Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 21:39

Наубайхана ісін қолға алған

24.04.2023

696

0

«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Бұл тұста жалағаштық жас кәсіпкер Сырым Жұбанияздың еңбегін мақтанышпен айтуға болады. Кәсіпкер осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын үйінің ауласынан шағын цех ашып, нан өнімдерін дайындай бастады. Осылайша Сырым бүгінде кент тұрғындарын тандыр нанмен қамтамасыз етіп, жалағаштықтардың алғысына кенеліп отыр.

Оның наубайхана ашып, кәсіп бастауына, жастық интузиазм мен еңбек етуге деген құлшынысы сеп болған. Екі қолға бір күрек іздеп, жұмыссыз жүрген шағында Сырым қаладағы ағасының наубайхана цехына барып, бос уақытын құр өткізбей бұл кәсіптің қыр-сырына қанығады. «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсілді жақсы түсінген ол үйренген ісін туған өңірде кәсіп қыл­ғанды жөн көреді. Нан пісіру тек нәзікжандылардың жұмысы деп сө­гер­міз, десе де Сырым көп ойлан­бай өзінің азын-аулақ қара­жатына нан пісіретін тандыр пеш, керек жа­рақ­тарын, бас­тапқы ұн, тұз секілді шикізат қорын қалыптастырады. Сөйтіп 2021 жыл­дың күзінде кәсібін бастайды.

– Жалағашқа тандыр нан Терең­өзектен келеді, жалпы, кентте нан пісіретін кәсіпкерлердің қатары жоқ­тың қасы. Оның қасында ауылдық елді мекендерді айтпай-ақ қойыңыз. Негізі отбасымызбен дас­тарханда ыстық, балғын нанның бол­ғанын қалаймыз. Тек біз ғана емес деп ойлаймын. Десе де балғын нан өнім­­дері кейде дүкен сөрелерінен табыл­май жатады. Осындай тап­шы­лықты көзіммен көргесін, наубай­хана ашу ойыма келе қалды. Ойымды от­басыммен бөліскенімде, олар да дереу қолдай жөнелді. Сөйтіп «Али­нұр» деген атпен жеке кәсіп аштым. Жасыратыны жоқ, бас­тап­қыда бар­лық жұмыстарды бір өзім ат­қа­руы­ма тура келді. Күніне 2 қап ұннан бас­тадым, бірақ бүгінде 4-5 қапқа жеткіздім. Қазір жанымда кө­мекшім бар. Қамыр илеуді түнде бастап, таң ата тандыр пешке сала­мыз. Шүкір, өнімдеріме сұраныс бар. Ыстықтай дүкендерге өткіземін. Мы­салы, мен пісірген тандырды орта­лықтағы «Қаракөз» дүкенінің сөре­лерінен көре ала­­сыздар, – дейді жас кәсіпкер.
Қиындыққа мойымай, келешек­тен үміттенген кәсіп иесі жыл өткен сайын алға қадымдап дамып келеді. Олай болары да заңдылық, өйткені күні-түні осы шаруаның соңында жүр. Тұрақты тұтынушылары да қалып­тасып үлгер­ген. Наубайхана қуаттылығы күніне 450-500 дана тандыр нан пісірсе, әр данасын дүкендерге 110 теңгеден өткізеді.

Цехқа келетін болсақ, тандыр пешті Түркістан қаласынан әкеліп ор­­натқан, газбен қызады. Наубай­ха­нашы осы технологияны құп көріп отыр. Өйткені қауіпсіз әрі эко­ло­гия­лық таза.

Іскер азамат ұнды облыс орта­лығынан алдыртады. Сондай-ақ цех ішінің тазалығына ерекше көңіл бөледі. Кәсіпкер жұбайы екеуі өндіріс орнын күніне екі мезгіл тазалауды міндеттеп қойған. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері де келіп тұрады екен. Жалпы, наубайхана барлық санитарлық талапқа сай.

Иә, ас атасының дайындалуы асқан еңбекті талап ететіні тұты­нушыға беймәлім болары мүмкін. Өйткені бастапқыда қиындықтар мен шаруаның шатқаяқтаған тұсы да болыпты. Кейде жұмысшылар та­был­май қалатын кездер де болған. Ондай жағдай туындай қалса, бі­лекті түріп, өзі кірісіп кетеді екен.

– Мұның барлығы әр істі бастар кезде кәсіпкердің басынан өтетін жайт екенін жақсы түсінемін. Табыс­қа жетудің бірден-бір кілті, ол – төзім­ділік. Қандай жұмыс болса да ауыр-жеңіліне қарамау қажет. Ал несібе өздігінен келе бермейді ғой. Ең бас­тысы, жоспарым мен нақты мақ­са­тым бар, – дейді ол.

Иә, «Еңбек түбі – бейнет емес, зейнет» деген осы болса керек. Кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байла­нысты алдағы уақытта кәсібін кеңей­туді жоспарлап отыр. Қазір нанның бір түрі, яғни тан­дырды ғана пісірсе, келе­шекте өнімнің бірнеше түрін шығаруға ниетті. Мәселен, қара нан, батон, тәтті тоқаштар, самса секілді ұн өнім­де­рін өндірмек. Ойы жүзеге асып жатса, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту ойында бар. Цех орнын да үй ауласынан бөлек аймаққа ауыс­тырмақ.
Қосымша жұмысшы мен нан пі­сі­ретін құрал-саймандар алып жатса, қазіргі ғимарат тарлық етеді.

Әрине талаптанып отырған жас іскер аза­матқа қаржылай көмек демеу бол­­маса, артық болмайтыны бел­гілі. Өйткені нан илейтін миксер, тандыр пеш секілді наубайхана құ­рал­дары қыруар ақша тұрады екен. Қуан­тар­лығы, бүгінде жұмыс істеймін деген адамды мемлекет әрдайым қол­дауға дайын, тек нәтижеңді көр­сет. Сондықтан кәсіпкер ойының орын­­далатынына күмәніміз жоқ, ең бас­тысы, Сырымның сүйікті ісіне деген сенімі мен іс-әрекеті нық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: