Химия өнеркәсібі – заманауи экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Бұл сала ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс, медицина, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сынды түрлі бағыттардың дамуына тікелей әсер етеді. Химия саласының қызметкерлері жаңа технологиялар мен инновацияларды өндіріске енгізу арқылы еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға атсалысып келеді. Мамыр айының соңғы жексенбісі – химия өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына сала мамандары арнайы келіп, өнеркәсіптің даму тенденциялары мен болашағы жайлы ой бөлісті.
– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің жанындағы «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана ғылыми, білім беру және инновациялық орталық функцияларын орындай отырып, өңірдің химия өнеркәсібін дамытуда шешуші рөл атқарады. Зертхана энергияны үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды дамытуға бағытталған химия және технология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Мұнай-газ саласына және табиғи және техногендік шикізатты қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Біздің зертхана ел ішінде де, шет елдерде де ғылыми білім беру байланыстарын дамытады. Зертхана ғалымдары 2024-2026 жылдарға гранттық қаржыландыру алған «Ісікке қарсы жаңа препараттарды әзірлеу», «Биомедициналық қолдану үшін циклдік амидин жүйелерін жобалау және синтездеу» секілді бірнеше жобаны табысты іске асыруда. Осылайша, зертхана сала үшін ғылыми-техникалық қолдау мен кадрлар даярлауды қамтамасыз ете отырып, Қызылорда облысының химия өнеркәсібінің тұрақты дамуында шешуші рөл атқарады,- деді химия ғылымдарының кандидаты, жаратылыстану институтының директоры Нұрлыбек Ахатаев.
– Қызылорда облысында ванадий, титан, қорғасын, мырыш, уран және селен сияқты минералды ресурстардың едәуір қоры бар. Баласаускандық кен орны Қазақстандағы ванадий қорының шамамен 65 пайызын құрайды және әлемдегі ең ірі бестікке кіреді. Қазіргі таңда ұлттық деңгейде химия өнеркәсібі тұрақты түрде өсуде. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндіріс көлемі 12,5 пайызға артып, 406 млрд теңгеге жетті. 2035 жылға дейін салаға шамамен 4,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл Қызылорда облысын қоса алғанда, өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады,- деді химия ғылымдарының кандидаты, «Биология, география және химия» БББ-ның профессоры Гүлмира Абызбекова.
– Т.Д.Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығы химия және биология саласында жоғары білікті мамандарды даярлап, білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды әзірлейді. Орталық ғылыми-технологиялық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға белсенді қатысады, сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Біз студенттерге химиялық технология саласында терең теориялық білім мен практикалық дағдырларды қалыптастырамыз. Сонымен қатар, түрлі жобалар мен зертханалық жұмыстарға қатысу арқылы студенттерді ғылыми-зерттеу қызметіне тартамыз,- техника ғылымдарының кандидаты, «Биология, география және химия» БББ-ның қауымдастырылған профессоры Шолпан Еспенбетова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!