Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Бейсенбі, 22 мамыр, 01:15

Облыс әкімі: Балалардың қауіпсіздігін сақтау – біздің негізгі міндетіміз

21.05.2025

16

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Үкімет отырысында талқыланған оқу жылының аяқталуы, каникул кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиын өтті.

Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

«Үкімет басшысы мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Білім басқармасының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқу жылын сәтті аяқтау, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру. Бұдан бөлек, бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Іс-шарада оқушылардың жыл бойғы жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі кеңінен насихатталып, марапатталуы қажет.

Дегенмен, ысырапшылыққа, даңғазалыққа жол берілмеуі тиіс. Жас жеткіншектерімізді бүгіннен бастап ұқыптылыққа, қарапайымдылыққа, мәдениеттілікке тәрбиелеуіміз керек. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, аниматор, мерекелік агенттік, жеке студия тарту, мерекелік дастархан ұйымдастыру, мектеп әкімшілігі мен ұжымына сыйлыққа қаражат жинау сияқты ысырыпшылықты болдырмау үшін қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын.

Облыстық полиция департаменті соңғы қоңырау, аттестат табыстау өтетін күндері білім беру ұйымдары аумағында тұрақты кезекшілік ұйымдастырып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын күшейтіңіздер. Оқушылардың жалға берілетін автокөлікпен экскурсия, кортеж ұйымдастыруының алдын алу қажет. Бұл жұмыстарға қала, аудан әкімдері де жауапты. Жұмысты бірлесіп ұйымдастырыңыздар. Балалардың қауіпсіздігін сақтау – біздің негізгі міндетіміз», – деді Н.Нәлібаев.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 4 шілде аралығында Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу пункттерінде өтеді.

Облыс әкімі осы күндері тест тапсырушылардың ата-аналары, туған-туыстары орталыққа көптеп баратындықтан, дайындықты алдын-ала ескеруді жүктеді. Шатыр тігіп, биотуалет орнатып, тұрғындарға жайлы жағдай жасау керек.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне соңғы қоңырау, аттестат табыстау, тестілеу өтетін күндері төтенше жағдай, оқыс оқиға орын алмауын қамтамасыз ету тапсырылды.

Денешынықтыру және спорт, мәдениет басқармаларына, қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өңіріміздегі спорт ұйымдарында, денешынықтыру-сауықтыру кешендерінде, театр, музей, өнер мектептерінде балалардың бос уақытын тиімді өткізудің жоспарын әзірлеп, тиісті шаралар ұйымдастыру міндеттелді.

Балалардың жазғы лагерін ұйымдастыру бойынша да жұмыстар айқындалды. «Жазғы демалыспен қамтылатын балалардың жолдағы қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстау қажет. Балаларды жеткізу кезінде міндетті түрде жол-патрульдік полиция қызметкерлері сүйемелдеуі тиіс. Жауапты инспекторларды бекітіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.

Жиын соңында балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстау бойынша да тапсырма берілді.

лыс әкімі Балалардың қауіпсіздігін сақтау – біздің негізгі міндетіміз 1.jpg
лыс әкімі Балалардың қауіпсіздігін сақтау – біздің негізгі міндетіміз 2.jpg

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: