Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 80 жасқа толған ардагер Тынымкүл Алмағанбетованың шаңырағына арнайы барып, мерейтой иесін туған күнімен құттықтады. Батыр анаға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, ел үшін еткен еңбек жолына шынайы алғысын білдірді.
Тынымкүл Алмағанбетова 1944 жылы 1 мамырда Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудан экономикасын, мәдениетін, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеруге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесін ескеріп, ҚР Президентінің Жарлығымен «ҚР Еңбек сіңірген денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкері» құрметті атағы берілген.
Ол қазақ жерінің зиялы азаматтары ғұмырнамалық жинақтар сериясының он сегізінші кітабына енді. 2011 жылы «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атанды. Былтыр 20 желтоқсанда елордада ҚР «Bilim-orkenieti» инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгісі берілді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген зейнеткері, «Күміс алқа» иегері. Жолдасы Рахат Алайдаров көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен, зейнеткер, еңбек ардагері. Қазіргі таңда асқар тау әке мен ақжаулықты ана 6 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отыр.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!