саңлақтар 2023-2024 оқу жылында республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 35 алтын, 19 күміс, 34 қола, халықаралық жарыста 1 алтын медаль иеленген. Ал Әлем және Азия чемпионаттарында ел қоржынына 8 алтын, 5 күміс, 4 қола салды.
Ауданда бірінші спорттық разрядты 35 спортшы бар. Мұнан бөлек 107 спорт шеберіне үміткер, 11 спорт шебері болса, 1 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған.
Иә, тізе берсек, бұл салада жетістік көп, мұның барлығы Еркебұлан Жамалатов бастаған ұжымның еселі еңбегінің жемісі екеніне де ешкімнің дауы жоқ. Ерекеңнің бұл саланы тізгіндегеніне көп уақыт бола қоймағанымен жетістігін айтып тауыса алмаспыз. Оның әсіресе «барды бар, жоқты жоқ» деп уақытында айта алуы, салаға қатысты мәселелерді уақытында назарға салып шешімін табуына, аудан жұртының спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндікті қарастыруға қосқан үлесі қомақты. Мемлекеттен салаға қандай қолдау бар, соның барлығын аудан спортының алға басуына бағыттайды.
Бұлай деуімізге негіз жоқ емес, сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, кешегі аппарат мәжілісінде де бөлім басшысы саладағы бірқатар мәселені жергілікті биліктің назарына салып, аудан спортына қолдау сұрады. Бір емес, жеті мәселені жіпке тізгендей жіктеп, саралап берген Еркебұлан Жамалатов аталған мәселелер шешімін тапса, аудан спортының екінші тынысын ашуға жол табылатынын дәлелдеп берді.
Бөлім басшысының әкім назарына салған алғашқы мәселесі аудандағы орталық ста­дион сапасының сын көтермейтіні болды. Шынында тоқсаныншы жылдардың соңында салынған бұл нысанның бүгінде сапасы сын көтермейді. Ауқымды шаралар мен жарыстарды талаптарға сай болмағандықтан бұл нысанда өткізуге мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан стадионды қайта жаңғыр­тудан өткізу қажет. Сондай-ақ кенттегі Өмірбай шешен, С.Отарбаев көшелері мен С.Қалыбаев көшесінің батыс бөлі­гіне, Бұқарбай батыр көшесінің шығыс бөліктеріне көше жаттығу алаңдарын салу керек деп есептейді. Бұл жоба жүзеге асса, сол маңдағы жұрттың бұқаралық спортпен шұғылдануына да мүмкіндік туар еді.
Еркебұлан Жамалатов оқу-жаттығу немесе спорттық жарыстарға жеткілікті деңгейде қаржы бөлінсе дейді. Мәселен, 1 спортшыға кететін шығын 7 мың теңгені құраса, бүгінде қаржы тапшылығына байланысты әр спорт­шыға 6 мың теңгеден бөлініп жатыр екен. Қазір оларға мұндай қолдау керек, бірақ шындығында жергілікті спортшылардың қауіп­сіздігі де бізді алаңдатуы тиіс. Осы ретте бөлім басшысы жалағаштық спортшылардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында оларды жарыстарға, дайындықтарға тасымалдау үшін «Газель» автокөлігімен қамтамасыз ету керек деп есептейді.
Соңғы жылдары ауданда ұлттық спорт түрлері де алға басуда. Бірақ бұл «салаға толыққанды жағдай жасалды» дегенді біл­дірмейді. Ұлттық спортты дамытуда Ере­кең айтқан тағы бір ұсынысты қос қолдап қолдаймыз. Ол ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша көкпар, аударыспақ, теңге ілу жарыстарына 2 жарақты жылқы алуға қаржы қарастырылса деген мәселе көтерді. Сондай-ақ Жалағаш кенті мен іргесіндегі Ақсу ауылдық округі маңынан атшабар салынса деген тың бастама көтерді. Ол Бұқарбай батыр ауылында жеке кәсіпкердің қаржысына бой көтерген спорт кешенін мемлекет меншігіне алып, мекеме ретінде қайта құру керек деп есептейді.
Иә, бөлім басшысы бұл мәселелерді жеке мүддесі үшін көтермегені белгілі. Бар ойы «соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып жатқан сала тұраламаса» дейді. Сондықтан аудан спортына тың серпін беретін бұл бастамалар аяқсыз қалмауы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: