Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 09:54

Өнегелі отбасының қос бәйтерегі

10.09.2024

267

0

Рәзия әжей 18 жасында Ақсудағы Аппазовтар әулетіне келін болып түсті. Ол үй шаруасы мен дала жұмысын қатар алып жүрді.Совхоз фермасында сауыншы болып ауыл жұмысына кірісіп кетті. Өзі де еңбек десе, жанары оттай жанып, бейнеттен қашпайтын. Көзін ашқаннан ата-анасы да оны еңбекке баулыған. Оның үстіне малсақтығы тағы бар. Кішкентай төлдерге сүйсіне қарап, сауырынан сипайды. Тепсініп тұрған асау сиырлар да өзін көрсе, жуасып қалады. «Қайнаған тірлік сауынбазда ғана шығар» деп ойлайды өзі ішінен. Мал жүрген жер береке ғой. Сүті қандай қою. Қатығы, айраны, сүзбесі, сары майын айтсаңызшы. Сол ағарғанның қадірін жастайынан білгесін ба, осы кәсіпке әбден бойы үйренді. Оны тастағысы жоқ. «Аллаға шүкір» дейді іштей. Бәріне үлгерді.

1970 жылы Жалағаш ауданы Ақсу сов­хозының жігіті Оңғар Аппазовпен шаңы­­­­­рақ көтерді. Сол жылдан бері табаны күректей 52 жыл өтіпті. Өткен өмір көр­ген түстей зырғып барады. Бұл – біздің кейіпкеріміздің ішкі жан сарайынан шық­қан өмір өткелдерінің сипаты. Біз­дің әңгі­меміздің кейіпкері – шынында осын­дай қай­ратты да қажырлы жан. Рәзия Аппа­зова 1952 жылы 25 қазанда Шым­кент облысы Түркістан ауданы Кен­тау қа­ласында дүниеге кел­ген. 8 жылдық сы­ныпты тәмамдап, СПТУ-да 3 жылдық білім алған.
Тұрмыс құрған 1971 жылы өз еңбек жолын сауын­шылықтан бастады. Араға алты жыл салып, Рәзия­ның та­бан­дылығы мен сауаттылығын бай­қа­ған жерлестері оны қолдап, 1977 жылы маусым айында Қазақ ССР-ның Қызылорда облысындағы еңбек­шілер депутаттарының Жалағаш ау­­дан­дық Советінің депутаты етіп сай­лайды.
Ерекше белсенділігін ба­ға­лаған бас­шылық жалынды жас сауын­­шыны 1978 жылы 30 нау­рыз­да «Еңбекте үздік шық­қаны үшін» ме­да­лімен марапаттайды. Сол жылы 2 қарашада коммунистік пар­тия мү­ше­лігіне қабылданады. 1987 жылы 7 наурызда «Коммунистік ең­бек екпін­дісі» куәлігі беріледі. 1997 жылы Ақсу өндірістік кооперативінің жеке­ше­лен­діріліп, жеке қо­жа­лықтарға бөлініп та­ра­тылуына байла­нысты жұмысы тоқ­тайды. Алайда ақты қадірлеп, өзіне табанды, еңбекті серік қылған абзал ана 2005 жылы зейнетке шығады. Сол кезеңге дейін ширек ғасыр сауыншылық жұмысын адал атқарды. Зейнетке шық­тым деп қарап отырмай, құрт, ірімшік, айран, қатық, май өнімдерін жасап сатумен айналысады.
«Күміс алқа» иегері болған апамыздың 6 перзенті бар. Құдай қосқан отағасы Оңғар ағамыз да мал шаруа­шы­лығына қол­ғабыс жасайды. Ол кісі де 16 жасынан әкесімен бірге қой бағып, еңбекпен шың­далған. Кейін зейнетке шық­қанша механизатор болып, үздіксіз ең­бек майданында жүріп, алақаны бей­нет­пен ысталған жан. Зерделеп қарап отырсаңыз, отбасындағы отанасы да, отағасы да адал еңбекпен нәпақасын тапқан адал жандар.
– Аллаға шүкір, сол кезеңде аса бар­шылық бола қойған жоқ. Бәрі тапшы, қиын кездер болған соң, қолда бар нәрсені ұқсатып, өмірге келіп жатқан бала­ларымызды асырап, ел қатарлы тіршілік етуді қалап, қандай жұмыстан да шалым екеуміз тартынбадық. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. Жұмыс таңдаған жоқпын. Ол кезде еңбек адамдарын қатты бағалап, қарапайым сауыншыны, меха­низаторды, күрішшіні тіпті жоғары советке депутаттыққа сай­лай беретін. Белсенді жұмыс жаса­ған­дар коммунистік партия қа­тарына өтетін. Сол құрметтің бәрін көрдім. Бү­гінде ұрпақтарымыздың рахатын кө­ріп отырған ақжау­лықты әжемін. Ұл-қыз­да­рымнан отызға жуық немере, он шақты шөбере сүйіп отыр­мын. Адал еңбек қашанда адам­ды рахатқа бөлейді, – дейді бақы­тын еңбектен тапқан ана.
Екі жыл бұрын Отбасы күнінде болған сал­танатты кездесуде облыс әкімі Нұр­лы­бек Нәлібаев Рәзия Аппазованы батыр ана­лар­мен бірге қабылдап, әз анаға жылы лебізін білдіріп, жолда­сы­мен отау құр­ған­дарына 50 жылдық ал­тын тойымен құт­тықтап, құрмет көрсеткен. Содан бері де олар бірнеше рет марапат төрінен көрінді.Біз де тұғыры биіктеген мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген әулетке бақыт тіледік.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: