Газетіміздің өткен санында жанар-жағармай құнының қымбаттайтынын жазғанбыз. Апта басындағы Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов дизель отыны мен бензин бағасын көтеру қажеттігілігінің себептері туралы, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын шетелге заңсыз шығаруға жауапкершілікті күшейту жоспарлары туралы айтты.
Премьер-Министр қазақстандық отынды көрші елдерге заңсыз шығаруға әлемдік нарықтағы ахуал ықпал етіп отырғанын атап өтті. оның сөзінше, көрші елдерде дизель мен бензиннің бағасы айтарлықтай жоғары.
– Ашық экономика жағдайында тауарлар бағасы қымбатырақ елге қарай өтеді. Әрине, біз шекараны жаба аламыз. Негізінде бізде жанар-жағармай материалдарын теміржол және автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл бағаны тежеуге айтарлықтай әсер етіп отыр. Егер мұндай тыйым болмаса, онда жанар-жағармай материалдарының шығарылуы бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді. Бірақ кез келген тыйым салу шаралары уақытша ғана әсер етеді, ұзақмерзімді перспективада олар тиімсіз, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта шекарада жанармайды заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. Ол көлікке қосымша жанармай бактары орнатылып, адамдар жанармайды тіпті канистрлерге құйып шығарып жатқанын айтады.
– Әрине бәріне айыппұл салып, жауапқа тартуға болады. Біз мұндай қадамдарды қолға алып, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар заңсыздыққа жол ашатын экономикалық қызығушылықтарды төмендетуіміз керек, яғни баға алшақтығын қысқарту керек, – деді Премьер-Министр.
Айта кетейік, 31 қаңтардан бастап Қазақстан аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып кетудің 288 дерегі тіркелген. Ел аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынған сәттен бастап, мемлекеттік кірістер органдарымен мұнай өнімдерін үшінші елдерге заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған, олар бойынша сотпен 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны тәркіленген.
ЕАЭО мемлекеттерімен шекарада 63 мың литрден астам (63820 л) жанар-жағармай өнімдерін шығарудың 194 фактісі анықталған. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жоғарыда көрсетілген тыйым (31.01.2023ж.) күшіне енген күннен бастап, электрондық декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде мұнай өнімдерін кедендік декларациялауға жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдаған. Осы шектеуге қатысты әкімшілендіру жұмыстары тұрақты негізде алты айлық тыйым салу кезеңінде жүзеге асырылады.
Бүгінде өңірлік штабтарға жасанды жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін мұнай базаларына тексеру жүргізу тапсырылды. Жалпы ел бойынша дизель отынының жиынтық қоры 308,56 мың тоннаны құрайды, бұл 1 қаңтардағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық. Сонымен қатар кейбір өңірлерде жекелеген жанармай құю станцияларында дизель отынын сатуда шектеулер байқалады. Осыған байланысты ЖЖМ ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін өңірлік штабтарға (ЖАО, БҚДД, МКД, ЭТД, ТМРД) ЖЖМ жасанды тапшылығын тудырмау мақсатында өңірлік мұнай базаларын комиссиялық тексеру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Бұзушылық фактілері болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе доминантты әрекеттері бойынша тергеу жүргізу тапсырылды.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!