Безгек – ауру адамнан сау адамға масалардың шағуы арқылы берілетін паразитарлық ауру. Безгек қоздырғыштарын тасымалдаушы Anopheles масалары.Қазақстан Республикасында жалпы масаның 60-қа жуық түрі кездеседі.Бұл масалардың денесі ұзынша келген, бас, кеуде және құрсақтан тұрады. Басында көздері мен 15 буыннан тұратын иісті және ауаның қозғалуы мен ылғалдылығын сезетін мұртшалары бар.Тұмсығы ұзын, адамдар мен жануарлардың қанын сорып қоректенуге бейімделген.Қуыршақтан ұшып шыққан масалар ауада шағылысып ұрықтанады. Аналығы малдың, жабайы жануарлардың және адамның қанын сорып қоректенсе, ал аталықтары өсімдік шырынымен қоректенеді. Аналықтары жұмыртқаларын су бетіне тізбектеп салады, одан 2-4 күнде дернәсілдері шығады. Олар судағы балдырлармен, қарапайымдылармен қоректенеді. 14-18 күнде жұмыртқадан қанаттанған маса шығады. Безгек масасы бір жазда 2-6 рет ұрпақ бере алады. Қыста масаның аналықтары аңдардың інін, үңгірлерді, үйлердің төбесінде, қоймаларда және т.б. жылы жерлерді мекендейді
Біздің облыс безгек ауруының таралып кету қаупі бар аймақтың бірі болып есептеледі. Облыс көлемінде безгек масасының 4 түрі кездеседі. Бұлар: An. martinius , An.hyrcanus, An.superpictus, An.pulherrimus масалары.Ең кең түрде тараған маса An. martinius. Облыс көлемінің барлық аудандарында кездеседі. An.hyrcanus – біздің облысымыздың орталық және оңтүстік аудандарында кездеседі.Күндізгі уақытта көлдердің жағасындағы өсімдіктердің арасында,яғни салқындау жерлерде болады.Оңтүстік аудандарда тамыз айының аяғында, қыркүйек айының басында ең жоғарғы көрсеткішке жетеді. An.superpictus – бұл безгек масасының біздің оңтүстік аудандарда сирек кездесетін түрі.Ауа райының жылы болғанын қалайды.Бұл масаның личинкалары шілде айының аяғында кездесіп,ең жоғарғы көрсеткіш қыркүйек айының басында болады.Безгек масасының бұл түрі An.martinius масасынан кейінгі өте қауіпті тасымалдағыштар қатарына жатады. An.pulherrimus – безгек масасының бұл түрі облыстың оңтүстік аудандарында кездеседі.Сандық құрамы жағынан өте сирек кездесетін түрі.Ауа райының ыстық болғанын қалайтын маса.Бұл масаның ең жоғарғы көрсеткіші тамыз айының аяғынан,қыркүйек айының ортасына дейін келеді. An. martinius – безгек масасының бұл түрі көбінесе Қазақстанның оңтүстігінде ауа райы ыстық жерлерде және суы тұзды көлдерде кездеседі.Біздің облыста Қаратау жоталарынан бастап,Арал теңізі аралығында кездесетін негізгі безгек масасы болып табылады.Ұрық шашатын ортасы болып күндіз тез қызатын тұзды сулар жиналған жерлер.Біздің жерде бұл масалар сәуір айының 2-ші онкүндігінде ұшып шығады.Бұл уақытта жалпы саны аз болады.Мамыр айының аяғында жаңадан ұрықтан шыққан масалар пайда болады.Шілде айынан бастап бұлардың сандық орташа көрсеткіштері жоғарылап кетеді.Ал тамыз айының ортасынан бастап масаның саны азайып, қазан айының орта шенінде қыстауға кетеді. Безгек таратушы жәндіктер әдетте су қоймаларында,арықтарда,көлдерде,көлшіктерде жиналады.Олар адамдарға кешкілік күн батарда,күн батқаннан кейін және ертеңгісін ерте шабуылдайды.Масалардың үй-ішіне кіруінің алдын алу шараларының бірі есікті, терезелерді, желдеткіштерді ұсақ тормен немесе дәкемен торлап қою керек.
М.АЖАРБАЕВА,
ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО»ШЖҚ РМК Қызылорда обл бойынша филиалының
Жалағаш аудандық бөлімшесінің сан эпид қызмет маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!