Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:21

Мәжіліс жарнаманы қазақша қатесіз жазуға міндеттейтін заң жобасын мақұлдады

25.02.2021

732

0

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заң жобасының мақсаты – кейбір заңнамалық актілерді көрнекі ақпарат мәселелері бойынша жетілдіру.

Заң жобасының негізгі бағыттары:

деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу; деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу;

«мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы» ұғымын енгізу.

 «Көрнекі ақпарат құралдары, яғни баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама және тағы басқа елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құрал саналады. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған», – деді министр мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтай отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр.

Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимарат ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады.

Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

Райымқұлова мемлекеттік органдарға азаматтардан көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тіл туралы заңнаманың бұзылуына байланысты шағымдар көптеп түсетінін айтты.

«Көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде жазылмауын азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды», – дейді ол.

Айтуынша, көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға 2018 жылы – 12 886, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскен. Ал өткен жылы көрнекі ақпараттар бойынша жедел желіге келіп түскен шағымдар саны – 3442. Аталған проблеманы шешу мақсатында заң жобасы аясында 13 заңнамалық актіге түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Заң жобасынан күтілетін нәтиже:

мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз ету;

деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуды қамтамасыз ету;

мәтіндердің екі тілде теңтүпнұсқалылығын сақтап жазуды қамтамасыз ету. Министр заң жобасын қабылдау еліміздегі тіл саясатын тиімді іске асыруға ықпал ететінін, теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайтынын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: