Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жұма, 19 сәуiр, 19:10

Өмір жолы өнеге

15.11.2022

267

0

Сөз кезегі өзінде, сондағы айтқандары: Қайран, балғын балалық шақ! Өмірдің өткелдерінен өз күш-жігерімен өтіп, ақыл тоқтатқан адам осы бір бейкүнә бақытты кезеңді ет жүрегі елжірей еске түсірері анық. Адамның қайта айналып келмейтін осы алаңсыз шағы оңашада ойға шомғанда бұлдыраған сағыныш сағымынан бірте-бірте айқындалып, алыстан талып жеткен бала кездің бейнелері түйдек-түйдегімен көз алдыңа келеді. Осындайда көңіл төркінінен мәңгі орын алып қалған балаң әскерлер туралы, шексіз мейірімі мен шапағатын төккен асыл да аяулы апаларым мен әжелерімнің аялы алақаны туралы ой бөліскім келеді.

Сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдары, оның оқиғалары әлі есімде. Мен Қызылорда қаласының жанындағы колхоз мектептерінде білім алдым. Одан кейін қаладағы гидромелиоративтік техникумда оқып, Ленин мектебінің 10-шы сыныбын кешкісін оқып бітірген болатынмын.
Қазақы тәрбиеде әжелер мен аналардың қаншалықты маңызды орын алғанын ешкім теріске шығара қоймас. Дәстүрлі қоғамда ер азаматтың іс-әрекеті қашанда түзде өтсе, бүкіл үй шаруашылығы мен ержеткенге дейінгі бала тәрбиесі әйел-аналардың мойнында болды. Аналар ауылдағы ағайынның ырыс-берекесінің ұйытқысы болды.
Қазақы апалар, әжелер мен аналардың бейнесі заңғар жазушымыз Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Зере мен Ұлжанның кейпінде тамаша берілді емес пе?! Бүгіндері дәстүрлі ұлттық тәрбие деген ұғымды жас ұрпаққа халықтық салт-дәстүрлерді үйрету аясында ғана шектеп жүрміз. Шын мәнінде бұл – ауқымды ұғым. Дәстүрлі қазақ қоғамында зерделі жасты жан-жақты дамытудың, сөйтіп оны зиялы азамат етіп қалыптастырудың өзіндік жүйесі болған. Бұған зердесін байыту, еркін ойлай білуді қалыптастыру, жады мен тәнін шыңдау, көкірегіне ізгілік пен даналық дәнін егу, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар туралы түсінік қалыптастыру, өнер мен білімге баулу сияқты мақсаттар енген.
Міне, бұл қазақ халқының дәстүрлі зиялылары мен ғалымдары өсіп шыққан ұлттық-гуманистік тәрбие мектебі еді. Қазіргі заманда дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтарын батыс өркениетінің либералды-демокартиялық құндылықтарымен үйлестіру біздер үшін өте өзекті мәселе. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі уақытта ұлы даламызға дендеп енген батыстық өркениет сәулесі қазақтың дәстүрлі зиялы қауымына оң ықпал етіп, олардың жаңа тұрпатты өкілдерінің рухани жағынан көптеп өсіп шығуына жағдай жасағанын ешбір ұмытуға болмайды. Оған өткен ғасырдың 40-50 жылдардағы жастардың ертерек есеюі мен рухани жағынан шыңдалуы кепіл.
Иә, біздің замандастарымыз тәрізді менің де балалық шағым өткен ғасырдың 40-50 жылдары Сыр бойындағы қиын-қыстау күндерге, ашаршылықты, қуғын-сүргінді, қиямет қырғын соғысты бастан кешірген жылдарға дөп келді. Аумалы-төкпелі осы заманда бала дүниетанымы мен бақытына ықпал етіп, оның жақсы азамат, тұлға болып тәрбиеленуіне әсерін тигізген, өмірім мен санамда өшпес із қалдырған апаларым мен әжелерім туралы сөз қозғағым келеді. Әруағы ырза болғыр, бұлар Қатира және Тазагүл апалар, Рысты, Мәрия және Бибінұр әжелерім болатын.
Ол кезде педагогтық институттың «Физика-математика» факультетіне түсіп, онда өте жақсы оқып, Сталиндік стипендия иегері болдым. Бұл бір керемет заман болатын. Осы оқу орнын бітіргенімізден бері қандай оқиғалар болды десеңізші!? «Елу жылда ел жаңа» демекші, шын мәнінде еліміз түбірінен жаңарып, тәуелсіз ел болдық. Оған шүкіршілік етеміз.
Мен текті, діни сауаты бар өз анам Рыстыны әже деп атадым. Өйткені бала тұрмағасын осылай атауды бәрімізден өзі өтінген. Бұл да болса қазақы ырымның бірі болса керек. Әкем Нысанбай екеуі қосақтасып өмір сүргенде анамыз 17 құрсақ көтеріпті. Солардан екі-ақ қыз қалған, менің апатайларым –Үміт, Қатира, қалғандары өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық тұсында шетінеп кете берген.
Ел басына төнген бұл зобалаңды бастан кешпеген қазақ отбасы кем де кем. Сталин қалыптастырған то­та­литарлық режимнің Қазақ­стандағы орындаушысы Голощекин болды. Еріксіз жаппай күштеп ұжымдастырудың, индустриялан­дырудың нәтижесінде күнкөріс көзінен айырылған қазаққа қолдан жасалған бұл нәубетті тұтас ұлтқа қарсы геноцид деп бағалауға болады. Болмаса сол кездегі саясатты ақсақалдар «жүнін жұлған тауық өзіңе қайтып келеді, қуатты ел бағынбайды, қуатсыз халық қана бағынады» деген астармен түсіндіретін. Тәуелсіздік тұсындағы тарихи сананы қайта қалпына келтіру мақсатында ұлттық тарихты жандандыру барысында талай ақ-таңдақтың беті ашылып, бұл сойқанның да ақиқаты анықталды. Табиғи материалдық ресурстар мен мал шығынын айтпағанда, белгілі демограф ғалым М.Тәтімовтің есептеуінше, қазақ халқының жартысына жуығы аштан қырылды. Бұл нәубет қазақ тарихының қасіретті беттерінің бірі ретінде сақталып қалған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да асып түскен зұлмат болды.
«Азық даярлау, мал даярлау, жүн даярлау, тәркілеу деген науқанмен барлық мал-мүлкінен айырылып, аштыққа тап болған халық бас сауғалап Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты Орталық Азия республикаларына қарай үдере көшті. Тіпті Түркіменстан, Иран, Ауғанстан, Қытай асқандар да болды. Жолшыбай нәр татпай, қалжырап өлгендердің мәйітін көмусіз қалдырып кете берген осы дүрмектің қатарында біздің отбасымыз да болған. Әкем Нысанбай мен Рысты анам балаларын жетелеп Өзбекстанға ауды. Бұл қасіретті сапардағы сұмдық оқиғаларды (есектің етін жегенді, құрт-құмырсқа жегенді, далада торғайдың тұқымын іздегенді, баласынан безіп кеткенді және т.б.) бала кезімде әжемнің ауызынан талай естідім. Менің ата-анам жат-жұртқа жерсіне алмай, туған еліне қайта оралады, бейнеті көп, зейнеті жоққа жақын колхоз жұмысына орналасады. Балалардан Үміт пен Қатира апаларым ғана тірі қалды.
«Баласыз ата – тұл» демекші, артына тұяқ қалдыруды армандамайтын қазақ бар ма, сірә?! Менің ата-анам да бала тұрақтамағасын сол маңайдағы әулие-әнбиелерді жағалап, әруақтардың басына түнеп, құдайдан жалбарынып ұл сұраған. Аласапыран заманда алда не күтіп тұрғанынан күдіктенгені де болар, ұрпақ жалғастығын әкем де, шешем де уайымдаған тәрізді. Қамкөңіл пенделерінің мұңына құдай құлақ асты ма, 1937 жылдың 10 қарашасында мен дүниеге келіппін, артымнан інім Мәлік өмірге келді. Сол жылы астық, қауын-қарбыз бітік шығып, өзен-көлдерде балық мол болып, Нысанбай әулетінің жағдайы да түзеле бастады. Рысты әжем де мұны жақсы ырымға балаған.
Алайда жадау көңілге медет болған бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Кеңестік идеология еркіндік пен бөтен ойлаушылықты аяусыз жазалап, бодандық пен тоталитарлыққа көнбіс сананы тәрбиелеуге тырысты. Қуғын-сүргін жылдары халықты ұлт ретінде ұйытуға тырысқан қазақтың бетке ұстар қаймақтары қамауға алынып, жер айдалып, атылып кете барды. Кеңестік саясатты жергілікті жерлерде кеше кісі қолына су құюға жарамай жүрген сауатсыз жарлы-жақыбайлардан шыққан шолақбелсенділер жүзеге асырды. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген ұранды жамылып, бұл ұрда-жық белсенділер өктемдік пен зорлық-зомбылықтың, жалақорлықтың түр-түрін көрсетті.
Менің әкем Нысанбай да осы саясаттың құрбанына айналды. Ұжымның төрағасы Жүзелбай деген кісі өрмінезді, әділетсүйгіш Нысанбайға бұрыннан тісін қайрап, ұрымтал сәтті күтіп жүрген екен. Ұлы Отан соғысы басталар шақта «Германия Кеңес Одағын жеңеді» деп айтты деген жалған жаламен «халық жауы» ретінде әкемді ұстатып, ақырында ол Термез қаласында атылып кетті. Қызылорда қаласының жанындағы Қарауылтөбе колхозында тұратын әкемді түнде алып кеткені, әжемнің жылағаны еміс-еміс есімде қалыпты. Ол мені «әкең таяуда қайтып келеді» деп жұбатқанымен, оның хабарын бірнеше жылдан кейін соғыстан соң тоталитаризм тозағынан босап шыққан әкеммен бірге болған адамнан естідік. Шарасыздық пен өкініш өзекті өртеді, амал қанша?! Әкемнен мен осылайша айырылдым, кейінірек мектепте оқып жүргенімде «халық жауының ұлы» ретінде көрсетілген қорлыққа іштей қарсыласа жүріп, ақырында Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген кезімде Литвадан келген досым Альберт Райкебас екеуміз жабылып КСРО Бас прокуроры Руденкоға хат жаза жүріп, әкем Нысанбайдың есімін жаладан тазартып, ақтап алдым. Менің ғалым болуыма себеп болған ғылыми кітаптар жазу арқылы әкеме мәңгілік ескерткіш қою болатын. Ол жөнінде тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығына байланысты «Тамаша адамдар ғұмыры» сериясы бойынша орыс тілінде жарық көрген профессор Грета Соловьева мен Сергей Колчигиннің «Әбдімәлік Нысанбаев» атты көлемді кітапта және қырық минуттік «Философ Нысанбаев» фильмінде кеңінен айтылған.
Қазақтың басына төнген қара бұлт аштықпен, қуғын-сүргінмен сейіле қойған жоқ. Бүкіл адамзатты дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Ажал сепкен сұм соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады. Әрбір қазақ отбасындағы бас көтерер ересек адамның барлығы дерлік соғысқа аттанды. Қара жамылған шаңырақ қалмады.
Осылайша менің балалық шағым соғыс жылдары әкесіз, әжем мен апамның қамқорлығындағы тәр­биемен өтті. Әйел тәрбиесін көрген баланың психологиясы, дүние­та­нымы, құндылықтар жүйесі өзгеше болады екен. Әдетте кез келген баланың күтетін асқар тау секілді әкелік қорғанды, сүйеніш пен тіректі, әжелердің мейірлі жүрегі мен аялы алақаны айырбастады. Бұл да біздің замандастарымыз бастан өткізген сол қиын-қыстау уақыттың бір белгісі еді. Осының өзі адамды жастайынан өмірмен бетпе-бет келгенде өз бетінше шешім қабылдап, өз отбасыңды қызғыштай қорғап, оның өміршеңдігін қамтамасыз етуге итермелеп, батыл әрі ақылды әрекет етуге тәрбиелейтін тәрізді. Мен өз басым Алла жаққан отты адам үрлеп сөндіре алмайтынына тәнті болдым.
Соғыс жылдары да, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да ауылдағы ауыр еңбекті әйелдер арқалады. Әжем Рысты кезінде Жалағаш төңірегінде аты елге өткір әділдігімен, туралығымен танымал болған Қондыбай бидің қызы болған. Қондыбай бидің әйелі Жібек анамыз қызы Рысты тұрмыс құрарда жасауына қосып, алда-жалда балаларың үшін жаратарсың деп шағын бір дорба алтын, бір дорба күміс теңге берген екен. Оны әжем ұнның ішіне тығып ұстаған. Николай патшаның дәуірінен қалған бұл теңгелерді мен де көрдім. Аштық жылдары бұларды әжем қажетіне жаратқан. Содан қалғандары соғыс жылдары да кәдеге асты. Есімде қалғаны әжем есекке мініп алып, теміржол бойындағы орыс әйелдеріне барып, тіл білмесе де сол алтын-күмістерді нанға айырбастап жүретін. Алтын-күмістің де қадірі қалмай, талғажау ететін ас табу мұң болған заман ғой. Сол кездері шыққан «алтын, күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөздің төркіні осыны білдірсе керек.
Рысты әжем мен Қатира апам колхозда күні түні еңбек ете жүріп, мені де жастайымнан әділдікке, парасаттылыққа, қайсарлыққа, еңбек­қорлыққа, қиыншылықты же­ңуге үйретті. Бұл Қызылорда қаласы маңындағы Қызылжарма деген каналға жақын жердегі «Коо­ператор» колхозы болатын. Қарша­дайымыздан беліміз бүгіліп отын арқаладық, малға қарадық, диірмен тарттық, егінді күттік, күбі пісіп, келі түйдік. Үйдің жанынан қоралап картоп, пияз ектік, базарға сатып күн көрдік. Мылтықты алып, кейде сонымен аң-құс ататынбыз, оның етін тамақ ететінбіз.
Жұрттың айтып жүрген бойымдағы бір қасиетім тазалық, дарындылық, қиындықты жеңе білу, қажырлылық, тынымсыз еңбексүйгіштік болса, онда ол осы Рысты әжемнің ақ сүтінен және сіңірген жүйелі тәрбиесінен болуы керек. Ол кісі кез келген істің көзін тауып, тындырымды жұмыс істеп бітіруді, еріншектік пен жалқаулықтан бойды аулақ ұстауды үйретті. Әжеміз бізге бірыңғай шапағат шуағын төгіп қана қоймай, әкенің аңсап кеткен арманын, үмітін ақтау үшін сапалы білім алуды және еңбектенуді талап ететін, шектен тыс еркелікті жазалап та қоятын. Кейде диірмен тартып отырғанда, балалыққа, ойынға салынып, бидайды көбірек салып, алаңдап ұнды бұзып алатынбыз. Сондай кездері қатаңдықтың да дәмін татып қоятынбыз.
Анамның күш-қуаты мол, ерік-жігері мықты болатын, оның негізгі мақсаты екі ұлы Әбдімәлік пен Мәлікке ұлттық тәрбие, мүмкін болғанынша сапалы білім беру, оларды еліміздің қажырлы азаматтары етіп өсіру еді. Ол арманы іске асты, екі баласы танымал азамат болып өсті. Екеуі де халқына сыйлы, Аллаға шүкір, тамаша ұл-қыздары, немере-шөберелері бар отбасылар.
Соғыс жылдары және соғыстан кейінгі жылдары тұрмыстың ауыр тіршілігін арқалай жүріп, мектепті де өте жақсы оқыдық. Тұрмыс тауқыметі де, жоғарыда айтып кеткендей, «халық жауының баласы» ретіндегі шеттету де, әдетте жас балаға тән болып келетін көп білуге және даналыққа деген құштарлықты, тануға деген үздіксіз қызығушылықты өшіре қоймады.
Мен аурушаң болып өстім. Қазақ даналығының бір қайнар көзі – оның емшілік өнерінде, ұрпақтың саулығын сақтау өнегесінде, салауатты өмір сүру үлгісінде. Денсаулық қамын көздеу адам баласына туғаннан біткен инстинкт, денсаулықты сақтау мен жақсарту елдіктің де, емдіктің де белгісі емес пе? Халыққа тұтастық, емшілерге қауымдастық, қашанда қажеттілік болып қалмақ.
Институтты бітіргеннен кейін маған дәріс берген Ә.Тәжмағанбетов, Е.Махмутов, И.Бекбаев, Ә.Ораза­лиев, Ж.Беркімбаев, С.Сар­ма­нов, С.Елубаев, Ж.Сәтбаева сияқты бі­лікті де дарынды ұстазда­рымның қолдауымен арнайы жолдамамен Алматыға Қазақстан ғылым акаде­миясына жіберген бо­латын. Ол кез­де академияға қызмет істеу деген үлкен мақтаныш еді. Өйткені ғылыми инновациялық Сәтбаев заманы болатын.
Сонымен менің болашақ ғылыми жұмысыма мынадай себептер әсер етті. Алматыдағы ғылыми ортадағы Орынбек Жәутіков, Жабайхан Әб­діл­дин, Лев Науменко, Мамия Бака­нидза сияқты дарынды ғалымдар маған өз әсерін жақсы байқатты.
Мәскеудегі ұстаздарымды ерекше айта кетуге тиіспін. Солардың ішінде сол кездегі одақтағы жаратылыстану философиясымен айналысқан, бір­ден-бір атақты ғалым, профессор И.В.Кузнецов – осы саладағы алғашқы аяқ алысыма зор ықпал еткен адам. Менің Мәскеудегі аспирант кезімдегі ғылыми жетекшім болатын. Сондай-ақ Э.В.Ильенков, Б.М.Кедров, В.С.Готт, В.С.Тюхтин, Г.И.Рузавин, В.А.Лекторский, В.С.Степин секілді көрнекті ғалымдардың алдын көру философиядағы өз жолымның қалып­тасуына үлкен ықпалын тигізді. Аспирантураны ойдағыдай қысқа мерзімде тәмамдағаннан кейін 1965 жылы Алматыға қайта оралдым.
Мен білім мен ғылымда үздіксіз елу жылдай еңбек етіп келемін. Осы жылдары 600-ден астам ғылыми жұмыс, қырықтай кітап жарыққа шығардым. Олардың ішінде 75-тен астамы әлемнің жиырма бес тілінде (Ресейде, АҚШ-та, Қы­тайда, Германиядан, Түркияда, Иранда, Вьетнамда, Тәжікстанда, Белоруссияда, Украинада, Болга­рияда, Польшада, Венгрияда және тағы басқа елдерде) жарық көрді. Менің ғылыми жетекшілігіммен көптеген кадрлар диссертациялар даярлап, философия, социология, мәдениеттану, саясаттану бойынша халықаралық танымал ғылыми мектеп құрдым.
1997-2003 жылдары тәуелсіз ел­дің «Қазақстан» атты ұлттық энци­клопедиясын даярлау мақ­са­тында Қазақ энциклопе­диясы­ның бас ре­дакторы қызметін Философия және саясаттану иснти­тутының дирек­торлығымен қоса атқардым. Егемен елдің ұлттық энциклопе­диясының алғашқы төрт томы менің ғылыми бас­шылығыммен және тікелей қаты­суыммен жарық көрді.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жоба бойынша 20 томдық «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» және 10 томдық әл-Фараби шығармалар жинағы менің ғылыми басшылығыммен және тікелей қатысуыммен тұңғыш рет жарық көрді. Сөйтіп егемен қазақ елінің өзіміздің мемлекеттік тілімізде 50 томдық философиялық мұрасы бар халықпыз. Бұл – тамаша рухани-мәдени құбылыс және теңдесі жоқ ғылыми жаңалық, байлық.
Халық пен мемлекет тарапынан еңбегім жоғары бағаланды. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының (1984), Шоқан Уәлихановтың бірінші сыйлығының (1974), Халықаралық түркі әлемі сыйлығының (2006) лауреаты атандым. Қазақстан ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер (1994), Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты (1998), «Достық» (1998) және «Парасат» (2004) ордендерінің иегері атандым. Көптеген елдің құрметті профессоры, академигі, құрметті азаматы атағын алдым.
Данышпан қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» дегендей, мен бұл дүниеде қанша қиналған адамға қол ұшын беріп көмектестім, жақсылық жасауға тырыстым, қанша жастар менен білім алып, үлкен кеңбайтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етуде. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­гогикалық университетінде, Қа­зақ мемлекеттік педагогикалық қыз­дар университетінде, «Қай­нар» университетінде, Қытай Халық Республикасының Ухань қала­­сын­дағы Хуажон ғылым және техно­логия университетінде, М.В.Ломо­но­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде, Түркия­ның Анкара уни­верситетінде дәріс оқыдым, дис­сертациялық жұмыс­тарға ғылыми жетекшілік еттім. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қысқаша философия тарихы», «Философия», «Социология», «Сая­саттану», «Адамға қарай бет бұрсақ», «Батыс философиясы», «Шығыс философиясы», «Введение в теорию гендера» атты оқулықтар мен оқу құралдары, қоғамдық-гуманитарлық және математикалық-жаратылыстану бағытындағы орта мектептің 10 және 11 сынып оқушыларына арналған «Қоғамдық білім негіздері», «Адам және қоғам» оқулықтары мен хрес­томатияларын дайындауға қа­тыс­қанмын.
Енді оның ғылым жолындағы қолы жеткен ғылыми атақтарымен марапаттарын айтсақ, 1964 жылы 24 желтоқсанжа Мәскеу қаласындағы Философия институтында «Зна­чение принципа соответствия для расқрытия природы Истины в математике» тақырыбында дис­сер­тация қорғап, философия ғы­лымының кандидаты деген атақ алды. 1975 жылы 17 қаңтарда «Диалектико-логические принципы синтеза и развития математического знания» тақырыбында диссертация қорғап, философия ғылымының докторы болды. 1986 жылы 22 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғары Советінің «Құрмет» грамотасымен наградталды. 1989 жылы 17 сәуірде Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі болып сайланды. Ха­лық­­­аралық информатизациялау ғы­­лы­мының академигі, Ресейдің қо­­­ғамдық даму академиясының ака­демигі, Украинаның саяси ғылымдар ака­де­миясының ака­демигі, «Шоқан Уалиханов» атын­дағы сыйлықтың лауреаты, Ғылым және техника са­ла­сындағы Қа­зақстан мемлекеттік сый­лығының лауреаты атанды. Оның же­текшілік жасауымен 60 ғылым докторы, 100 ғылым кандидаты дайындалған. 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 75 еңбегі әлемнің 25 тілінде жарық көрген. Англияның Кембридж институтының профессоры атағын алған.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: