Абай облысында тағы да өрт тұтанды. Бұл жолы Бесқарағай ауданында. Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдегендей, «Шошқалы» демалыс аймағынан шыққан өрт 350 гектар аумақты шарпыған.
Шілденің 15-і күні Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданына барған жұмыс сапарынан оқиға орнына жедел жетіп, жағдаймен танысты. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында тілсіз жау жайлаған аумақ оқшауланды. Қазіргі уақытта онда сақтық шаралары күшейтілген.
«Шошқалы» демалыс аймағы толықтай полиция мен төтенше жағдай қызметкерлерінің бақылауында. Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаевтың айтуынша, тұрғындар үшін алаңдауға еш негіз жоқ.
– «Шошқалы» демалыс аймағында орын алған өрт дер кезінде сөндірілді. Аудан әкімі Талғат Мұратов қазір сол жерде. Демалыс аймағына келушілер толықтай көшірілді. Өрт шарпыған аумаққа қатысты қосымша жаңа ақпарат жоқ. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрам мен бір тікұшақ атсалысты. Аудандағы төтенше жағдай әзірге күшінде қалып тұр, – деді Н.Ағыбаев.
Аталған аймаққа барған демалушылардың айтуынша, өрт 14 шілде кешкісін найзағай түскеннен кейін тұтанған. «Семей орманы» мекемесі де, тиісті органдар да жағдай бақылауда екенін мәлімдегенімен, қызыл жалынның қауіпі әлі де жоғары. Сондықтан өрт сөндірілгенімен, ол кез келген уақытта желдің күшімен лап ете қалуы мүмкін. Осы себептен орманды аймақ жіті бақылауда болғаны абзал деседі мамандар.
– Беген ауылынан келіп, демалушыларға аз-кем қызмет көрсетіп, кәсіп жасап жүр едік. Мына жағдайдан соң бәрімізді ол аумақтан толықтай шығарды. Дегенмен жағдай дұрысталған соң ісіме қайта кірісем деген үмітім бар, – дейді Сәруар есімді азамат.
Түйіндей айтқанда, өрт сөндіріліп, жалынның жолы кесілгенімен, оның қайта тұтануы мүмкін деген көздерімен күрес әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе қарағайлардың ұшар басындағы бұталардан басталатын жалын жел екпінімен күш алса, өте қауіпті. Бұған өткен айда Бородулиха аумағындағы 15 адамның өмірі мен 60 мың гектар орманды жалмаған алапат өртті айтсақ та жеткілікті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!